"Ертістің" біраз былығы ашылды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2093

Клуб қызметіне аудиторлық тексеру жүргізілді.

"Ертістің" біраз былығы ашылды

2020 жылғы 27 наурызда "Ертіс" футбол клубындағы аудиторлық тексеру аяқталды. Аудитті "Atameken-Aydit" ЖШС тәуелсіз аудиторлық ұйымы жүргізді. Бүгін клубтың ресми сайтында аталған тексерістің қорытындылары жарияланды.

Аудиторлар 2017-2019 жылдардағы салықтық аударымдарға, кредиторлық қарыздың жағдайына, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына ерекше назар аударған екен.

Сонымен аудит барысында "Ертіс" футбол клубының қызметінен бірнеше өрескел заң бұзушылықтар анықталды.  

Біріншіден, аудиторлар клубтың бухгалтерлік және салықтық есепті ұйымдастыруын өте нашар деп бағалады.

Екіншіден, клуб мемлекеттік кірістер органдарына дұрыс есеп бермеген. Соның салдарынан төленбеген салық сомасы 973,9 млн теңгені құрап отыр.

Үшіншіден, клуб 2017-2019 жылдары жер салығын мүлдем төлемеген.

Төртіншіден, бапкерлер мен ойыншыларға сыйақы төлеуге жұмсалған шығындардың жалпы сомасы 379,5 млн теңгеден асып кеткен. Оның ішінде 10 легионер мен бас бапкердің легионерлермен жұмыс істейтін көмекшісіне сыйақы 181,9 млн теңге көлемінде артық төленген. Сондай-ақ, 13 футболшы-резидентке төленген сыйақы мөлшері негізсіз көтерілген. Дәлірек айтсақ, 197,5 млн теңге артық аударылған.

Бесіншіден, клубтың әкімшілік-басқару персоналы қызметкерлерінің жалқысы 44,4 млн теңгеден астам сомаға негізсіз көтерілген. Ол аздай, спорттық нәтижеге ешқандай қатысы жоқ әкімшілік-басқару персоналының кейбір қызметкерлеріне негізсіз сыйақылар мен сыйлықақылар төленген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша мұндай төлемдердің жалпы көлемі 36 млн теңгені құраған.

Алтыншыдан, клубта нақты жұмыс істемеген адамдарға жалған келісімшарттар бойынша жалақы төленіп келген. Бұған 8 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Жетіншіден, еңбек шарттарына және азаматтық-құқықтық шарттарға үлестес адамдардың мүддесі үшін қосымша келісімдер жасалған. Мұның бәрі клубқа қаржылық тұрғыдан салмақ салғаны айтпаса да түсінікті.  

Сегізіншіден, клуб басшылығының қабылдаған кейбір шешімдері сот ісін қозғауға, осылайша 541 млн теңге көлемінде шығын шығаруға алып келген.

Тоғызыншыдан, құны 31 млн теңге болатын медициналық дәрі-дәрмектерді растайтын тиісті құжаттарсыз есептен шығарған.

Мұның барлығы 2019 жылдың соңына дейінгі деректер. Бұған 2020 жылдың деректері енген жоқ. Клубтың жыл басталғалы бергі жағдайы да мәз емес. Соңғы үш айда клубтың жалпы қарызы шамамен 580 млн теңгені құраған.

"Ертіс" футбол клубының қамқоршылық кеңесі аудиторлық тексерудің қорытындысымен танысты", – делінген ресми хабарламада.

Еске сала кетейік, біз наурыз айының ортасында Павлодар футболындағы тоқырау туралы мақала жазған едік. Онда өңірдегі "Ертіс", "Екібастұз" және "Ақсу" футбол клубтарының мәселесін қамтуға тырыстық.

Енді футбол жанкүйерлерін бір ғана сұрақ алаңдатып отыр: "Ертіс" футбол клубы банкрот бола ма? Әзірше, бұған нақты жауап табу қиын. Сондықтан, оны уақыттың еншісіне қалдырдық.

Фархат Әміренов

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу