Жаңа "Шығыс-2" кен орнынан жеті миллион тонна көмір алынды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
17290

Жарты жыл бұрын ғана бетін ашқан жаңа көмір кеніші жыл соңына дейін 7 миллион тонна көмір өндірі үлгерді.

Жаңа "Шығыс-2" кен орнынан жеті миллион тонна көмір алынды

Айта кетер жайт, бұл жаңа кен орнын игеруге Екібастұздағы "Шығыс" кенішінің кеншілері жұмылды. Нәтижесінде олар "Шығыс-2" жаңа алаңынан 7 миллион тонна көмірді небары сегіз ай ішінде өндіріп шыққан.

"Шығыс" кенішіндегі "Шығыс-2" карьерлік алаңын ашу" атты жобаның бірінші кезеңін іске асыру аясында 2018 жылдың 21 сәуірінде осы жаңа алаң өнеркәсіптік пайдалануға енгізілген болатын. Бірінші кезеңнің сметалық құны 3,9 миллиард теңгені құрады. Бұл ретте инженерлік шешімдерді ендіру бойынша жүргізілген іс-шаралар арқасында кеншілер құрылыс-монтаждау жұмыстарынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы үнемделіпті.

Бір ғажабы, бұл кен орнының бар байлығы өзгелер сияқты жер қойнауында терең тығулы емес, керісінше, аяқ астында аста-төк күйде жатыр. Тиісінше, оның өндірісі енді тек еселеп артып, көрсеткіші қарқынды көркейе бермек.  

Бұл ретте жаңа көмір алаңын ашу және өңдеу үшін "қолданыстағы жабдықтармен жұмыс жүргізу" туралы шешім қабылданған. Сонымен бірге, өндірілген көмірді тасымалдау үшін төрт конвейер салынған, тағы бір конвейер ұзартылды. Осылайша, кен орнындағы конвейерлердің жалпы ұзындығы 1 мың 610 метрге жетті.

Жаңа учаскедегі жабынды жыныстардың қалыңдығы әрі кеткенде 10-15 метрге дейін ғана барады, ал кейбір жерлерде тіпті 3 метрге де жетпейді екен.

Яғни, көмір жер бетінде орналасқан. Салыстыру үшін келтірсек, қолданыстағы разрездің игеріліп жатқан ең төменгі нүктесі "-55" белгісіне жетті. Қарапайым тілмен айтқанда, жер астындағы 255 метр тереңдікте орналасқан. "Шығыс-2" жобасын іске асыру жалпы көмір өндіру шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Өндірілген бұл қазынаның елеулі бөлігін "Еуроазиаттық энергетикалық корпорацияның" өзі тұтынады. ЕЭК – Қазақстандағы ірі электр энергиясы мен көмір өндірушілердің бірі саналады. Елде өндірілетін электр қуатының 17%-ы және қазып шығарылатын көмірдің 20%-ы – жалғыз осы алпауыттың еншісінде. Ол жыл сайын бір өзі 16 миллиард кВт*сағат электр энергиясын өндіреді.

Қазіргі кезде ЕЭК "Ақсу электр станциясы" мен "Шығыс" көмір кенішін біріктіреді.

Кеншілердің айтуынша, "Шығыс-2" – әлемдік көмір өндірісіндегі бірегей жоба болып отыр. Ол қалыптан тыс, стандартты емес инженерлік шешімдерге өмірге жолдама берді. Мәселен, онда орнатылған КЛП-5 конвейері өзге баламалары сияқты түзу таспа емес, ирелең-бұралаң сипатта болғандықтан, шахтерлар оны "америкалық сырғанақ" деп атап кеткен. Оны орнатудың өзі үлкен еңбекті қажет еткен. Өйткені оның үлкен бөлігі жерде жатпай, одан биікте, эстакадада орналасады. Осының арқасында конвейер екі бірдей – "Комсомольская" және "Юбилейная" темір жол стансаларының темір жолдары үстінен өткен.

"Шығыс-2" көмір алаңының баланстық қоры 558 миллион тоннадан асады.

Өткізу нарығы тарылған екібастұздық күлі көп көмірден айырмашылығы сол, "Шығыстың" көмірі жақсартылған сапада болып келеді. Оның күлдену деңгейі небары 37,5%. Құнарлығы (калорийность) 4503 ккал/келіге жетеді.

"Ақсу электр станциясы"-нан басқа "шығыстық" көмір Павлодар, Рудный және Омбы жылу-электр орталықтарына жеткізіледі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу