ЕО жыл соңына дейін Ресейден мұнай импорттауды 90 пайызға қысқартпақ

1433

Зеленскийдің ойынша, Мәскеу күніне миллиардтаған доллардан қағылып, қатаң санкцияны сезінгенде ғана "бейбітшілік іздей" бастайды. 

ЕО жыл соңына дейін Ресейден мұнай импорттауды 90 пайызға қысқартпақ

Дүйсенбіде Еуропа одағының (ЕО) лидерлері Украинаға қаржылық қолдау пакетімен көмектесуге бағытталған саммитте Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар жариялауға уағдаласты. Алтыншы пакетке сәйкес, жыл соңына дейін одақ Ресейден импортталатын мұнайдың көпшілігіне эмбарго қояды.

Бұл эмбарго теңіз арқылы келетін ресейлік мұнайды қамтиды, ал құбырмен жеткізілетін импорттық шикізат ағыны әзірге тоқтатылмайды. Өйткені теңізге шыға алмайтын Венгрия Ресейдің көмірсутегінен дәл қазір бас тартуға дайын емес.

ЕО Кеңесінің президенті Шарль Мишель жаңа келісімнің Ресейден келетін мұнай импортының үштен екіден астамын алмау мәселесін қамтитынын атап өтті. Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен болса, бұл жазалау шарасы аясында "жыл соңына дейін Ресейден Еуропа одағына мұнай импорты шамамен 90%-ға қысқаратынын" мәлімдеді.

Сонымен қатар Мишельдің айтуынша, еуропалық лидерлер Украинаның соғыстан зардап шеккен экономикасын қолдауға 9 миллиард еуро (9,7 миллиард доллар) көмек көрсетуге келісті. Бұл ақша Киевке грант түрінде беріле ме, әлде несие ретінде ұсыныла ма, ол жағы әзірге белгісіз.

Ресейдің Венадағы халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі Михаил Ульянов Twitter-дегі парақшасында мәлімдегендей, "Ресей басқа импортшыларды таба алады".

Санкциялардың жаңа пакеті, сондай-ақ активтерге және жеке тұлғалардың саяхаттауына тыйым салуды да қамтып, Ресейдің ең ірі банкі "Сберді" қаржы аударымдарының негізгі жаһандық жүйесі SWIFT-тен шығарады. Бұған қоса, Ресейдің негізгі үш мемлекеттік телерадиокомпаниясы ЕО аумағында контент тарату мүмкіндігінен айрылады.

"Ресейдің соғыс машинасын тоқтатқымыз келеді және де біз күшті бола алатынымызды, беріктігімізді, қатал бола алатынымызды көрсету бұрынғыдан да маңызды екенін түсінеміз", – дейді Мишель.

Мишель барлық 27 мүше елдің қолдауын қажет ететін жаңа санкциялар сәрсенбіге дейін заңды түрде бекітілетінін де айтты.

Еуроодақ Ресейге бұған дейін бес рет санкция салды. Олар 1000-нан астам адамды, соның ішінде Ресей Президенті Владимир Путин мен жоғары деңгейдегі мемлекеттік шенеуніктерді, Кремльшіл олигархтарды, банктерді, көмір секторын және т.б. нысандарды қамтыды.

Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан жаңа санкцияларды тек өз елінің мұнай жеткізу қауіпсіздігіне кепілдік берілген жағдайда ғана қолдайтынын ескертті. Венгрия "қара алтынның" 60%-дан астамын Ресейден алады және оны кеңестік дәуірде тартылған "Дружба" құбырымен тасымалдайды. Сонымен қатар бұл мемлекет табиғи газдың 85 пайызын РФ-дан импорттар отыр.

ЕО саммитінде Украина президенті Владимир Зеленский видеобайланысқа шығып, "Ресейді бүкіл Еуропаға көбірек қысым жасауға итермелейтін ішкі дауларды" тоқтатуға шақырғаннан кейін аймақ басшылары ымыраға келді.

Айта кетсек, ЕО өзіне қажетті табиғи газдың шамамен 40%-ын, мұнайдың 25%-ын Ресейден импорттайды.

Зеленскийдің айтуынша, Мәскеу "Украинаға қарсы жасап жатқан әрекеттері үшін санкциялардың зардабын сезінгенде ғана бейбітшілік іздеуге" мәжбүр болады. Зеленский ЕО-дан Ресейдің энергетика секторын нысанаға алып, оны күн сайын миллиардтаған доллардан айыруды бірінші рет талап етіп отырған жоқ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу