Энергетика министрлігі полипропиленді өндіру мен экспорттауды ұсынды

11874

Мұндай идеяның тууына полимердің нарықтық бағасының шикі мұнай бағасына қарағанда арзандамауы себеп. 

Энергетика министрлігі полипропиленді өндіру мен экспорттауды ұсынды

Сонымен бірге сарапшылар таяу келешекте полимерлерді қолдану айтарлықтай өседі дейді. Егер 2015 жылы әлемде полипропилен  өндіру 73 млн тонна болса, онда 2025 жылы оған деген сұраныс 98 млн тоннаны құрайтын болады.

Осыған орай энергетика министрлігі алдағы уақытта басқа елдерге экспортқа шығаратын полимер өндірісін көтеруді ұсынып отыр. "Полиэтилен мен полипропиленді өзімізде шығаруды жоспарлап отырмыз. Егер көмірсутегі бағасының жоғары болған кезеңімен салыстыратын болсақ, онда мұнайдың бір тоннасы 800 доллар тұрған кезде, полимердің бір тоннасы 1600 доллар болған-ды.

Ал қазіргі күні мұнайдың бір тоннасы шамамен 350 доллар тұрады, ал полимердің бағасы өзгерместен бір тоннасы 1500 доллар  болып тұр. Осылайша елімізде жоғары қосымша құн өнімін шығаруға негізделіп іске асып жатқан мұнай-газ химиясы жобалары бәсекеге қабілетті болады", –  деді энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков "ҚР-сының 2015-2019 жылдардағы өнеркәсіптік-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы" "Нұр Отан" партиясы фракциясының  экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай-газ химиялық өнеркәсіп қалыптасу сатысында. Индустрияландыру бағдарламасы аясында салада жалпы көлемі 1 млн доллар болатын 3 жоба іске асырылды.

Атап айтсақ, Маңғыстау облысында жобалық қуаты жылына 400 мың тонна болатын битум зауыты және Атырау мұнай өңдеу зауытында жобалық қуаты жылына 496 мың тонна параксилол мен 133 мың тонна бензол шығаратын хош иісті көмірсутек кешені пайдалануға берілді. "Битумды экспорттау бойынша кедендік мөлшерлеме 2015 жылы 112 доллардан 60 долларға дейін, ал 2016 жылы 60 доллардан 15 долларға дейін төмендетілді. Үстіміздегі жылы жаңғыртудан өткен Павлодар мұнай-химия зауытының полипропилен шығару қуаты жылына 70 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Ішкі нарықтағы полипропиленге деген сұраныс жылына 35 мың тоннаны құрайды. Зауытта шығарылатын өнімнің  шамамен 80%-ы экспортқа шығарылады", – деп мәлімдеді Садыбеков.

Сонымен бірге Атырауда хош иісті көмірсутегін өндіру үшін іске қосылған кешен жоғары октанды жанармай шығаруды арттырумен қатар, биыл бұрын Қазақстанда болмаған бензолдың шамамен 4 мың тоннасын шығарды. Оның 2 мың тоннасы экспортқа жөнелтілді. Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 500 мың тонна полипропилен өндіретін мұнай-химия Ашық экономикалық аймақ (АЭА) аумағындағы ірі жобаға вице-министр жеке тоқталып кетті.

Сонымен бірге вице-министр әлемдегі қиын экономикалық жағдайға байланысты аталған жобаны аяқтау мерзімі кейінге шегерілгенін растады. "Бұдан ертеректе жасалған ЕРС-келісім-шарты 2014 жылы елеулі қымбаттаудың салдарынан бұзылған болатын. 2015 жылдың соңында қытайлық China National Chemical Engineering компаниясымен 1,8 млрд долларға жаңа ЕРС-келісім-шарт жасалды. Жоба операторына қаржы тарту және Қытайдың мемлекеттік даму банкімен 2 млрд долларға несиелік келісімге қол қою жұмыстарын тек осы жылдың қыркүйегінде ғана аяқтау мүмкін болды", – дейді Ғани Садыбеков.  

МұнайГазХимиясын дамыту – осылайша мұнай-газ саласын бірыңғай шикізат өндіруден жоғарғы қосымша құны бар соңғы өнім өндірісіне бұрудың негізгі қозғаушы күшінің біріне айналмақшы. Бұл Қазақстан экономикасының дамуына зор серпін береді. Жоба операторы жылдың соңына дейін ұзақ уақыт дайындалатын жабдыққа тапсырыс беріп, құрылыс жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Жаңа жобаны іске қосу құрылыс кезінде 3 мыңға жуық жұмыс орнын және пайдалануға беру кезінде тұрақты 500 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. "Сондай-ақ әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие полиэтиленді 800 мың тонна қуаттылықта және бутадиенді 250 мың тонна қуаттылықта шығару жоспарда бар", – деді вице-министр.

Алайда, айтылғандар депутаттардың көңілінен шықпады. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаевтың айтуынша, біздегі битум әзірге өзіміздегі көлік жолын салудың өзінде де  қолданыла бермейді. "Бұл зауыт 100% толық жұмыс істейді әрі бағасы мен сапасы бәсекеге қабілетті болады деп бұрындары жазылса да, бүгінгі күні оның толық жұмыс істемейтіндігін білеміз. Өткен аптада комитетпен Қорғас кеден бекетінде болдық. Ол жерде жол салу жұмысы жүріп жатыр. Солардан Ақтау зауытының битумын қолданасыңдар ма деп сұрадым. Олар Ақтау битумының қымбат екенін және сапасы бағасына сай келмейтінін, сондықтан ресейлік битумды алатындарын айтты", – деді депутат.  

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу