Ескерту! Биылғы жаз ең ыстығы болып тіркелді

1522

БҰҰ-ның Балалар қоры – UNICEF Қазақстан Үкіметі мен әкімдерге халықты, әсіресе, балаларды аптаптан қорғауға шұғыл кірісуді ұсынды.

Ескерту! Биылғы жаз ең ыстығы болып тіркелді Фото: canva.com

Қазгидромет елімізде ауа температурасы 45 градустан жоғары, алапат қызатынын ескертті. Шөл даладағыдай шақырайған күн астында көп жүрмеген жөн, синоптиктер ми қайнатар ыстық бірнеше күн бойы үстемдік ететінін қазақстандықтардың есіне салды. Осыған орай күні кеше бірқатар өңірлерде құмды дауыл туралы ескерту жарияланды.

Қазгидромет болжамынша, 28 және 29 шілде күндері Алматы облысының солтүстігі мен орталығында, Жетісу өңірінің оңтүстігі мен орталығында ауаның қатты қызуы күтіледі: ауа температурасы +40+41 градустан асып түсуі мүмкін. Бұл ретте мамандар негізінен көлеңкедегі жылуды есепке алатынын ескерген жөн. Жер апшысын қуырған күннің астында тіпті құмға таба қойып, жұмыртқа қуыруға болар.

Ұқсас ауа райы Қонаев қаласында да орнайды: 41 градус ыстық болжанады. Түркістан облысында ауа райының қызуы сұрапыл, +45 градусқа, Жамбыл облысында +40 градусқа жетпек. Еліміздің қалған өңірлерінде аптап пен қапырық сыртында қатты жаңбыр жауады деген жорамал бар. Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында +38 градустық қатты ыстық елдің, тірі жанның тынышын кетіруі мүмкін.

Мамандар еліміздің барлық дерлік өңірінде, соның ішінде Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстарында өрттің туындау қаупі жоғарылағанын айтып, дабыл қағуда. Демек, далада от жақпаңыз.

Биылғы жыл бүкіл адамзатқа қиынға соғып тұрғандай. Сауд Арабиясындағы қажылық кезінде жүздеген адамның жан тапсырғаны туралы әлемдік ақпарат құралдары жазды. Пәкістанда аптап ыстықтан шамамен 600 адам қаза тапқан, жергілікті ауруханалар, мәйітханалар шектен тыс толған.   

БҰҰ климаттың өзгеруіне қатысты ең нашар, қорқынышты болжамдарды растады және "дабылдың қызыл сигналын" ("красный сигнал тревоги") жариялады. 2024 жылдың жазы – жаһан тарихындағы ең ыстық жаз болып танылды. Назар аударатын жайт, 2023 жылдың жазы – тарихтағы ең ыстығы болған! Биылғы жаз одан да асып түсіп, рекорд орнатты.

Үрейден ғалымдардың жаны түршігіп, тізелері қалтырауда: NASA, Еуроодақ жанындағы Коперник климат орталығы сияқты жетекші ұйымдардың мәліметінше, теңіз бетіндегі судың қызуы 15-ші ай қатарынан рекорд жаңартып жатыр. Шетелде демалып қайтқан қазақстандықтар да мұны сезген болар: мұхитқа құятын теңіздердің біріне шомылған жан қайнай бастаған қазанға түскендей, теңіз суының тым ыстықтығынан әлдебір жайсыздықты сезінеді.

Дүниежүзілік курорттардың жағажайларында саяхатшылардың, жергілікті тұрғындардың су ішінде, шомылу үстінде талып қалу оқиғалары жиілеген. Теңіз жануарларының қырылуы, киттердің, акулалардың, яғни, тұңғиықтарды мекендейтін ірі сүтқоректілердің және алып балықтардың өзін жағаға лақтырып, өлтіруі деректері көбейген.  

Би-Би-Си зерттеушілерге сілтеме жаса, 2024 жылғы ыстықты "өнеркәсіптік дәуірдегі климаттық катаклизмге" қосты: тек соңғы үш аптада әлем заманауи тарихтағы ең ыстық 3 күнді бастан өткерді. Бұл дегеніміз, дүниежүзінде мұнша ыстық күн бір жыл ішінде болмаған деген сөз. Сорақысы сол, ВВС дерегінше, былтырдан бергі соңғы 13 ай қатарынан құрлықта да тарихи температуралық рекордтар тоқтаусыз жаңаруда.

"Рекордтық ыстық жаһанда жарты миллион адамның қырылуына соқтырды. Адамдар экстремалды, ғаламат аптап ыстықтан өлуде. БҰҰ планетарлық масштабтағы жаңа эпидемия туралы мәлімдеді. Метеорологтар барлық елді ескертті: 2024 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жылға айналады және сондай саналған кейінгі 9 жылдың бәрінен салмақты түрде қара үзіп, биік көтеріледі", – деп хабарлады Би-Би-Си.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мұны бүкіл адам атаулының ортақ зұлматы деп атады. Адамдардың кесірлі қызметінің салдарынан туындаған жаһандық жылыну үдемелі қарқын алуда. Ғалымдардың айтуынша, мүлдем құрудан сақтану үшін Жер-Ана, ғаламшарымыз табиғи қорғанышын іске қосты: "Эль-Ниньоны", яғни, Тынық мұхит бетінің жылынуы феноменін "Ла-Нинья" ауыстыруда: бұл мүлдем кері құбылыс және планетадағы температураны суытуға бағытталған.

Бұрынғы замандарда, яғни алып астероидтар құлап, жердің қызуы көтерілгенде, мұндай құбылыс "Мұз дәуірінің" туындауына соқтырған. Қазіргі кезде "Ла-Ниньяға" қарамастан, температура үздіксіз жоғары өрлеуде. Мұндай қақтығыс пен қарама-қайшылық табиғи апаттардың көбеюіне, таумен таласа алар алып цунамилерге соқтыратынға ұқсайды.  

"Жер күн сайын қарқынды түрде қызып барады. Әлемнің әр түкпірінде, барлық жерде өмір сүру қауіпті бола бастады", – деп, халықаралық қоғамдастыққа қайрылған БҰҰ жетекшісі Антониу Гутерриш экстремалды аптапты тоқтату енді қиын болатындықтан, ең құрыса, оның салдарларымен күресу үшін жаһандық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Гутерриштің айтуынша, температура көп елде 50°C-ге дейін жететінді шығарды, бұл "адам өмірімен үйлеспейтін" жағдайлар туғызады.

Өз кезегінде Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) осы аптада жариялаған баяндамасында, бүгінде әлемдегі барлық жұмысшылардың 70%-ы немесе 2,5 миллиардтай адам жан төзбес ыстықтан жапа шегіп жатқанын мәлім етті. Ғалымдардың тұжырымдауынша, термометрдің бағанасы 34°C-ден көтерілсе болды, еңбек өнімділігі екі есе құлайды.

Температураның ізімен экономикалық шығындар да өсіп барады. БҰҰ оны 2030 жылға қарай 2,4 триллион долларға жетеді деп бағалап отыр. 1990-шы жылғы шығын болжамы бұдан 10 есе аз болып еді.

Біріккен ұлттар ұйымының есебінше, қазіргі кезде аспан айналып жерге түскендей аптап ыстықтан жыл сайын жарты миллион адам өледі. Бұл күйретуші алапат дауылдардың құрбандары санынан 30 есе (!) көп.

Бұл нәубет Қазақстанды да айналып өтпейтін сыңайлы. ЮНИСЕФ "Еуропада және Орталық Азияда аптап ыстықтан жыл сайын шамамен 400 бала көз жұматынын" мәлім етті. Бұл 24 шілдеде халықаралық ұйым жариялаған жаңа аналитикалық құжатта айтылады. Онда аптап ыстықтың зиянды әсеріне ерекше сезімтал жас балаларды қорғауды қамтамасыз ету үшін үкіметтерге арналған 6 ұсыныс баяндалған.

ЮНИСЕФ дерегінше, 2021 жылы Еуропада және Орталық Азияда ауа температурасының көтерілуі 377 баланың өліміне себепкер болды.

"Аптап ыстықты жеңу: Еуропадағы және Орталық Азиядағы аптап ыстық толқындары кезіндегі балалардың денсаулығы" атты аналитикалық құжатта өлім-жітім жағдайлардың жартысында "балалар өмірінің алғашқы жылында аптап ыстыққа байланысты аурулардан қайтыс болды" деген қорытынды келтірілген.

"Еуропадағы және Орталық Азиядағы балалардың жартысына жуығы немесе 92 миллион бала жиі қайталана бастаған аптап ыстықтан зардап шегеді. Дәл осы аймақтағы температура дүниежүзінде ең жылдам қарқынмен көтеріліп жатыр. Барған сайын жоғарылаған температураның әсері балалардың, әсіресе ең кішкентайларының денсаулығына ауыр нұқсан келтіруі мүмкін. Медициналық көмек көрсетілмесе, мұндай зардап өмірге қауіп төндіреді", – деді ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Реджина Де Доминичис.

ЮНИСЕФ байламынша, жоғары температураның теріс әсері тіпті жатыр ішіндегі сәбилерге қатты әсер етеді. Мұның салдары мерзімінен бұрын босануға, туу кезінде салмақтың төмен болуына, өлі тууға, туа біткен ауытқуларға соқтыруы мүмкін. Аптап ыстық тудыратын стресс нәрестелер өлімінің тікелей себебі болып табылады. Ол баланың дамуына залалды ықпал етуі мүмкін және балаларда болатын бірқатар ауруларға түрткі.

Ауа температурасының Қазақстан орналасқан аймақта күн санап көтеріліп бар жатқанына байланысты, ЮНИСЕФ Орталық Азия елдерінің үкіметтеріне, соның ішінде Қазақстанға 6 маңызды рекомендация берді.

Біріншіден, аномальды ыстықтың теріс әсерін азайтуға бағытталған стратегияларды әзірлеу керек. Ол стратегия БҰҰ талаптарына сай дайындалатын "Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестермен" (ҰДАҮ), "ұлттық бейімделу жоспарларымен" (ҰБЖ) интеграцияланғаны жөн. Сондай-ақ Үкіметке табиғи апаттар қаупін азайту және олардың салдарын жою стратегияларын әзірлеуге кеңес берілді. Бұл құжаттардың бәрінде – осал топ саналатын балаларға ерекше көңіл бөлінуге тиіс.

Екіншіден, балалардың аптап ыстық туындататын сырқаттарына жасалатын емдік шараларға барынша тиімді қолдау көрсету керек. Бұл үшін аптап ыстық кезінде денсаулықты қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарларына және алғашқы медициналық көмек көрсетуге бюджеттен молырақ қаражат бөліп, инвестиция құюды арттыру қажет.

Үшіншіден, табиғи апаттар туралы ерте ескерту жүйелеріне, соның ішінде тек жер сілкінісімен шектелмей, аптап ыстық туралы алдын ала ескерту жүйелеріне де инвестиция салған орынды.

Төртіншіден, балалар шоғырланып ойнайтын жерлерде температураны төмендету үшін аула, мектеп пен балабақша, барлық білім беру мекемелерінің тиісті орын-жайларын қайтадан жабдықтауға, күнқағарлармен, желдеткіштермен қамтамасыз етуге, ал, мұғалімдерді аптап ыстық тудыратын стресспен күресуге үйретуге кеңес берілді.

Бесіншіден, ЮНИСЕФ қалалық дизайн мен инфрақұрылымды енді аптап ыстыққа бейімдеуге, соның ішінде жоғары температураның теріс әсерін барынша азайту үшін нысандарды, әсіресе халықтың ең осал топтары тұратын ғимараттарды тиісінше жабдықтауға үндеді.

Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, Астана, Алматы және басқа қалаларда саябақ, скверлерде адамдар көше орындығына отырып, тынығатын жерлердің төбелері жабылмайды, немесе әсемдік үшін гирляндалармен ғана көмкеріледі. Олардан күн сәулесі еркін өтеді, көлеңкелік саясы жоқ болған соң, оның астында отырған адамның басынан күн өтіп, халі нашарлауы мүмкін. Бұл проблема ашық-шашық күйдегі қалалық автобус аялдамаларына да қатысты. Жылы аялдамалардан басқасының бәрі барған сайын уытты, өткір бола түсетін күннен қалқа болып жарытпайды.

БҰҰ-ның ұйымы Қазақстан Үкіметінен осы олқылықтардың бәрін жойып, халықты басынан күн өтуден барынша қорғауға көшуді ұсынып отыр.    

Алтыншыдан, ЮНИСЕФ халықты сапалы, ішуге жарамды ауызсумен көшеде қамтуға шақырды. Мысалы, көшеде ауызсуы бар "фонтанчиктер", шүмек-крандар орнатқан жөн. Өйтпесе, шағын шишасының өзі мың теңгеге жуықтап қалған бөтелкеленген суды сатып ала беруді бұқараның қалтасы көтермейді.  

"ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеуде. Жұмыс аясында патронаж мейірбикелеріне қажетті дағдылар, білім және ақпараттық өнімдер беріледі. Осы арқылы ата-аналар мен тәрбиешілерге баланың денсаулығы мен жай-күйіне әсер ететін аптап ыстық толқындарының қауіпті белгілерін анықтауға және ыстық тудыратын стресске қарсы тиісті шара қолдануға көмектесеміз", – деп хабарлады өкілдік.

Қазіргі уақытта ЮНИСЕФ-тің еліміздегі өкілдігі аптап ыстық толқындары және оларға төзімділік туралы арнайы модульді әзірлеуге және оны патронаж мейірбикелерін оқыту бағдарламасына енгізуге қолдау көрсетіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу