Ерекше мамандықтарды меңгерген алматылық арулар

Қазақстанда ер азаматтармен қатар қиын да ерекше салада еңбек ететін нәзік жандылар аз емес.   

Ерекше мамандықтарды меңгерген алматылық арулар

Ауыр да қиын салаларда еңбек ететін қазақстандық арулар қатарында Ливанда бітімгершілік күштерде қызмет еткен әскери, ауыр жүк тиейтін кран машинисі, алматылықтардың сүйіктісіне айналған троллейбус жүргізушісі, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатын бизнесмендер де бар. inbusiness.kz тілшісі әрқайсысының өмірі бір деректі фильмге арқау болатын ерекше жандармен сұхбаттасты. 

Бітімгерлік күштер қатарында әйелдер де бар – Диля Ахметова

2018 жылы алғаш рет қазақстандық әскерилер Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясымен  бітімгерлік мақсатта Ливанға аттанады. 2019 жылдың басында бітімгерлік күштер қатарына бірінші рет қазақстандық әйел – подполковник Диля Ахметова да қосылды. 

"Мен үшін бұл маңызды қадам болды. Себебі бітімгерлерді дайындайтын оқу орталығында жұмыс істейтінмін. Сондықтан аса қауіпті аймақтарда халық қалай өмір сүреді, оларға қалай көмектесуге болады, әйелдерді зорлық-замбылықтан қорғау сынды мәселелерді шешуге өз үлесімді қосқым келді. Отбасым қарсы болды. Кішкентай баламды елде қалдырып, Ливанның батысына аттандық. Қазақстандық бітімгерлер әдетте шығыс секторындағы Үндістан батальоны құрамында әскери қызмет атқаратын. Біз алғаш рет батыс сектордағы Италия батальоны құрамында болдық", – дейді бітімгер.

Диляның негізгі мамандығы аудармашы. Ливанда батыс секторы қолбасшысы тіл білгені үшін оны әскери-азаматтық қызметке тағайындайды. Бұл қызметтің арқасында Диля жергілікті халыққа көмектесіп, жұмыссыз әйелдерге арнап тігін курсын ашады. Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға жүзу секциясын жүргізе бастайды. Сонымен қатар Ливан ауылдарына дәрігерлермен бірге барып, медициналық көмек көрсетеді. 

"Соғыс жағдайындағы экономикасы тұрақсыз елге барғанда Қазақстандағы бейбітшіліктің қадірін түсінесің. Ливан халқы тек бүгінгі күнмен өмір сүретін. Себебі олар ертеңгі күндеріне сенбейтін. Бар болғаны балалары мен жақындары аман болса деген арманмен күн кешетін. Ливан халқының саны 5 млн-ның шамасында болса, бұл елдегі босқындар саны 1 млн-нан асады. Тұрақсыздықтың салдарынан мемлекеттің дамуы 10-20 жылға артқа кеткен. Сондықтан бейбітшілік – біздің басты құндылығымыз екенін естен шығармау керек", – дейді аға офицер Диля Ахметова. 

Шымкенттің тумасы, Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің түлегі бітімгершілік күштер қатарындағы қызметін сәтті орындап шыққан. 

Бүгінде ол Қазақстанға оралып, Бейбітшілік жолындағы серіктестік оқу орталығында бітімгершілік күштерді дайындау бөлімінің аға оқытушы-офицері қызметін атқарып жүр.

Кран машинисі болу тек ер азаматтардың ғана жұмысы емес – Вероника Энц

Әйелдерді ауыр техника тізгінінде, өндіріс саласында жиі көре бермейміз. Алайда Алматы көпір құрылымдары зауытында 570 адам жұмыс істесе,  соның 140-ғы нәзік жандылар. Осы зауытта 20 жылдан бері 32 тонналық кранды басқаратын Вероника Энц 17 жасында өндіріске қарапайым жұмысшы болып келген. Алғаш рет 8-10 метр биіктіктегі крандарды көрген ол алып көлікті басқаруды армандайды. Көп ұзамай арнайы курстан өтіп, ауыр техника тізгініне отырады. Сол кездегі 17 жасар жұмысшы қыз бүгінде әріптестері арасында беделді жанға айналған. Сондықтан оны жұмысында "Цех ханшайымы" деп атайды.

"Алғаш рет кран кабинасына кірген кезім есімде. Қатты толқыдым. Бірақ жұмысқа деген ынта-ықыласымның арқасында екі қолмен төрт тетікті емін-еркін басқарып кеттім. Қазір кран кабинасы менің жеке кабинетім іспетті. Жұмысымды жақсы көремін", – дейді өндіріс озаты.

Вероника Энц 8 метр биіктікте отырып салмағы 32 тоннаға дейінгі көпір құрылысына қажетті темір-бетон конструкцияларды ары-бері қозғап, төмендегі жұмысшыларға қажетті жерге қояды. Оның жұмысында дәлдік керек. Тіпті 1 сантиметрге қателесуге болмайды. 

Цехтің ішіндегі техника даусынан құлағың тұнады. Соған қарамастан төмендегі жұмысшылар мен биікте отырған кран-машинисі бір-бірін сөзсіз түсінеді. Осылайша таңғы 8:00-де техника тізгініне отырған Вероника Энц бастаған машинистер 16:00-ге дейін цехтағы барлық процестерге жетекшілік етеді.

"Біз көпір бөлшектерін жасаймыз. Ал олар қала мен қаланы, қос жағаны, көшелерді байланыстырады. Былайша айтқанда біз барлығын біріктіреміз. Бұл көпірлер көптеген жылдар бойы халыққа қалытқысыз қызмет етуі керек. Сондықтан біздің жұмысымыздың жауапкершілігі жоғары", – дейді кран-машинисті.

Бүгінде өндіріс озатының екі қызы, бес немересі бар. Жолдасы ертерек қайтыс болған. Вероника Энц барлық қиыншылықты жеңіп, болашаққа үміт артуға осы жұмысым тірек болды деп есептейді.

"Екі қызымды осы зауыттағы жұмысымның арқасында жалғыз өзім өсіріп, оқытып, тұрмысқа бердім. Біреуге ауыр жұмыс болып көрінер. Алайда кез келген істі сүйіп істесең одан артығын таппайсың. Қазір техника дамып келеді. Болашақта сан түрлі компьютермен жұмыс істейтін крандар жасалуы мүмкін. Бірақ өндіріс саласына өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, алғыр, әрі қырағы мамандар қашанда керек", – дейді кейіпкеріміз.

Ол өмірін басқа салада елестете алмайтынын, зейнетке осы зауытта, краншы болып шыққысы келетінін айтады. 

Троллейбус менің екінші үйім – Майнұр Райымбекова

Алып шаһар Алматыда 280-ге жуық троллейбус жүргізушісі бар. Соның 80-і қыз-келіншек. Қоғамдық көлікті тізгіндеп, жолаушыларға қызмет көрсетіп жүрген ханымдардың бірі – Майнұр Райымбекова. Оның негізгі мамандығы – шаруашылық-лаборанты. Бірақ ол бала күнінен қоғамдық көлік жүргізуді армандапты. Осылайша 7 жыл бұрын Алматы облысы Ақсу ауданындағы барлық жұмысын тастап Алматыға келеді.

"Бастапқыда кондуктор болып жұмыс істедім. Кейін троллейбус жүргізе бастадым. Троллейбусымды жақсы көремін. Себебі бұл көлік менің екінші үйіме айналды. Сондықтан мен оны еркелетіп "көк дауыл" деп атаймын. Күнде таңертең келгенде көлігіме амандасамын. "Жолаушыларды аман-есен діттеген жерлеріне жеткізейік", деп жолға шығамын", – дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі кезде аялдамада тек Майнұр ханымды күтіп тұратын тұрақты жолаушылары бар. Сонымен қатар қариялар қауымы сүйікті жүргізушісінің қойған күй-термелеріне тамсанып, алғыс айтып, батасын береді екен.

"Менің маршрутыммен 4 жыл бойы жүрген Дана деген кішкентай оқушы қызым болды. Ол таңғы 7:00-де орталық саябақ алдындағы аялдамада мені күтіп тұратын. Кей күндері сабағына ұйықтап қалып жатса, апасы "Майнұр апайыңның тролейбусы өтіп кетеді" десе, атып тұрып жүгіреді екен. Тағы бір оқушы қыз әкесіне "Майнұр апайдың троллейбусы өтіп кетсе таксимен барайықшы" дейді екен. Тек мені ғана күтетін", – дейді тәжірибелі жүргізуші. 

Майнұр Райымбекова бүгін де жолға шығып, алматылықтарды діттеген жеріне жеткізіп жүр. "Біз үшін мереке – сүйікті жолаушыларымызды аман-есен үйіне, жұмысына жеткізу", – дейді өзі. 

Сапалы сөмке мен жолдорба шығаратын отандық бренд қалыптастырғым келді – Шолпан Андасова

Алматыда 174 500 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оның 78 мыңына әйелдер жетекшілік етеді. Солардың бірі – сөмке мен жолдорба шығаратын алғашқы қазақстандық брендтің негізін қалаушы, әлеуметтік кәсіпкер – Шолпан Андасова.

Оның негізгі мамандығы аудармашы-заңгер. Бірнеше жыл бойы тілмаш болып жұмыс істеген Шолпан қызметін Ұлттық әуе компаниясының маркетинг және сату бөлімінде жалғастырады. Авиация саласында еңбек еткен жылдары ол іс-сапарға шығып, жиі саяхаттайтын. Дәл осы кезде кәсіпкерлікпен айналысуды ойластыра бастайды.

"Шетелге көп саяхаттаған жылдары мен сөмке мен жолдорба шығаратын отандық брендтің жоқ екенін түсіндім. Ал өзге елдерде сан түрлі өндірушілер бар. Мен саяхаттаған сайын әр елден сол мемлекеттің ұлттық нақышы бар сөмке алып келуге тырысатынмын. Осылайша маған сөмке шығаруға негізделген алғашқы отандық бренд қалыптастыру туралы ой келді", – дейді кейіпкеріміз.

2018 жылы Шолпан осы идеясын жүзеге асыруға кіріседі. Жанына тігіншілерді топтастырып, сөмке өндірісін жолға қояды. Цехты ашуға алғашқы инвестицияны да өзі салады. Кейін Алматы әкімдігі ұйымдастырған жарыста 2 млн теңге грантқа ие болып, оған қосымша жабдықтар сатып алады. Алғашқы шығарылған сөмкелерді суға салып, ішіне тас  толтырып өлшеп, сан түрлі сынақтан өткізеді.

"Біз қазақстандық бренд сапалы болу керек деген мақсат қойдық. Сондай-ақ "Қазақстанда жасалғанның барлығы қымбат" деген стереотиптерді жоққа шығару үшін баға саясатын жақсылап ойластырдық. Сол себепті сөмкелеріміз 3 600 теңгеден басталып, 9 мың теңгенің аралығында тұрады. Айына шамамен 100 өнім әзірлейміз. Қазіргі кезде 13 түрлі сөмке шығарамыз. Сонымен қатар кәсіпкер әйелдер арасында отандық өндірісті дамытуға қосқан үлесіміз үшін арнайы жүлдеге қол жеткіздік", – дейді бизнесвумен.

Бұдан бөлек Шолпан әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысады. Ол көру қабілеті төмен, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамтитын арнайы массаж орталығын ашқан. Бүгінде мұнда медициналық білімі бар үш маман еңбек етуде. Сонымен қатар Шолпанның осы жобасы әлемнің 22 мемлекетінде қатар өткен халықаралық Social Impact Award жарысының жеңімпазы атанды.

"Көру мүмкіндігі төмен адамның қолмен сезу қабілеті жақсы дамиды. Олар массажды кез келген адамнан жақсы жасайды.  Біз олар жұмысын бастағанда уақытты біліп отыру үшін сөлейтін сағаттар, қағаз бетіндегі жазуды сканерлеп оқып беретін арнайы жабдықтар сатып алдық. Орталық ашылғалы бес айдан астам уақыт өтті. Алғашқы нәтижелер жаман емес", – дейді Шолпан Андасова.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу