Енді қарапайым адамдар қалталылармен тең дәрежеде соттаса алады

3518

Алданып, әділдік іздеген тұтынушылар сот арқылы монополистерден 20 миллиард теңгеге дейін қаржы өндіріп, ұшан-теңіз ақшаның айдынында шалқи алатын еді.

Енді қарапайым адамдар қалталылармен тең дәрежеде соттаса алады Фото: canva.com

Елімізде сотқа топтық шағым түсіру (топтық талап қою немесе групповой иск) институты енгізілмек. Осы мақсатта қолданыстағы Азаматтық процестік кодекске өзгерістер енгізіледі. Тиісті заң жобасын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әзірледі.

Құжат қазақстандықтарды ортақ мүдделерін сотта бірлесіп қорғауға ынталандырады. Атап айтқанда, мысалы, жаңа заң жобасы бойынша топтық талап қоюшылар мемлекеттік баж төлеуден босатылуы ықтимал.

Бұл схема былайша жүзеге асады: егер шағымдану объектісі бір, немесе кездескен қиындықтары ұқсас, тағдырлас, мұңдас адамдар әрқайсысы сотқа жеке-жеке жүгінбей, топқа бірігіп, сотқа бірлесе келсе, онда "сот мемлекеттік баж төлеуді тиісті шешім қабылданғанға дейін кейінге қалдырады". Судья бұл жөнінде ұйғарым шығарады.

Аталған ұйғарымға ешкім қарсы шағым жасай алмайды, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайды. Ал сот процесі аяқталып, үкім шыққан соң, сот мемлекеттік бажды төлеуді "шешім пайдасына шығарылмаған тарапқа" артады. Яғни, тұтынушылары топ болып төмпештегенде жеңілген компания олардың бүкіл баж шығындарын да көтеруге мәжбүр болады. 

Топтық талап қою немесе Сlass action – нағыз демократияның белгісі. Ол қарапайым адамдарға алпауыт корпорациялармен, олигархтармен тең дәрежеде арпалысып, сот залындағы "ашық майданда" жеңіп шығуына, әділдікті орнатуына мүмкіндік береді. Сондықтан ол әлемдегі барлық демократиялық елдерде кең тараған.

Демократиялық, дамыған елдерде Сlass action институты өркен жаймаған саланы табу қиын. Азаматтар аса залалды жанама әсерлері бар дәріні шығарған фармгиганттарға, ақауы көп автомобильдерін асығып нарыққа айдаған автоконцерндерге, пайда табу жолында ештеңеден тайынбайтын дүниеқоңыз банктерге, тіпті жұмыс берушілерге сотта топ болып тойтарыс береді.

Бір ғана мысал, 2001 жылы аты әлемге мәшһүр Enron энергетикалық корпорациясының күйреуі аса ірі банкрот ретінде әлем тарихына кірді. Дүниежүзіндегі ең табысты, инновациялық энергетикалық компанияның акциялары биржадағы ең бір құндысы болатын, тиісінше жеке инвесторлар маңдай ақы, табан термен тапқан қаражатын соған сеніп салды.

Ірі ойыншыларды айтпағанда, төрткүл дүниедегі қаншама трейдерді, жеке инвесторларды өмірінің соңына дейін табысқа кенелтетіндей көрінген "Энрон" өз басшыларының алаяқтығы салдарынан тосыннан жайрап қалғанда, қаншама ақша оның акцияларымен бірге күйіп кетті. Егер сіз ауқаты орташа, қарапайым адам болсаңыз және акцияларға ондаған мың доллар ғана салсаңыз, не істейсіз?

Сотқа арыздансаңыз, ұзаққа созылатын сот процесі келген залалдан да көп шығынға түседі. Себебі, "Энронның" мұрасына таласқан акционерлердің азулы адвокаттары алдынан тұрған жеке тұлғаны "қайраңнан алған шабақтай, қия бір соғып ас етсе, тамағына қылқаны кетер демес еді". Ақыр соңында ол адам "байтал түгіл бас қайғы" жағдайға түсіп, қарыз батпағына батып кетуі мүмкін.

Сонда қатардағы азамат әділдік іздемеуі керек пе? Міндетті түрде іздегені жөн. Бұл үшін демократия топтық талап қоюды ойлап тапты.

Оның аясында дәл сол сияқты зардап шеккендер бірін-бірі іздеп табуы шарт. Содан соң ақырып теңдік сұрайтын, кез келгенді жығатын мықты адвокат жалдауы керек. Америкада мысалы, ірі заңгерлік конторалар немесе беделді адвокаттар топтық шағымдарға үйірсек келіп, үлкен ықыласпен келіседі. Мұны мысалы, биыл кинотеатрларға "Похороны" (The Burial) деген атпен шыққан режиссер Маргарет Беттстің кинотуындысынан және басқа да ұқсас фильмдерден көруге болады.  

Айтпақшы, "Энронға" қарсы Class action-ға біріккен, алданған адамдар 2006 жылы корпорацияның акционерлерімен сотқа дейінгі келісімге келіп, 7,2 миллиард доллардай өтемақы алды. Бұдан бөлек бірнеше банктерден 4,2 миллиард доллар өтемақы берілген. Топтық шағымданушыларды қорғаған UC Coughlin Stoia Geller Rudman and Robbins заңгерлік фирмасы 688 миллион доллар қаламақыға қол жеткізді. Бұл АҚШ тарихындағы бағалы қағаздарға қатысты алаяқтық туралы талап арыздар аясында алынған ең жоғарғы гонорар есептеледі.

Қазақстанға оралсақ, елде Бек Эйр әуекомпаниясына қарсы ұжымдық шағым түсіру тәжірибесі болды. Бірақ біріншіден, сотқа ол шағыммен азаматтардың өздері емес, меморган – Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті барды. Екіншіден, оның аясында авиакомпаниядан тек жасамаған рейстері үшін сатқан билеттерінің ақысын кері қайтару талап етілді.

Үшіншіден, бұл сала институтизацияланбаған. Яғни, жүйелі жолға қойылмаған, тетіктері регламенттелмеген.

Антимонополиялық орган сарапшыларының айтуынша, қолданыстағы қазақстандық құқықтық жүйенің салмақты бір кемшілігі сол, ол белгілі бір компанияның немесе олигополиялардың, яғни қаржылық-өнеркәсіптік топтардың залым қарекеттерінен зардап шеккен адамдардың кең ауқымына шығындарды өтеудің тиімді тетіктерін ұсынбайды.

Қарапайым мысал: әсіресе, қуат таратушы компаниялар халықты жиі алдайды: негізсіз әрі өз бетінше тарифті көтере салады, тіпті жаздың өзінде халықтан "жылу бергені" үшін ақша жинайды, басқа да күнәлары көп. Халық ХХІ ғасырда жылусыз, жарықсыз қалып, өркениеттен қол үзбеу үшін бұған амалсыз көнеді.

Содан тұтынушыларға антимонополиялық орган араша түседі. Энергетика саласы алпауыттарының негізсіз алым жинағанын дәлелдеп, ішкен-жегенін құсқызады, келесі айдың түбіртегінен шегерту түрінде елдің шығынын өндіртеді.

Сонымен бірге осы айыбы үшін әлгі алпауыттардан құн алады. Тек соңғы 1,5 жылда монополияға қарсы орган әкімшілік айыппұлдарды қоспағанда, олардың сыртында 5 миллиард теңгеден астам сомаға монополиялық кірісті бюджетке қайтаруды қамтамасыз етті.

Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта соттарда заңсыз табыстың жалпы сомасы 13 миллиард теңгеден асатын істер қаралуда.

Егер тұтынушылар топтық талап қойып, сотқа жүгінгенде, бәлкім, 18 миллиард теңгеден астам қаражатты өтемақы түрінде ала алуы мүмкін еді. Өйткені монополистердің айыбы айқын. 

"Азаматтық заңнамаға сәйкес, Қазақстанда залал келтірілген адамдардың өздері, өз бетінше өтемақы талап етуге тиіс. Әдетте, доминанттар мен монополиялар тарапынан жіберілген бұзушылықтар туралы іс бойынша жеке тұлғаның залалының сомасы аздау болып келеді. Бұл ретте орташа өтеу чегі 3-5 мың теңгені құрар еді. Алайда ол шығындар бір мезгілде адамдардың кең ауқымына – бірнеше мыңнан бірнеше миллионға дейін адамға келтіріледі", – деп түсіндірді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары.

Яғни, іс жүзінде жеке адамның сот шығындары мүмкін болатын пайдадан асып түседі де, бұл адамдарды соттасудан айнытып, қолын бір сілтеуге итермелейді. Оның үстіне тұтынушылардың басым көпшілігі өздеріне зиян келтірілгенін білмеуі мүмкін.

"Топтық талап қою институтының болмауы салдарынан, көптеген адамдар ірі бизнес бұзған құқықтарын қорғай алмайды. Бұл жағдайлар бизнестің халық алдындағы жауапсыздығын тудырады. Дамыған елдерде бұл мәселені шешу үшін ұжымдық, топтық талап-арыздар институты енгізілді. Әрбір жәбірленуші шағым берудің орнына, топтың барлық мүшелерінің атынан топтық талап арыз беріледі. Сот процесі барысында өздеріне зиян келтірілгенін біліп, оған өзге де адамдар қосыла алады. Ендеше топтық талап қою – қарапайым азаматтардың, тұтынушылардың құқығын қорғаудың қосымша кепілі болып табылады", – деп мәлім етті агенттік сарапшылары.

Заң жобасы Парламентте сүрленіп, ұзақ уақыт жатып қалуы немесе Үкімет тарапынан қайтарып алынуы да мүмкін.

Егер заң қабылданып, топ болып соттасу институты бекісе, бұл Әділетті Қазақстанды құру бағытындағы маңызды қадам болар еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу