Кейінгі кезде қаржыгерлер асыл тастарға "табына" бастағандай: айналадағы әлемнің тұрақсыздығы шайқалса болғаны, онда "бағалы металл сатып алуға" жүгіреді. Оны аласапыранға түскен жаһандық айдындағы "тынық айлақ" санайды.
Дегенмен тарих мұндай идеяларға белгілі бір сақтықпен қарауды үйретеді. Өйткені кез келген актив көпшілік оның бағасы әрі қарай да өседі деп сенгенше ғана қымбаттайтынын ескерген жөн.
Қарапайым, тұрмыстық мысалдан бастайық. Қазақстан азаматы дәл екі жыл бұрын – 2024 жылдың 13 наурызында 10 миллион теңгеге алтын сатып алды делік. Сол кезде ҚР Ұлттық банкінің дерегінше, алтынның бір граммы 31 438 теңге тұрған. Бұл сомаға шамамен 318,08 грамм метал сатып алуға болатын еді.
Егер сол инвестор екі жылдан кейін – 2026 жылдың 13 наурызында осы 318 граммды нарықта немесе банкке сатса, тіпті Ұлттық банкке кері өткізсе, онда оның қолына шамамен 26 миллион 54 мың теңге санап береді. Басқаша айтқанда, оның пайдасы екі жылда шамамен 16 миллион теңгені құрар еді, деп жазады inbusiness.kz.
Көптеген адам үшін бұл мінсіз дерлік инвестициялық салым болып көрінуі мүмкін: мұндай табыстылықты банктік депозиттер немесе тіпті мемлекеттік облигациялар да ұсына алмайды. Алайда мұнда бір қарапайым нәрсені есте ұстаған жөн: бұрынғы табыстылық – бұл әрине, әдемі статистика, бірақ ол болашақта міндетті түрде солай болатынын білдірмейді.
Сондықтан бірден ескертеміз: бұл материал тек оқырманды ақпараттандыруды көздейді және қандай да бір инвестициялық ұсыныс болып табылмайды. Кез келген адам кез келген инвестициялық шешім қабылдамас бұрын мамандармен кеңесе отырып, тәуекелдерін өзі бағалауға тиісті.
Оның үстіне Finance.yahoo.com жазғандай, бір шарт орындалса, алтын бағасы мүлде құнсызданып қалуы мүмкін. Ол қандай шарт? Алтынды жаппай сату адамзат тарихындағы ең ірі қаржылық күйзелістердің бірін тудыруы мүмкін. Алтын бағасының құлдырауынан кейін қалпына келу бірнеше жылға дейін созылуы ықтимал.
Әлемде қанша алтын бар
Дүниежүзілік алтын кеңесінің бағалауынша, адамзат бүкіл тарихында шамамен 219 880 тонна алтын өндірген. Сонымен қатар Жер қойнауында барланған қорлар тағы шамамен 132 000 тоннаны құрайды. Яғни, қазіргі бағалаулар бойынша адамзат жерден әлі өндіруге болатын кеннен әлдеқайда көп алтынды алып үлгерді.
Бүгінде алтын үкіметтердің, корпорациялардың және жеке инвесторлардың қолында сақтаулы. Егер ертең бәрі өз алтын қорларын сатуға шешім қабылдаса, әлемдік экономика мен валюталар "күйретуші күйзелістерге" душар болар еді.
Жердегі алтынның нақты мөлшерін анықтау қиын, өйткені оның өндіріс тарихы мыңдаған жылдарға созылады, деп жазады Yahoo Finance. Оның үстіне бұл металдың басым бөлігі банктердің сейфтерінде жатқан жоқ.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, алтын қор құрылымы бойынша болжам келесідей:
• Зергерлік бұйымдар түріндегісі – шамамен 98 000 тонна (әлемдік алтын нарығының 44%-ы);
• Алтын құймалары, монеталар және биржалық қорлар (ETF) түрінде – шамамен 51 000 тонна (23%);
• Шамамен 38 600 тонна орталық және ұлттық банктерге тиесілі (18%);
• Мемлекеттік резервтерде – 54 000 тонна алтын сақтаулы;
• Басқа санаттар – 32 600 тонна (15%);
• Барланған алтын ресурстары – 132 000 тонна.
Мұнда маңызды бір жайт бар. Акциялар немесе облигациялардан айырмашылығы, алтын толық көлемде нарықта саудаланатын актив емес. Бұл бағалы металдың орасан бөлігі – сейфтердегі зергерлік бұйымдар, коллекциялық монеталар немесе қоймада ондаған жылдар бойы қозғалыссыз жата беретін мемлекеттік резервтер. Яғни, алтын нарығындағы ұсыныс – бүкіл алтынның тек шағын бөлігі ғана.
Осы орайда кейде экономикалық ортада, соның ішінде Yahoo Finance-та талқыланатын сценарийді елестетейік: бір күні бүкіл алтын кенеттен нарыққа шығарылса не болады? Алтынды жаппай сату тарихтағы ең ірі қаржылық күйзелістердің бірін туындатар еді.
Бірінші реакция
2026 жылғы 15 наурызда алтын бағасы бір унциясы үшін шамамен 5020 долларды құрады. Салыстырсақ, наурыздың басында ол шамамен 5300 долларға дейін шығандаған болатын.
Егер нарықта бір мезетте шамамен 200 мың тонна алтын саудаға қойылса, онда ұсыныс сұраныстан ондаған есе асып түсіп, алапат дағдарыс туғызады. Бірінші реакция, ең алдымен, бағалардың күрт құлдырауы болар еді.
Қаржы нарықтары мұндай көлемдерді игере алмасы мәлім, сондықтан кейбір биржалар дүрбелеңді тежеу үшін сауданы уақытша тоқтатуға мәжбүр болады.
Қолында алтын құймалары бар инвесторлар өз активтерінің құнының тез төмендеп бара жатқанын байқап, абыржуға бой алдыруы мүмкін. Дилерлер мен банктер жаңа бағаны дұрыс бағалай алмағандықтан, уақытша сатып алуды тоқтатары сөзсіз.
Алайда бұл бейберекет хаос ұзаққа созылмас еді. Мұнда нарықтың классикалық қисыны іске қосылады. Егер баға күрт төмендесе, оны "тым арзан" деп санап, алып қалуға тырысатын адамдар әрқашан табылады. Инвесторлар болашақтағы өсімді есепке алып, металды белсенді түрде сатып ала бастайды. Нәтижесінде, осы сұраныс арқылы біртіндеп нарықты тұрақтандырар еді.
Мысалы, бүкіл әлемде миллиондаған адам 2009 жылы бағасы тіпті бір центке де татымаған кезінде биткоинды сатып ала алмағанын өкінішпен еске алатын шығар. Әсіресе 2010 жылдың мамыр айы жиі еске алынады: сол кезде 10 000 BTC-ке екі пицца сатып алынған тарихи оқиға тіркелді. Өйткені 1 монетаның бағасы шамамен 0,0025 доллар болған.
Бұл оқиға криптовалюта әлемінде әлдеқашан аңызға айналды: уыстан сусып кеткен мүмкіндіктің символы саналады. Егер биткоин кенеттен қайтадан сол ұмыт бола бастаған деңгейлерге дейін құлдыраса, ескі психологиялық гештальтты жабу үшін деп, оны сатып алуға дайын мыңдаған адам табылары сөзсіз.
Бұл ретте биткоин жай ғана цифрлық валюта, ал, алтын – қолға ұстап көруге болатын асыл метал. Ендеше алтын жағдайында апат драмаға толы болуы мүмкін, бірақ шексіз созылуы неғайбыл.
Орталық банктер мен нарықтардың реакциясы
Мұндай жағдайда ерекше рөлді орталық банктер (Қазақстанда – Ұлттық банк) атқара алар еді. Олар әлемдік алтын резервтерінің едәуір бөлігіне ие және дағдарыс жағдайларында әрекеттерді өзара үйлестіру тәжірибесіне ие.
Теориялық тұрғыдан алғанда, үкіметтер бағалардың орасан зор құлдырауын болдырмау үшін алтынның бір бөлігін сатып алу туралы келісімге келе алар еді. Мұндай ұжымдық әрекеттер қаржы нарықтарында жүйені тұрақтандыру қажет болған кезде бұрын да қолданылған.
Бұл экономикаға қалай әсер етер еді
Алтын бағасының күрт төмендеуі көптеген салалар мен инвесторларға әсер етер еді:
• тау-кен өндіруші компаниялар, зергерлік бұйым өндірушілер және алтынды шикізат ретінде пайдаланатын өндіріс орындары зардап шегер еді;
• алтын өндіруші корпорациялардың акцияларының құны төмендер еді;
• алтынмен байланысты ETF және инвестициялық қорлар құнсызданар еді;
• шикізат пен зергерлік өнімдердің бағасы өзгерер еді;
• жалпы алғанда, көптеген тауарлар мен қызметтердің бағасы төмендеуі мүмкін.
Басқаша айтқанда, мұндай күйзелістің салдары тек бағалы металдар нарығымен ғана шектелмей, әлдеқайда кең таралар еді.
Тарихи мысал: "Күміс бейсенбі"
Тарихта ұқсас баға құлдырауының мысалы бар – бірақ ол алтын нарығында емес, күміс нарығында болған. 1970-ші жылдардың соңында америкалық миллиардерлер Нельсон Банкер Хант пен Уильям Герберт Хант күмістің орасан көлемін сатып алды. 1979 жылдың соңына қарай олар әлемдік күміс қорларының шамамен үштен бірін өз бақылауында ұстады. Сол кезде күмістің бағасы бір унция үшін шамамен 25 долларға дейін көтерілді.
Алайда COMEX тауар биржасы ағайынды Хант сияқты инвесторларға шикізат тауарларын, соның ішінде күмісті маржа арқылы (яғни инвестиция үшін қарыз ақшаны пайдалану арқылы) сатып алуға кедергі жасау мақсатында сауда ережелерін күрт өзгертті.
Брокерлер мәмілелер бойынша күмістен басқа қосымша кепілзаттарды талап етті, алайда ағайынды Ханттар қарыздарын тез қайтаруға дайын болмай шықты.
1980 жылдың 27 наурызында тарихқа "Күміс бейсенбі" деген атпен енген оқиға болды. Металл бағасы бір күннің ішінде шамамен 50%-ға құлап, бір унция үшін 11 доллардан төмен деңгейге түсті. Бұл қаржы нарықтарының эйфориядан дүрбелеңге қаншалықты тез ауыса алатынын көрсететін классикалық мысал.
Қалпына келу қанша уақытқа созылар еді
Алтын бағасының құлдырауынан кейін қалпына келу бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Бағаның төмендеуі жаңа сатып алушыларды тартар еді. Өз кезегінде өндіруші шахталар өндірісті қысқартады, осылайша сұранысты арттырып, ұсынысты азайтар еді.
Алтын тарихи тұрғыдан сенімді табыс көзі болып есептеледі. Экономикалық белгісіздік кезеңдерінде инвесторлар оны жинақ құралы ретінде пайдаланады. Бұл жаңа сатып алушыларды тартып, алтын бағасының қайта қалпына келуіне көмектесер еді.
Бұл металдың сондай-ақ физикалық және өндірістік құндылығы бар: ол электроникада, зергерлік өнеркәсіпте, медицинада қолданылады. Сондықтан баға айтарлықтай құбылған күннің өзінде, алтын әдетте белгілі бір құндылығын сақтайды, деп жазады "Финам".
Бір гәп бар...
Әлемде алтын бітіп қалғалы жатыр деп дүрлігуге негіз жоқ. Біз әлі күнге дейін планетада қанша алтын барын нақты білмейміз. Ірі қорлар мұхит түбінде, тау массивтерінде немесе мұздықтардың астында жатуы мүмкін.
Егер болашақта өндіру технологиялары түбегейлі өзгеріп, металдың орасан жаңа көлемдері қолжетімді болса, бұл нарықтың тепе-теңдігін едәуір өзгертуі мүмкін. Бірақ әзірге бұл экономикалық шындықтан гөрі геологиялық гипотезалардың тақырыбы болып қала береді.