Энергетика мен экономика көмірге тәуелді

10800

Энергетикадағы көмірдің үлесі төмендемейінше, "жасыл экономикаға" жол жоқ.

Энергетика мен экономика көмірге тәуелді

Бүгінгі таңда елдегі электр энергиясының 70%-ы, коксхимиясы өндірісінің 100%-ы, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген сұранысы толығымен көмір саласына тиесілі. Ал салада жұмыс істеп жатқан адам саны 35 мыңға жететін көрінеді.

Жалпы, көмір қоры бойынша әлемде үздік ондыққа кіретін еліміздегі 49 кен орнында шамамен 33,9 млрд тонна көмір жатыр екен. Оның 90 пайызы елдің солтүстік шығысы мен орталық өңірлерінде. 1991 жылдан бері Қазақстанда 2,6 млрд тонна көмір өндірілсе, соның шамамен 0,8 млрд тоннасы шетелге экспортталған. Тек 2018 жылдың өзінде елдің көмір өндіруші компаниялары көмір концентратын есептемегенде 113,7 млн тонна көмір өндірген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артық.

"Тау-кен өндіру, металлургия және көмір кәсіпорындарының қызметі елдің ЖІӨ-сінің 7%-дан астамына тиесілі, яғни отандық экономиканың алдыңғы қатарлы саласы болып табылады. Үкімет алдында шикізат индустриясын, табиғи ресурстарды басқару тәсілдерін, өндірістерді жаңғыртуды жүргізу, оның ішінде үздік технологиялар трансферті және заңнаманы өзектендіру есебінен сыни қайта ойлау және ұйымдастыру міндеті тұр. Бүгінгі күні Қазақстанның жаһандық мақсаттарға қол жеткізуі үшін қажетті шарттар мен ресурстар бар кезде алдымызда барлық әлеуетті іске асыру міндеті тұр", – дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.

Роман Склярдың айтуынша, көмір саласын әртараптандыру үшін көмір химиясы мен көмірді кешенді терең өңдеуді дамыту қажет.

"Бұл бағыт өнімнің тұтынушылық қасиеттерінің сапалы өзгеруін қамтамасыз ете алады және тиісінше оның нарықтық бағасын арттыра алады, ал ең бастысы, энергетикалық көмір нарығынан тыс шығуға мүмкіндік береді", – дейді министр.

Министрдің пікірінше, өткен жылыту маусымында көмір өндіруші компаниялар республикалық сұранысты 101,3%-ға орындап тастаған. Әрине, бұл бірінші кезекте үкіметтің тікелей бақылауымен жасалғаны белгілі. Өйткені бірер жыл бұрын көмір тапшылығы болғанда әлеуметтік толқу болып, сол кездегі Үкіметтің аузы күйген еді. Содан бастап жылыту маусымы кезінде Үкімет басшысының өзі мәселені тікелей қарауына алатын болған.

Министрлік қазіргі таңда көмір тапшылығын біржола шешіп, енді мәселенің қайта туындамайтынына сенімді. Осы орайда Үкімет енді көмірдің сапасына көңіл бөле бастады. Сонымен қатар, нарықтағы алыпсатарларды да жойып, бағаның қымбаттауының алдын алмақшы. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл басында өткізген Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылып, коммуналдық  қызмет ақысын төмендету туралы тапсырмасында да назарға алынған еді.

Қазақстан қазіргі таңда әлем бойынша көмір саласын дамытуда кенже қалып келеді. Яғни, көмір шикілей сатылып немесе тұтынылады. Оны ешкімнің өңдегісі, байытқысы жоқ. Мәселен, Аустралия, Германия, ОАР секілді елдерде көмірдің 80-100 пайызы байытылады екен. Дегенмен кей сарапшылардың айтуынша, Қазақстан үкіметі экономикалық жағынан тиімді болмағандықтан, көмірді байытпай отырған көрінеді.

"Жасыл экономика" саясатына орай  көмір саласын әртараптандыру жағы да қолға алынуы керек еді. 2030 жылға дейін көмірді энергетикадағы басты сектор ретінде сақтау жоспарланғанымен, одан кейін біртіндеп "лас энергияны" нарықтан ығыстыруға Қазақстан қазірден дайындалуға тиіс. Бірақ әзірге бұл бағытта белсенді жұмыс байқалмайды.

Оның үстіне, Батыс Еуропа елдері біртіндеп байытылмаған көмірді импорттауды тоқтатуы мүмкін. Осы орайда, Қазақстан әлемдік нарықта басты экспорттаушы ретінде өз орнын сақтап қалғысы келсе, ең алдымен көмірді өңдеу және байытуды қолға алуы тиіс.

Өз кезегінде SAP, Hatch, FLSMIDTH, FreeportMcMoRan сияқты ірі компаниялар отандық кәсіпорындарға цифрландыру жобаларын енгізудің табысты кейстері туралы баяндады. Киберфизикалық және роботталған жүйелерді енгізу, үлкен деректерді және индустрияның басқа да 4.0 технологияларын талдау арқылы өндірістік және көліктік шығындарды төмендету, бизнес-процестерді оңтайландыру, жаңа бизнес-модельдерді енгізу, өнеркәсіптік кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай арттыруы мүмкін екендігін атап өту қажет.

Бүгінгі күні саланың ірі отандық компаниялары цифрландыруды дамытудың өз стратегиясын қалыптастырды және қазірдің өзінде жағымды өзгерістер бар. Мәселен, Еуразиялық Топ, "Қазмырыш", "Арселормиттал Теміртау", "Алтыналмас", "Қазақмыс" корпорациясы, "Қазминералс", Өскемен титан-магний комбинаты 2022 жылға дейін жалпы сомасы 200 млрд теңгеден асатын 20 ірі жобаны жүзеге асырмақ.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу