Ертіс орманында неге дау туды?

2223

Ақсақалдар кеңесі қорғаған қорық басшысын министр жақтаудан бас тартты. 

Ертіс орманында неге дау туды?

"Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты Павлодар облысында орналасқан. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінiң Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайды. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай 133 шақырымға, ал батыстан шығысқа қарай 130 шақырымға созылып жатыр.

Орман байырғы заманда төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен атақты сақ тайпалары мекен еткен Құлынды даласының оңтүстік-батыс бөлігін алып жатыр. Қазіргі кезде Ертіс орманының жалпы ауданы 277 961 гектарды құрайды. Оның 117 816 гектары – Шарбақты ауданының, қалған 160 145 гектары – Аққулы (үш жыл бұрынғы атауы Лебяжі) ауданының құрамына кіреді.

Осы резерват айналасында біраздан айтыс-тартыстар жүруде. Айта кету керек, резерватты басқаратын республикалық мемлекеттік мекеменің "штаб-пәтері" Шарбақты ауданының Шалдай ауылында орналасқан. Ауылдықтар басым көпшілігінде оны басқарған Қадырбай Тоқтасынды құрметтейді. Олардың айтуынша, Қадырбай Мұратұлы ауылда православ приходын ашу мәселесін қызу қолдаған белсендінің бірі екен. Биылғы 7 маусымда жергілікті қоғамдастықтың жиынында Павлодар округінің протоиерейі Алексей Степановпен, Шарбақты ауылының Елизаветинский храмының настоятелі, иерей Вячеслав Фоменкомен бірге осы бастаманы қолпаштап, арнайы сөз сөйлеген. Ақыры жиналыс қорытындысында ауылдықтар Шалдайда православ приходын құрып, үлкен шіркеу салуға тілек қосып тараған көрінеді.

Бұл істі ары қарай Павлодар және Екібастұз епископы, Павлодар епархиясының басқарушысы Варнава ілгерілетпек. Оған дейін 2021 жылы "Ертіс орманы" резерватының бас директоры Қ. Тоқтасынның көмегімен часовня тұрғызылған.

Жергілікті қазақтар да оны жомарттығы үшін сыйлайды екен.

Алайда жыл соңына таяғанда Қ. Тоқтасынның басына бұлт үйірілді. Содан жергілікті Ақсақалдар кеңесінің өкілдері елордадағы шенеуніктердің алдына дейін барады. Оларды 2021 жылғы 1 қазанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Әлия Шалабекова қабылдады. Жабық есік жағдайында өткен жүздесуде тұрғындар "Ертіс орманының" бас директоры Қ. Тоқтасынды қорғаштап сөйлейді. Оның айналасында қаулаған дау "өртін" әлдекімдер әдейі лаулатып отырғанын министрлік басшылығына жеткізуге тырысады.

"Біздің ойымызша, бұл резерваттың жұмысына нұқсан келтіргісі келетіндердің қасақана ұйымдастырып отырған жүрісі. Олар оның Шалдай ауылында, ұйымның Шалдай және Бесқарағай филиалдарында жасаған оң, пайдалы өзгерістерін белден бір сызып тастауға тырысуда. Тоқтасынның орман шаруашылығын дамыту перспективасына қатысты жоспарлары көп. Ол халық қазынасы – мәңгі жасыл орманымызды сақтап қалуды және көбейтуді жан-жүрегімен қалайды. "Ертіс орманын" бұған дейін қаншама адам басқарды, жергілікті тұрғындар оның біреуі үшін дәл осылай шырылдап ара түспеді. Себебі олардың жұмысының қайтарымын байқамады. Тоқтасын болса адамдарға қамқорлық танытады", – дейді Ақсақалдар кеңесінің өкілі Қанат Матанов.

Ағаш жаңқасын бизнеске айналдырғысы келген

Кеңес өкілдері "әлдебір тұлғалар тобы орманда ағаш кесу ісін жолға қоюға ұмтылып жатыр" деген жорамалдарын айтты.  

"Бұл орманды кеңес кезінде, одан беріде бейберекетсіздік пен былық жайлады. Сол кезеңде қаншама гектар жерде ағаш кесіліп, бақылаусыз әкетіліп жатты. Қазір де орманды түбірімен жойып, материал түрінде сатып жіберуге ынтығып отырғандар бар. Қ. Тоқтасын оған қарсы. Ол тек ормандағы ағаштарды терең өңдеуге ниетті. Бұл бюджетті толтыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, "Ертіс орманы" жұмыскерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға ықпал етеді. Бүкіл кесілген ағаш резерваттың өндірістік учаскесінде өңделді", – дейді Қ. Матанов. 

Жалпы жергілікті тұрғындардың айтуынша, бас директордың ағашқа қатысты жоспары үлкен болыпты. Мысалы, ол көмір емес, ағаш қалдығын жағатын қазандық жобасын қолға алыпты. Жоба аяғына жеткізілмеген. Сондай-ақ ағаш жаңқасына химиялық қоспаларды, цементті қосып, құрылыста қолданылатын арболит блоктарын жасау жобасын да қолға алыпты. Алғашқы сынақ үлгілерін алудан әрі аспаған.

Қадырбай Тоқтасынның жұмысына көңілі толмайтындар да болған. Жергілікті кәсіпкер Михаил Барсуковский және басқа да азаматтар оның үстінен жоғарғы жаққа, ішкі істер органдарына арыз жазады.

Вице-министр Ә. Шалабекова жергілікті тұрғындармен кездесуінде Ішкі істер департаменті келтірген бір деректі алға тартты: Қ. Тоқтасынның мемлекеттік автомашинаны мысалы, асқа бару үшін, яғни жеке мақсатына пайдаланған. Рас, Қ. Тоқтасынның өзі арызшылардың бұл айыбын мойындамады. Оның түсініктемесінде айтылғандай, сол күні машинаны Ақмола облысындағы "Бурабай" ұлттық паркіне сапарлау үшін пайдаланған. Бұл сапар "өндірістік мәселелерге" арналыпты. Бурабайдағы "Лесохранитель" атты бейнебақылау жүйесінің және сондағы ағаш жаңқаларымен істейтін қазандықтың жұмысымен танысыпты. Тек содан кейін жолай анасының асына соққан көрінеді.

Арызда Қ. Тоқтасынның жасыл орманды өз бетінше шауып жатқаны жазылыпты. Ол оны да жоққа шығарды. Қураған ағаштар ғана кесілгеніне сендірді.

Атап өтетін жайт, қазіргі кезде Қадырбай Тоқтасын "Ертіс орманы" табиғи резерватының бас директоры лауазымынан босатылды.

Билік не дейді?

Түскен арыз негізінде резерватқа комиссия жолданған. Ол біраз жайттың басын ашып, министрлікке тиісті қорытынды берді.

Экология министрі Серікқали Брекешев Қ. Тоқтасынды жұмысынан қууға М. Барсуковскийдің арызы себеп болмағанын атап өтті.

Оның мәліметінше, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушының бұйрығымен "еңбек міндеттемелерін құрметтеуге тұрарлық себепсіз қайталап орындамағаны үшін" жұмыс берушінің бастамасы бойынша "Ертіс орманы" бас директоры Қадырбай Тоқтасынмен арадағы еңбек келісімшартын бұзу туралы шешім қабылданыпты. Бұл ретте оның тәртіптік жазаларының бары ескерілген.

"Қ. Тоқтасын бұған дейін біріншіден, 2021 жылғы 11 маусымдағы бұйрықпен мемлекеттік орман қоры аумағында ірі өртке жол бергені үшін "қатаң сөгіс" түрінде тәртіптік жазаға тартылды. Дала өрті орманға өтіп, 583,55 гектар жанып кеткен. Екіншіден, оған 2021 жылғы 10 тамызда кешенді тексеріс нәтижелері бойынша "қатаң сөгіс" түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Үшіншіден, келісімшартты бұзу туралы шешім Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хаты негізінде қабылданды", – деді министр.

Ол хатта 2021 жылғы қыркүйекте резерватты жоспардан тыс тексерудің қорытындылары келтірілген екен. Тексеру нәтижесінде 1 млн 645 мың теңге көлемінде бұзушылық табылған көрінеді.

Бұдан бөлек, Экология министрлігінің кадрлық жұмыс департаментінің директоры атына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінен де қызметтік хат түсіпті. Онда Қ. Тоқтасынның қызметтік автокөлікті мақсатсыз пайдалануы фактісі келтіріледі.

"Ендеше айтылғанды ескере отырып, Қ. Тоқтасынмен еңбек келісімшартын бұзу туралы шешім М. Барсуковскийдің шағымын қанағаттандыру мақсатында емес, резерваттың бас директорының еңбек міндеттемелерін құрметтеуге тұрарлық себепсіз тиісті дәрежеде орындамағаны және нақты теріс қылықтары үшін Еңбек кодексіне сай қабылданды", – деп түйді министр.

Даудан басы арылмаған мекеме

Қалай болғанда, "Ертіс орманына" басы жанжалға шатылмайтын қожайын құтаятын емес. Мысалы, 2016 жылы онда коррупциялық "өрт" қаулады. Резерваттың сол кездегі бас директоры Құмар Құсайынов бюджет қаражатын талан-тараж етті деген айыппен ұсталды. Онымен бірге облыстық инспекцияның басшысы Мәулен Қанатбаев пен оның қоластындағы шенеунік – бөлім басшысы Дәурен Шағалиновтың қолына да кісен салынды. Сот анықтағанындай, олар пара алған, өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлаған. М. Қанатбаев жеті жарым жылға, Д. Шағалинов жеті жылға, Қ. Құсайынов бес жылға сотталды.

Құсайынов резерват тізгінін сол жылдың қаңтарында алған болатын. Оған дейінгі бас директор орманда заңсыз ағаш кесудің жиілегені әшкереленген соң жұмысынан қуылды. Прокурорлар кем дегенде 12 мың текше метр орманның орнында түп-томарлар ғана қалғанын әшкерелеген. Қарағайлардың құрбан болуына резерваттың 6 қызметкері айыпты деп танылды. Олардың мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандықтары шектелді.

Ал былтыр "Ертіс орманы" резерватының қызметкерлері бюджет қаражатын ұрлау үшін "орнықты схеманы жолға қойғаны" мәлім болды. Павлодар бойынша антикоррупциялық қызмет сотқа дейінгі тергеуді аяқтап, жалпы сомасы 6,6 миллион теңгенің ұрланғанын хабарлады. 

Бұдан бұрын "Ертіс орманының" күзет қызметінің басшысы заңсыз аң аулау үстінде ұсталып, жұмысынан қуылған.

Резерваттың жаңа басшылығы жағдайды қаншалықты түзете алатыны әзірге белгісіз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу