Энергияны шамадан тыс пайдаланған кәсіпорындарға айыппұл салынуы мүмкін

231

Құрылтай тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Энергияны шамадан тыс пайдаланған кәсіпорындарға айыппұл салынуы мүмкін Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Құрылтай депутаты Арман Қалықовтың айтуынша, энергияны үнемдеу саласындағы мемлекеттік реттеу шараларын бюджеттік секторға, соның ішінде мектептерге, ауруханаларға және балабақшаларға қатысты кеңейту ұсынылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Атап айтқанда, энергия тиімділігі жөніндегі белгіленген талаптарға сай келмейтін тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылуда. Бұл жауапкершілікті лауазымды тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарға қолдану ұсынылып отыр", – деді депутат.

Қосымша баяндама жасаған Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұловтың сөзінше, энергия аудитін жүргізетін ұйымдардың меншік құқығында қажетті жабдық болуына қатысты талаптарды күшейту көзделеді. Бұл шара энергетикалық аудиттің сапасы мен объективтілігін арттыруға, сондай-ақ объектілердің энергия тиімділігін бағалау кезінде формальды тәсілге жол бермеуге бағытталған. 

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасында коммерциялық емес ұйымдардың энергия тұтыну нормативтерінен асып кетуі, қажетті қорытындылар мен энергия үнемдеу жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарларының болмауы, Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ақпарат ұсыну талаптары мен мерзімдерін бұзуы, сондай-ақ энергетикалық ресурстар мен суды жыл сайын тұтынуды төмендету бойынша белгіленген талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеу ұсынылады. Аталған шараларды енгізу ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың энергия үнемдеу саласындағы заңнама талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін арттыруға, құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және оларды жоюды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді ол.

Айта кету керек, бұған дейін елде энергия тұтынуға бақылау күшейетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу