Ерейментау әкім шыдатпай жатыр

2578

Келгеніне бір жыл болған әкім аттан ауып қалмай ма? 

Ерейментау әкім шыдатпай жатыр

Жалпы, кейінгі кезде Ерейментау ауданы туралы не жаңалық естігеніңіз бар? Ештеңе?

Мысалы, аудан басшылығы талай жылдан бері бүкіл әлем тамсанып жүрген Көбейтұзды жабайы туристердің талауына беріп қойды. Ғажайып көлдің қызғылт тұзын ғана емес, тіпті суы мен балшығын адамдар тасып әкетіп жатқанын шетелдік ақпарат құралдарына дейін жазды, елдің әлем алдындағы абыройы төгілді. Осыдан кейін ғана қозғалыс болды: "Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді бақылау тобы Көбейтұз бен Теңіз көліне арнайы рейд жүргізді. Көлдер туристер үшін жабылды". Әйтсе де, онда табысты туризмді дамыту қиын деген байлам жасапты.

Осыдан кейін аудан қайтадан тыншып, маужыраған рақаттың саумал көліне сүңгігендей болған. Ал шынында назардан тыс, БАҚ-тан тасада Ерейментау жақта "сабынды" сериалдар сценарийіне лайық, шытырман шиеленіс пен толассыз интригаға толы оқиғалар болып жатқан сыңайлы.

Әкім шақ келтірмейтін аудан

Елордалық облыстағы бұл ауданның тізгінін неміс Егор Каппель бәрінен көбірек ұстай алды: 2004–2007 жылдары басқарды. Орны оған құтты болды: ізінше Ақмола облысы әкімінің орынбасарына дейін жоғарылады. Ары қарай ҚХА-ны трамплин ретінде пайдаланып, Астананы бағындырды: IV және V шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің Ассамблея атынан сайланған депутаты атанды, 2016 жылға дейін дәуірледі. Рас, неміс диаспорасы басқа өкілін Парламентке ұсынбақшы болыпты деседі. Каппель кейін кәсіподақ федерациясына кетті.

Оның орнына келген Нұрлан Ережепов те билікті ұзақ сақтай алды: 2007–2010 жылдары әкім болды. Білуімізше, қазіргі кезде Нұрлан Әскерұлы Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы.

2010 жылдың қақаған қысында, 31 желтоқсанда оның орынтағына Марат Мыңжанов жайғасты. Алайда 2011 жылдың шілдесінде ол тұтқындалды. Ерейментау ауданының әкімі М.Мыңжановқа лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Себебі, осының алдында Ақмола облысының Целиноград ауданының әкімі болып жүріп, "КазСтройпроект" компаниясындағы сыбайластарымен бірге "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында абаттандыруға бөлінген 71,5 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған көрінеді. Сот процесі кезінде неге екені белгісіз, мемлекеттік айыптаушы экс-әкімге қатысты айыптау бабын Қылмыстық кодекстің ауырлау "лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдаланудан" "салғырттыққа" ауыстырды. Сот оған келісіп, кінәліні сот залынан босатты. Сөйтіп, тергеу изоляторында бір жылға жуық отырған Марат Мыңжанов 2012 жылдың мамырында бостандыққа шықты.

Айта кету керек, жергілікті мәслихат депутаттары Мыңжановтың келуіне қарсы болған. Алайда сол кездегі облыс әкімі, марқұм Сергей Дьяченко осыған табандапты. Рас, жаңа әкімді таныстырып тұрып, Дьяченко оның елордаға көктей енетін Целиноград ауданының басшылығында өзіне жүктелген міндеттерді лайықты атқара алмағанын мойындады. М.Мыңжановтың мұнда да көп тұрақ таппасын сезсе керек. Ақырында, сол кездегі қаржы полициясы оның бұрынғы істерінен коррупцияның ізін тауып, шенеуніктің мансабына нүкте қойды.

Бұдан кейін Ерейментау ауданының әкімдері калейдоскоптай жылдам ауысып отырды. Мыңжанов ұсталып кеткеннен кейін аудан әкімі лауазымына 2011 жылдың екінші жартысында Лашынтай Дүйсенов тағайындалды. Оны 2012 жылдың мамырында Аманбек Қалжановпен алмастырды. 2013 жылдың маусымында қайта ауыс-түйіс болып, аудан жетекшілігі Талғат Мұханбеджановқа берілді. Ары қарай 2014 жылдың маусымынан 2018 жылдың сәуіріне дейін – Ермек Нұғыманов, 2018 жылдың маусымынан 2019 жылғы наурызға дейін – орыс тілділері басым Қостанайдың тумасы Виктор Радченко әкім болды.

Айтпақшы, Радченконың ауданды басқаруына жергілікті қазақтар қарсы шықты. Аудандық активке жаңа әкімді таныстырып шыққан облыс әкімі Мәлік Мырзалинді кенеттен сыртта жұртшылық қоршай алып, наразылық білдірді және аудан тізгінін жергілікті жердің тумасына ұстатуды талап етті. Сол кездегі облыс әкімнің баспасөз хатшысы Динара Тұрсынова "Мәлік Мырзалиннің халықтың ойымен келісетінін, өйткені жергілікті басшы ауданның барлық проблемасын жақсырақ білетінін және соған жаны ашитынын" жеткізді. Бірақ аудан әкімі лауазымына үміткер болған бұрынғы аудан басшысының екі орынбасары да емтиханнан сүрініпті.

Ақыры 52 жасар Виктор Радченко бір жыл тұрақтамастан, Қостанай жаққа аудан әкімі болып тайып тұрды.

Жаңа әкім неге жақпайды?

Былтырғы сәуірде Ерейментау ауданына жаңа әкім болып Абай Әлжанов келді. Жергілікті жердің тумасы, еңбек жолын 80-жылдары совхоз шопыры болып бастаған. Абай Әлжановты таныстырып тұрып, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев көп жылдан бері осы ауданның әкімін жаңадан тағайындау мәселесі көтеріле беретініне назар аудартты. Бұл жолы жаңа әкім кандидатурасын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдағанын жеткізді.  

Қынжылтатыны сол, ізінше Әлжановтың да "жаман" аты бүкіл елге тарады: халық Bek Air ұшағының апатында қаза тапқандар үшін аза тұтып жатқанда ол жын-ойнақ корпоратив өткізген екен. 2020 жылдың қаңтарында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Этика кеңесі Ақмола облысында отырыс өткізіп, Ерейментау ауданы әкімінің тірлігіне қатысты тәртіптік істі қарады. Өйткені Абай Әлжанов 2019 жылғы 28 желтоқсанда, яғни жалпыұлттық аза тұту күні жаңажылдық думан ұйымдастырған. Бұл сорақы іс қоғам тарапынан қатаң сынға ұшырады. Осыған орай агенттіктің облыстағы департаменті қызметтік тергеу жүргізді. Ауданға сау ете қалған ревизорлар тобы ұйымдар мен әкімдіктің қызметкерлері арасында сұрау сала келе, траур күні "әкімнің көңілін Аяз Ата мен Ақшақар көтергенін" анықтады. Абай Еламанұлы шынында мейрамханаға туысының шақыруымен келгенін, елді құттықтағаннан кейін кетіп қалғанын айтты, бірақ айыбын мойындады. Сондықтан Этика кеңесі облыс әкіміне Әлжановқа "қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту" жасау жөнінде ұсыным берумен шектелді.

Дегенмен, жергілікті тұрғындар енді жаңа әкімге қарсы шағым жазуда. Бастамашы Әйгерім Демесінова облыс басшылығына аудан әкімін ауыстыруды сұрап, өтінішпен жүгінді.

"Қазіргі әкім келгелі сенімсіздік, өсек тарату, жұмыстан қуу, тамыр-таныстыққа сүйенген тірліктер өршіді. Біздің ауданға кілең біліксіз басшыларды жіберу тәжірибесі қашан тыйылады! Бізге әрбір ерейментаулықтың қамын ойлайтын, ауданның гүлденуі үшін жанын-тәнін аямай жұмыс істейтін, кадрларды жұмылдыра білетін, жұмыс орындарында жақсы жағдай туғызатын басшы керек. Әйтпесе елге қызмет ету үшін емес, қалтасын қампайтып, сән-салтанатпен өмір сүру үшін креслоға отырады", – дейді Ә.Демесінова.

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев заңға сәйкес, аудан әкімінің кандидатурасына Президент әкімшілігінің келісімі алынатынын ескертті.

"ПӘ келісімімен 2019 жылғы 9 сәуірде Ерейментау ауданының әкімі болып Абай Әлжанов тағайындалды. Ол осы ауданның тумасы, еңбек жолын 1985 жылы туған жерінде бастаған. Содан бері осында. 2012 жылдан 2014 жылғы маусымға дейін ауданның Торғай ауылында әкім қызметін атқарды. Содан 2019 жылдың сәуіріне дейін аудан әкімінің орынбасары болды. Саяси мемқызметші болғандықтан аудан әкімінің өкілеттігі заңнамада көрсетілген жағдайларда және тек ПӘ келісімі бойынша ғана тоқтатылады", – деді облыс әкімі.

Жалпы, ауданда шешілмеген мәселе жетерлік. Тіпті Ерейментау қаласы жолдарының өзі нашар. Оны жөндеуге ақша бөлінуде. Іргеде елордадай ірі нарық тұрғанына, ауданның "Астананың азық-түлік белдеуіне" кіретініне қарамастан, жұмыссыздық мәселесі өзекті.

Қалай болғанда, келесі 2021 жылы Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен ауыл-аудан әкімдерін жаппай сайлау өтпек. Бәлкім, әкімдерге қатысты мәселені сол сайлау шешер.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу