Көмір кеніштері өндірістік жарақаттың көшін бастап тұр

8003

Еліміздегі 49  кеніште 33,9 млрд тонна көмір бар.

Көмір кеніштері өндірістік жарақаттың көшін бастап тұр

Елорда да өтіп жатқан Х халықаралық тау-кен металлургия конгресі аясында көмір өндірушілердің форумы ұйымдастырылды.

Конгресте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндама жасады. Ол көмір өндіру саласында 35 мың адам еңбек ететінін және олар ел экономикасын алға ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосып жатқанын айтты.

"Қазақстан көмір қоры бойынша әлем елдерінің ондығына еніп отыр. Еліміздегі 49 кеніште 33,9 млрд тонна көмір бар. Барланған көмірдің 90%-ы Қазақстанның солтүстік-шығыс және орталық аймақтарына шоғырланған. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 2,6 млрд тоннадан астам көмір өндірді. Оның 0,8 млрд тоннасы алыс-жақын шет елдерге экспортталды", – деді Роман Скляр.

Министрдің мәлімдеуінше, 2018 жылы көмір өндіруші компаниялар 113,7 млн тонна көмір өндіріп, 2017 жылғы көрсеткішін 5,4%-ға жақсартқан.  

"Богатырь" көмір кеніші жаңа көлік-конвейерлік технологиясына көшіп жатыр. Мұндағы мақсат – жылына 48 млн тонна көмір өндіру. "Шұбаркөл" көмір кенішінің өндірістік қуатын жылына қазіргі 9 млн тоннадан 16 млн тоннаға жеткізу үшін кешенді жоспар жасалып жатыр. "Қаражырадағы" көмір өндірісі 5 млн тоннадан 8 млн тоннаға жеткізілді. Аталмыш көмір кенішінің өндірістік қуатын арттыру үшін жаңа техника сатып алынды", – деді Роман Скляр.

Соңғы 5 жылда республика бойынша көмір кеніштерінде азаматтардың өндірістік жарақат алу көрсеткіші 49 %-ды құраған. Бұл туралы министр: "Осының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатырмыз. Адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін өндіріс орындарының барлығы ерекше назарға алынды. Тәуекелге жол бермеудің барлық шаралары қарастырылуда", – деді.

Осыдан соң ол көмір қорын қалыптастыру туралы сөз қозғап, көмір өнеркәсібін дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы оң нәтиже беріп жатқанын баяндады.

"Қазір алдағы жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, көмір нарығындағы алыпсатарлықты болдырмау мәселесін күн тәртібіне қойып отырмыз", – деді министр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу