"Ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ": Бүгін Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады

817

Бұл атаулы күннің мәні – ХХ ғасырдың 20-50 жж. саяси қуғын және ашаршылық құрбандарын еске алу.

"Ешкім де, ештеңе де ұмытылған жоқ": Бүгін Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алады Фото: aqorda.kz

1920-1950 жж. саяси қуғын-сүргін бұрынғы КСРО құрамындағы барлық республикалар мен халықтарға қасірет әкелді. Саяси қуғын-сүргіннен аман қалған елдімекен кемде-кем.

Жаппай қудалау хан-сұлтан ұрпақтары мен би-бағландарға, ірі және ауқатты "жартылай феодалдарға", "орта шаруалар" мен қарапайым шаруаларға – елдің бас көтерер азаматтарына қарсы бағытталды.

Ұжымдастыру, кеңестік саяси-экономикалық реформалар жергілікті халықтың саяси, шаруашылық өмірімен үйлеспеді. Халық шаруашылығын басқарудағы сауатсыздықтың кесірінен болған ашаршылықта Қазақстан ғана емес, Ресей, Украина, Беларусь, Молдова тұрғындары да зардап шекті.

Халыққа араша болып, шындықты айтқан зиялылар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адам "қызыл террордың" құрбаны болды.

Бұл атаулы күннің қазіргі ұрпақ үшін сабағы – саяси қуғын-сүргін тақырыбы жазықсыз құрбан болған тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында зерделенуге тиіс.

1928-1936 жылдар аралығында Ресей, Беларусь, Украинадан қуғын-сүргінге ұшыраған сан мыңдаған адам Қазақстанға жер аударылды.

ГУЛАГ-тың ең ірі АЛЖИР, Степлаг, Карлаг сияқты ірі лагерлері Қазақстанда орналасты.

31 мамыр күні "Алжир", "Карлаг" мемориалды-мұражай кешендеріне арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, білім беру ордаларында сынып сағаттары өтеді.

Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсат – кешегі тарихымызға объективті көзқарас қалыптастыру, тарихи ақтаңдақтарды жою, қазіргі жас ұрпаққа және келешек буынға Қазақстан халқының өткен тарихы, жүріп өткен жолы мен жиған тәжірибесі туралы нақты мағлұмат беріп, тарихи фактілерді бұрмалаусыз жеткізу.

Бұл атаулы күн – халықтың тарихи жадысына деген құрмет.

Өткен заманның жазықсыз құрбандарының арасында халқымыздың біртуар перзенттері де аз болған жоқ. Тарихи әділеттілік оларды ақтап қана қоймай, ұлт үшін ұлы істер тындырған тұлғалардың еңбегін еске алып, келешек ұрпаққа жеткізу, жастарға үлгі етуді талап етеді.

Биыл ұлт зиялылары, айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері Сәкен Сәйфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин мен Тұрар Рысқұловтардың 130-жылдығы, Санжар Асфендияров, Жүсіпбек Аймауытов және Ораз Жандосовтардың 135 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілуі – Тәуелсіздігімізбен бірге келген тарихи әділеттіліктің орнағанының белгісі.

Бұл атаулы күннің тарихи  маңызы – өткенді еске алып, опыну емес, кеше жүріп өткен жолымыз бен бастан өткерген тәжірибенің халықтың салт-санасына, сапасына қалай әсер еткенін түйсіну.

Қазақ елі тағдыры талауға түскен талай халыққа пана болды. КСРО-ның түкпір-түкпірінен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған түрлі халықтар туған жерінен тамыры ажырап, Қазақстанға күштеп жер аударылды.

Бір жағынан, кеңестік жүйенің теперішін көргендер қазақ жерінен сая тапса, екінші жағынан, олардың көбі жергілікті жерге сіңісіп, жаңадан тамыр жайды.

Еліміз корейлер, ирандықтар, немістер, қарачайлықтар, қалмақтар, шешендер, ингуштар, балқарлар, қырым татарлары және т.б. депортацияланған ұлт өкілдерінің екінші Отанына айналды.

Соншама ұлт өкілдері, тегі де, діні де, тілі де әр басқа адамдардың бір елді мекендеп, тату-тәтті тірлікке бейімделуі осы жердің иесі – қазақ халқының алысты жақындатып, жақынды туыс ететін бауырмалдық пен адамға деген шынайы жанашырлығының және гуманистік құндылықтарының арқасында жүзеге асты.

Бүгінгі қоғамдық бірлік, этносаралық татулық, жасампаздық құндылықтарының негізінде қазақ халқының табиғи жаратылысындағы адамға жанашырлық, қайырымдылық, өзара көмек деген қасиеттер жатыр.

Атаулы күн барша қазақстандықтар үшін қоғамдық бірлік, халықтық ынтымақ пен ұлттық ұйысудың маңызын еске салады.

Тікен еккен жерден гүл шықты. Тарихи Отанынан ажырап, жер аударылған этностар қазақ топырағына тамыр жайып, бүгінде Қазақстан халқын құрап отыр.

Қазақ халқы жер айдалып келген ұлттар мен ұлыстардың ешқайсысын сыртқа тепкен жоқ. Бүгінгі бейбіт тіршілік пен тату көршілік қоғамдық әдет-құлыққа айналса, бұл – қазақ халқының мейірбандығы, адамға деген жанашырлығы мен бауырмалдығының арқасы.

Қазақстанда тұратын 100-ден аса этнос өкілдері мұны жақсы түсінеді, сондықтан қазіргі таңда олардың ұрпақтары өздерін Қазақстан азаматымыз деп танып, туған Отаным деп мойындайды, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілін үйренуге, оның насихатын арттыруға күш салып жүр.                                                       

Олардың ішінен Қазақстанның рухани-мәдени, экономикалық, ғылыми дамуына үлес қосқан талай дарынды азаматтар шықты.

Оның бірі – жеті жасында қазақ жеріне жер аударылған қазақ-неміс жазушысы Герольд Бельгердің мынандай сөзі бар:

"Мен Қазақстанға жеті жасымда келдім деп айттым ғой. Қазақ ауылында өстім, қазақ балаларымен ойнадым, қазақ мектебінде оқыдым… Демек, мен кіммін? Нағыз қазақстандықтың өзі болып шықпаймын ба?! Ол да аз. Қазақпын десем де болады. Өйткені, менің бүкіл ғұмырым, шығармашылығым Қазақ елімен, Қазақ жерімен тығыз байланысты. Содан да шығар, қазаққа қатысты мәселелерге немқұрайды қарай алмаймын, кейде өзімнің неміс екенімді ұмытып кететін кездерім болады".

"Алла тағала қазақтарға ниетіне қарай Тәуелсіздікті сыйлады. Жұрт қатарлы ел болу мүмкіндігін берді".

"Мен қазақтарға ризамын. Басыма қайғының қара бұлты үйірілгенде олар мені өз баласындай бауырына басып, азамат болып қалыптасуыма жол ашты. Мен осыны қалай ұмытамын?! Ұмытпаймын!".

Тарихи жадыны сақтау – халықтың ұжымдық сана-сезімін, рухани келбетін, ұлттық бейнесін сақтап қалу үшін өте маңызды.

Өткенді еске алу – кері тартуға емес, бүгінгіге шүкір айту, ертеңгі прогреске ұмтылуға түркі болуға тиіс. Өткеннің қасіретін тек аза тұту, жаппай қайғыру мен торығу тұрғысынан насихаттау – саяси манипуляция.

Миллиондаған жазықсыз жандардың басына орны толмас қасірет әкелген кеңестік билік келмеске кетті, КСРО ыдырады.

Келмеске кеткен саяси жүйенің құрбаны болған азаматтарды еске алуды желеу етіп, бүгінгі күнгі саяси пікірталасқа араластыру – олардың құрбандығының  құнын түсіру, арзандату.

Халықтың тарихын саяси мақсатта интерпретация жасаудың теріс үлгісі "Қызыл империя" кезінде болған. Өткеннің болғанын болғандай қабылдау ләзім. Одан сабақ алып, төл ұлттық мүддемізге сай әрекет еткен жөн.

Қазіргі Қазақстан билігі үшін тарихи шындықты қалпына келтіру, ақтаңдақтарды жоюмен қатар өткеннен сабақ алу, яғни, Тәуелсіздігімізді сақтау, Мемлекеттің тыныштығын қорғау, Азаматтардың амандығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл тұрғыда нақты шаралар жасалып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты – ұрандату емес, нақты іс тындыру. Соңғы жылдары адам құқығын қорғау бағытында бірқатар саяси шешімдер жүзеге асты. Өлім жазасына мораторий жарияланды, Конституциялық сот қайта қалпына келтірілді, сот тәуелсіздігін нығайту бағытында кешенді шаралар қолға алынды, Адам құқығы бойынша уәкіл институты күшейтілді.

Мұның бәрі – Тәуелсіз Қазақстан азаматтарының құқығы мен бостандықтарын сақтау үшін жасалған жүйелі қадамдар. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

Тарих бір күндік мақсатқа қызмет етпейді.

Атаулы күнде тарихты бұрмалауға, өткеннің оқиғаларын бүгінгі күннің саяси пайдасына жаратуға ұмтылудан аулақ болған жөн.

Ол үшін өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы тарихи шындықты осы саланың мамандары айтуға тиіс. Осы бағытта зерттеп, зерделеп, пікір айтып, кітап жазып жүрген тарихшы, зерттеуші, энциклопедист мамандардың мойнындағы жауапкершілік жүгі орасан.

Қазақстанның өткен тарихы, оның ішінде ХХ ғасыр тарихы қазір дайындалып жатқан 7-томдықта толық ашылады. Бұл – ешқандай бұрмалаусыз, саяси манипуляциясыз, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді мақсат еткен, тарихи ақтаңдақтардың орнын толтыратын құнды еңбек.

Сондықтан өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін оқиғалары мен ашаршылықтың себеп-салдары туралы қоғамдық пікір осы көптомдық жарыққа шыққан соң талқыланады.

Өткенді еске алу – әйтеуір бір кінәлілерді тауып, жазғыру немесе оларды айыптау емес.

Кеткен қателіктердің себеп-салдарын түгендеу – қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігін түсіну. Сталиндік репрессия кезінде "домалақ арыз" жазғандар да жеткілікті болды. Саяси және шығармашалық элитаның ішінде бір-бірін күндеу, көре алмаушылық, қызғаныш т.б. жағымсыз қасиеттердің белең алуы саяси жүйе құрбандарының көбеюіне әкелді. Бірақ мұны қазіргі ұрпақтар арасындағы дүрдараздық пен ел ішінде алауыздық тудыруға пайдалану – ұлтқа қарсы қылмыс.

Бұл тұрғыда Президент бастама ретінде көтерген "Адал азамат" құндылықтары қазіргі қоғам үшін аса өзекті. Себебі қоғамның бірлігі берік, ал мемлекеттің іргесі бекем болуы үшін оның әрбір мүшесі өз іс-әрекетінің елдің мүддесіне қалай әсер ететінін ойлағаны жөн.

Осылайша, 31 мамыр – өткеннен сабақ алып, ертеңіміз үшін ой түюге себеп болатын, ұлтты өсіретін идеяларды ортаға салатын күн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу