"Сарыадыр" кенішінің жұмысы неге шатқаяқтады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4113

Кеніштің бұрынғы басшысы Астанада баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.

"Сарыадыр" кенішінің жұмысы неге шатқаяқтады

Ақмола облысының Ерейментау ауданын басып өтетін Астана-Павлодар тасжолының бойында "Сарыадыр" деген кен орны бар. Кеніш "ОН-ОЛЖА" серіктестігіне тиесілі болып келді. Бұл еліміздегі шетелдік үлесі жоқ санаулы кеніштің бірі. Өкінішке қарай, қазір мұндағы өндіріс тоқтап тұр.

"ОН-ОЛЖА" серіктестігі 2005 жылы "Сарыадыр" кенішін қарызға батып, әбден тұралап жатқан кезінде алады. Серіктестік басшысы Марат Нәбиев кен орнын қалпына келтіріп, өндірісті қайта жандандыру үшін жеке капиталын жұмсайды. Ал 2007 жылы "Сарыадырды" одан әрі дамыту мақсатында "Темірбанк"-тен 2 млрд теңге несие алады.

"Қазір "Темірбанк" деген банк жоқ. Ол әлдеқашан "Forte bank"-пен біріктірілген. Компания сол банктен алған 2 млрд теңгенің 1,3 млрд теңгесін уақытында қайтарды. Қалған қарыздың көлемі – 700 млн теңге. Әлемде қаржылық дағдарыс басталды да, көмір өндірісі күрт төмендеді. Рубль бағасы да құлдырады. Компания Ресейге 1,5 млн тонна көмір жеткізіп тұрғандықтан, рубльдің құлдырауы бізге кері әсер етті. Банктен алған қарызды қайтару қиындады. Тығырыққа тірелдік", – дейді Марат Нәбиев Астана қаласында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, 2012 жылы компанияның банк алдындағы қарызы айыппұлдар мен өсімпұлдарды қоса есептегенде 3 млрд теңгеге жеткен. Ал "Темірбанк" "Forte bank"-пен біріктірілген соң, яғни 2012-2015 жылдар аралығында компанияның қарызы 6 млрд теңгеге дейін өскен.  

Осыдан кейін "ОН-ОЛЖА" серіктестігі банктік оңалту рәсімін пайдаланбақшы болады. Алайда, банк бұған келіспейді.

"Банк пен компания арасында бірнеше сот процесі өтті. Ақыры 2017 жылдың қарашасында сот шешімімен "ОН-ОЛЖА" ЖШС банкрот деп танылды", – деп нақтылады Марат Нәбиев.

Оның айтуынша, оңалту шараларынан соң компанияның қарызды толықтай өтеуге мүмкіндігі болған.

"Өйткені, кен орнындағы көмір қоры жеткілікті. Жер қойнауын пайдалану лизенциясы 2034 жылға дейін берілген болатын. Қарызды біртіндеп қайтаратын мүмкіндік бар еді. Оның үстіне компанияға тиесілі дүние-мүлік те қарыздан құтылуға жеткілікті болатын. Бірақ, осындай зор мүмкіндігі бола тұра, компания банкрот деп танылды", – деп жалғастырды сөзін ол.

Марат Нәбиевтің сөзінше, "ОН-ОЛЖА" компаниясы банкрот деп танылған соң, "Сарыадырда" сорақылықтар басталған. Заңға қайшы келетін әрекеттердің басында Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің 2018 жылдың 24 қаңтарындағы №46 бұйрығымен бекітілген "ОН-ОЛЖА" ЖШС-ның банкроттық меңгерушісі Мақашев Айдар мен заң жұмыстары бойынша атқарушы директоры Я.Юсупов тұрған.

"2018 жылдың 2 тамызында "ОН-ОЛЖА ЖШС кредиторларының отырысы өтті. Осы отырыста "Сарыадыр" кенішіндегі өндірісті қайта қосу туралы шешім қабылданған. Осылайша, операторлық қызмет көрсететін "Малишер" деген компаниямен келісімшарт жасалған. Мақашев Айдар мен Я.Юсупов банкрот деп танылған біздің компанияның техникасы мен жұмыс күшін пайдаланып, 2018 жылдың тамызы мен 2019 жылдың ақпаны аралығында көмір өндіріп, сатқан. Ол аздай осы аралықта мемлекетке салық төлемей, заңсыздыққа барған", – дейді ол.

"ОН-ОЛЖА" өкілдері ұсынған дерекке сүйенсек, Мақашев Айдар мен Я.Юсупов бастаған топ "Сарыадырдан" көмірді заңсыз өндіріп, кенішке жақын орналасқан ауылдарға тоннасын 9 мың теңгеден ұсыныпты. Ал бұған дейін "Сарыадырдың" көмірін бұдан екі есе арзан бағаға әрі жеңілдікпен алып үйренген жергілікті халық, көмір алудан біржола бас тартыпты. Осылайша, ерейментаулықтар биыл Екібастұз көмірін пайдалануға мәжбүр болды.

"Біздің бағалауымызша, 2018 жылдың тамызынан бері теміржол арқылы шамамен 800 млн теңгеге 120 мың тонна көмір сатылған. Ал кеніштен бірден автокөліктерге тиеліп жөнелтілген көмірдің көлемі қанша екенін нақты білмеймін. Егер компания банкрот болмағанда, нарыққа 5 млрд теңгеге көмір жеткізетін еді. Оның үстіне біз Ерейментау ауданындағы мемлекеттік мекемелерді тегін көмірмен қамтамасыз етіп келдік. Тұрғындарға да қарайласатынбыз", – деп сөзін жалғады кәсіпкер.

Қысқасы, Марат Нәбиев кеніштің тізгіні банкроттық меңгерушінің қолына өткен сәттен бері көмір мен компанияға тиесілі мүліктің қаншасы сатылғанын білмейді.

"Компания банкрот болған тұста көмір өндіргендер кеніштегі көмір өндіру тәртібін сақтамаған. Жер қыртысы тазаланбаған. Тек, көмір көрінген жердің бәрін қаза берген. Одан бөлек, біздің техниканың жабдықтарын алып, басқа көліктерге салған. Тіпті, кенішке тиесілі қымбат көліктерді банкроттық меңгерушінің Қапшағай қаласында тұратын туыстары мініп жүр. Ал заңға сәйкес, банкроттық меңгеруші серіктестіктің барлық мүлкін сатып, банктегі несиені жабуға міндетті еді. Олар болса, құзыретті органдардың рұқсатын алмай, көмір өндірумен айналысты. Бұл дұрыс емес. Сондықтан біз оларды сотқа бердік. Қазір екі қылмыстық іс бойынша сот процесі жүріп жатыр", – дейді Марат Нәбиев.

"ОН-ОЛЖА" өкілетті органдардың алдында есеп бермегендіктен, 2019 жылдың 18 ақпанында жер қойнауын пайдалану лицензиясынан айырылған.

"Меніңше, бұл бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу. Лицензиядан айырды. Енді кенішті тиын-тебенге сатып жібереді. Олар кенішке қатысты идеяларымды жақсы біледі. Сондықтан идеяларымды пайдаланатын болады. Маған ақ кебінге оранып жату ғана қалды. Бірақ мен ештеңеден қорықпаймын. Бәрін қайтадан бастай аламын", – дейді ашынған кәсіпкер.

Белгілі болғандай, компанияның әрқайсысы 500 мың тонналық екі кен байыту фабрикасы бар екен. Көмір қалдығынан 50 млн кірпіш шығаратын өндірісі және бар. Бұдан бөлек, көмірден бензин мен дизель отынын алу үшін арнайы жасалған тәжірибелік-өндірістік құрылғы да жұмыс істейді. Енді кәсіпорын осының бәрінен айырылып қалуы мүмкін. 

"Біздің елде үлкен бизнеспен айналысу қауіпті. Тартып алып, бөліске салады. Дегенмен, көбейтуді де үйрену керек қой. Құқықтық мемлекетте заңды белшесінен басу деген болмау керек. Менің ендігі талабым: маған жер қойнауын пайдалану лицензиясын қайтарсын. Ал оған дейін еңбек ұжымын жинап, өндірісті қалпына келтіремін", – дейді Марат Нәбиев.

Еске сала кетейік, бүгінде "ОН-ОЛЖА" серіктестігінде 700-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы Ерейментау ауданының тұрғындары. Еңбек ұжымының өкілі Данияр Ибраевтың айтуынша, қызметкерлерге кәсіпорын жұмысын тоқтатады деген ресми хабарлама келген.

"Демек, біз 21 наурыздан бастап заңды түрде жұмыссыз атанамыз. Ал банкроттық меңгеруші еңбек ұжымымен кездескісі келмейді", – дейді Данияр Ибраев.

Астанадағы баспасөз мәслихатына қатысқан Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы мен осы саланың кәсіподақ басшылығы "ОН-ОЛЖА" серіктестігіне барынша көмектесеміз деп отыр. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу