Ескі Қазақстанның олигархиясымен күреске енді жаңа серпін беріледі

3343

Қаржылық, өнеркәсіптік топтарға ірі компаниялар акцияларының тіпті 25%-ын сатып алу үшін де бұдан былай "жаңа Қазақстаннан" рұқсат алуға тура келмек. 

 Ескі Қазақстанның олигархиясымен күреске енді жаңа серпін беріледі Фото: freepik.com

Билік Әділетті Қазақстанды құру үшін "экономикалық концентрация" саласын реттеуге білек сыбана кірісті. Жасыратыны жоқ, бұл тақырып ұзақ жылдар бойы қоғамнан жабық болды, оған қатысты биліктің қимыл-қарекеттері мұқият жасырылды. Құзырлы органдар да бұл ауанда әңгіме айтып, сұхбат бермеуге тырысты.

Ең ірі жанжал 2018 жылы туындады: сол кезде артында билікке жақын тұлғалар тұрған ұлттық телекоммуникациялық алпауыт отандық ірі ұялы операторды сатып алатынын жариялады.

Бұған сол кезде Мәжіліс депутаттары да қарсы шығып, мәселе көтерді. Себебі, соның салдарынан сымды телефонмен байланыс, ұялы байланыс және интернет нарықтары бір қолда шоғырланатын еді. Ал бұл монополияға қарсы заңнамаға, нарықтағы бәсеке заңдылықтарына мүлдем қайшы.

Соған қарамастан, сол кездегі биліктің қысымымен антимонополиялық орган өз келісімін берді. Нәтижесінде, 2018 жылғы желтоқсанда "Қазақтелеком" АҚ-ы Telia Company және Fintur Holdings BV компанияларынан "Кселл" АҚ дауыс беруші акцияларының 75%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойды. 

"Қазақтелекомның" сол тұстағы және бүгінгі басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев наразы жұртты басу үшін бұл сатып алу "бүкіл Қазақстанның телекоммуникация саласының ары қарай дамуына, республика халқына ұсынылатын заманауи телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыруға, спектрін кеңейтуге қызмет ететініне" уәде етті.

Одан не шыққаны белгілі: аталған ұялы оператор үнемі қызмет ақысын көтерумен келеді. Сонымен бірге қазақстандықтар мобильдік және сымды интернеттің сапасының нашарлап кеткеніне үздіксіз шағымданады.

Айтпақшы, "Кселлді" сатып алуына рұқсат бере отырып, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті "Қазақтелеком" АҚ-ына бірнеше шартты орындауды талап етті. Қ.Есекеев ол талаптардың мүлтіксіз орындалатынын мәлімдеді.

Ол талаптарға қолданыстағы тарифтік жоспарларды (пакеттерді) сақтау, 4 мыңнан асатын барлық ауылдарды 2021 жылға дейін 4G желісімен қамту, 2021 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей, Қазақстанда 5G қызметтерін ұсыну және өзгесі кірді. Ауылдар әлі күнге интернеттен таршылық көруде. Ал 5 Джи басқа түгіл, Астананы да толық қамтыған жоқ.

Бүгінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл алпауытты бөлшектеуге күш салуда. Әзір одан нәтиже шықты деу ерте.   

"Телекоммуникациялар саласындағы Жол картасына "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобын байланыс нарығындағы монополиялық үстемдігінен айыруды қамтитын іс-шаралар енгізілді. Оған сәйкес, "Қазақтелекомның" еншілес компаниялары, ұялы байланыс операторлары кезең-кезеңмен сатылады. Сондай-ақ инфрақұрылымға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған, оның ішінде радиожиілік спектрін, инфрақұрылымды міндетті бірлесіп пайдалануды (sharing) енгізу, байланыс операторларының телекоммуникациялар желілерін қосу және өзара іс-қимыл тәртібін талдау, бюджет қаражаты есебінен салынған кәбілдік кәрізді берудің конкурстық тәртібін бекіту жөніндегі құзыретін айқындау сияқты іс-шаралар енгізілді", – деп хабарлады антимонополиялық орган.

Мамандар белгілі бір тұлғаларды байытқан "Қазақтелекомның" өз қолында нарықтарды шоғырландыруына биліктің рұқсат етуін осы саладағы ең сәтсіз шешімдердің бірі ретінде мысалға келтіріп жүр.

Сондықтан "Әділетті Қазақстанды" құру аясында Үкімет "Қазақтелеком АҚ-ның өтінішхаты бойынша экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы" Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының 2018 жылғы 10 шілдедегі бұйрығын қайта қарады.

Жаңартылған бұйрық бойынша "Қазақтелеком" АҚ төл еншілес компаниясы – "KazNet Media" ЖШС-нің 100% үлесін де өз иелігінен шығаруға, яғни сатуға тиіс. Бұл ретте көзбояушылық жасап, компанияны "Қазақтелеком" тобына кіретін, соның айтқанына көнетін, айдауына жүретін нарық субъектісіне сатуға тыйым салынды.

Алайда ондай тәуелсіз ойыншыны табу күрделі іс көрінеді. Сала ұзақ жыл бәсекелестерден тазартылды. Сырттан компаниялар кіре алмады. Салдарынан антимонополиялық органның дерегінше, жаңа Қазақстанда ұялы байланыс нарығы "дуополистік" болып қалуда.

Яғни, онда небары 2 нарық субъектісі ғана бар: біріншісі – нарықтың 60%-дан астамын басыбайлы иеленген "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобы: оған "Kcell" АҚ, "Мобайл Телеком–Сервис" ЖШС, Tele2/Altel кіреді. Екіншісі –  "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) жеке операторы.

Мұндай сорақылықтар авиация, теміржол, мұнай өнімдері және басқа да көптеген салаларды жайлаған. Оның үстіне бұл "кесел" ары қарай тарап жатыр. Алпауыт компаниялар қаптатып құрылған еншілес кәсіпорындары арқылы нарықтың өзге субъектілерін сатып алып, өздеріне бәсекелестерді нарықтан ығыстырып шығаруда.

Оған тосқауыл қою үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі.

Құжатқа сәйкес, кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа жауапкершілігі заңнамада белгіленеді. Нақтыласақ, олар бәсекелес компанияның дауыс беретін акциялардың, қатысу үлестерінің 25%-ын және одан көбін сатып алса, онда агенттікке жүгініп, бұл мәмілесіне және экономикалық шоғырлануға келісімін алуға міндеттеледі.

"Қолданыстағы заңнама монополиялық жағдайдың туындауына және бәсекелестікті шектеуге жол бермеу үшін монополияға қарсы органмен тек аса ірі мәмілелерді ғана келісуді көздейді. Оның өзінде 50% акцияларын сатып алса ғана алдын ала келісім сұрайды. Келісу шегінің екі есе төмендеуі компаниялардың нарықта монополиялық позицияларды қалыптастыруына жол бермейді. Сонымен қатар нарықтық шоғырлануды нақты бақылауға және экономикалық ортадағы өзгерістерге уақытылы ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе салалардағы ахуал тез өзгеретін заманда және Қазақстан сияқты дамушы нарықтарда аса маңызды", – деп түсіндірді агенттік.

Ведомство бұл жаңашылдық бірнеше игілік әкелетінін нұсқады:

  • нарықта монополиялық позициялардың қалыптасуын болдырмау шараларын тиімді, тегеурінді етеді. Өйткені монополия тұтынушыларға, бизнеске зиянын тигізеді;
  • шағын және орта бизнесті ірі корпорациялардың ығыстыруына жол бермейді, өзара тең бәсекелесуіне өріс ашады;
  • жосықсыз, көзбояу бәсекелестікті жояды.

Бұл түзетулер нарыққа теріс әсер етуі мүмкін қажетсіз бірігулер мен "жұтып қоюларды" доғаруға да ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу