Ешқашан кедейленбейтін жалғыз мемлекет белгілі болды

649

Таяу Шығыс елдерінің жаһандық деңгейде мерейі тасып жатыр, құпиясы неде?

Ешқашан кедейленбейтін жалғыз мемлекет белгілі болды Фото: canva

Қазақстан Ұлттық банкінің 18 мамырға арналған "Валюталардың күн сайынғы ресми (нарықтық) бағамдарында" қызықты бір дерек көрсетілген. Атап айтқанда, онда ресми бағамы 1,6 мың теңгеден асқан валюта бар.

"2025 жылғы 18 мамырдағы жағдай бойынша 1 Кувейт динарының (KWD/KZT) ресми, нарықтық бағамы 1 657,91 теңгеге теңелді", – деп хабарлады ҚР Ұлттық банкі.

Салыстырсақ, Қазақстанда одан кейінгі 2-орынға сыпайы ғана жайғасқан Ұлыбритания Біріккен Корольдігінің 1 фунт стерлингі (GBP/KZT) бүгінде 677 теңге тұрады. Кувейттік динардан 2,5 еседей арзан.

1 швейцар франкі (CHF/KZT) 609,02 теңгеге бағаланды. Ұжымдық Еуропаның еуросы қазақстандық биржада 570,6 теңгеден, ал, АҚШ доллары 509,51 теңгеден сатылды.

Дегенмен, дүниежүзінде Кувейт валютасы сияқты "удай" қымбат басқа да валюталар бар. Олар да – Таяу Шығыс елдеріне тиесілі. Бұл өңір әлемдегі ең құнды валюталар рейтингінің көш тізгінін ешкімге бермей келеді.

Сонымен, 2025 жылғы сәуірдің қорытындысында ғаламшарымыздағы ең қымбат валюталардың үштігіне – кувейттік динар (KWD), бахрейндік динар (BHD) және омандық риал (OMR) кірді. 4-орынға иорданиялық динар ілікті. Мұндай ғаламат жетістікке осы елдер жер қозғалса қозғалмайтын тұрақты саясаты, орнықты экономикасы және қара алтынның ыланойран қоры арқасында қол жеткізді.

Айта кету керек, өздерін "әлемдік көшбасшы держава" санайтын АҚШ-тың, Еуропаның және Ұлыбританияның "ТОР резервтік валюта" есептелетін ұлттық валюталары – доллар, еуро мен фунт стерлинг тиісінше 11, 10 және 5-орынды місе тұтты. Спорт комментаторлары тілімен айтқанда, жеңіс тұғырынан тыс қалды.

"Доллар, еуро және фунт стерлинг – әлемдегі ең танымал валюталардың бірі. Бірақ олар осы тұрғыдағы бірде бір рейтингте ең қуатты позицияға ие бола алмады. Дүниежүзіндегі ең қымбат валюталар арасында мұнайға бай өңірдің ақша бірліктері көшбасшы болып табылады. 2025 жылғы сәуірдің ортасында жаһандағы ең қымбат валюталардың тізімдеріндегі үштікке Таяу Шығыс елдерінің ұлттық валюталары енді", – деп жазады Google Финансы.

Сарапшылардың айтуынша, әлемде валюталардың құнына бірден бірнеше фактор ықпал етеді, бұлар:

  • Елдегі экономикалық ахуал,
  • Қажетті шикізаттар мен қуат көздерінің, әсіресе, мұнай мен алтынның қоры,
  • Орталық-ұлттық банкі жүргізетін монетарлық саясаттың сауатты не сауатсыз болуы,
  • Елдегі саяси ахуалдың тұрақтылығы не тұрақсыздығы.

Валюталар ішіндегі ең беделділерінің рейтингінде үшінші тұғырда орныққан омандық риал – Оман елінің ұлттық валютасы. Бұл ел Сауд Арабиясымен, БАӘ-мен және Йеменмен шектеседі.

Биржада 1 омандық риал үшін 2,60 доллар сұралады. Алайда дүкендерде, базарда және басқасында ол үшін бірден үш "америкалықты" беруге тура келуі мүмкін.

Оман төрткүл дүниенің барлық дерлік бұрышын, барлық дерлік континентті мұнайымен қамтып отыр. Олардың бәрі осы елді байытуға жұмыс істеп жатыр. Осының арқасында Оманның ұлттық валютасының бағамы жоғары деңгейде сақталады. Адамзат тарапынан қара алтынға сұраныс болса, Оман кедейленбейді.

Айта кету керек, қазақ елінің Тәуелсіздігін нығайтуға Оман елінің шапағаты тиді. 1992 жылғы 17 шілдеде дәл осы Оман Сұлтанаты Қазақстанмен тұңғыш келісімге қол қойып, соның негізінде кейін "Каспий құбыр консорциумы" (КҚК немесе КТК) магистральды құбыр жүйесін салып берді. Кейін келісімге Ресей қосылды, онсыз болмады, өйткені құбырдың басым бөлігі соның аумағымен өтеді.

Рейтингтегі 2-орында – "күміс тақта" бахрейндік динар отыр. Біздің бір ғана Қарағанды облысының аумағына (239 045 шаршы шақырым) шамамен 341 Бахрейн сиып кетеді (701 шаршы шақырым).

Осы шағын мемлекет Бахрейн әлемдегі ең тұрақты экономиканы, кез келген дағдарысқа шыдамды қаржы жүйесін құрып алды. Бұл ел де әлемнің көптеген елін мұнайымен қамтып отыр.

Бірақ онымен шектелмейді, Бахрейннің бүкіл дүниежүзіндегі құнды активтерінің саны мен ауқымы ұшантеңіз: алпауыт футбол және спорт клубтарынан бастап, ірі банк, кенорындары, зауыт-фабрикаларға дейін.

Оның бәрі осы елдің ауқатын арттыруға қызмет етеді. Соның бәрі Бахрейннің ұлттық валютасының орнықтылығына және әлемдік нарықтағы ең күшті позициясына да дем береді, тірек болады.

1 бахрейндік динар үшін де базарда 3 америкалық доллар талап етіледі.

Әлемдегі ең қымбат №1 валюта, сөзсіз – кувейттік динар. Жер ғаламшарындағы климаттық күйзелістен ең қатты зардап шегіп жатқан өңірлердің бірінде орналасқанына қарамастан, Кувейт байырғы халықтардың бәрі аңсаған "жерұйықты" орната алды. Бұл елге қатысты мақтау, мадақ, ода шексіз – тонна-тонна кітап пен терабайт видео, аудио және қарапайым жазба жазылған.

Сәуірде кувейттік динардың биржадағы бағамы рекордтық 3,26 доллардан асты. Алайда базарда және күнделікті өмірде оған қол жеткізу үшін 5 "америкалық жасылды" табыстауға да тура келуі мүмкін.

Осы ғажайып үш валютаның әлемдегі ең ірі резервтік валютаға айналмауына олардың шығарылым, эмиссиясының шектеулілігі, нарықта тапшы болуы әсер етсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу