Еуроға 20 жыл: Қазақстан қандай сабақ алуы керек?

3485

Еуропаның ауқатты елдеріне кедей "одақтастарының" шығынын көтеруге тура келуде.  

Еуроға 20 жыл: Қазақстан қандай сабақ алуы керек?

2014 жылғы 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда, Елбасы Н.Назарбаев бұл ретте басқа интеграциялық бірлестіктердің, бірінші кезекте Еуропалық Одақтың тәжірибесі ескерілгенін мәлімдеді. ЕАЭО-ға мүше 5 мемлекет алда, 2025 жылға қарай ортақ қаржылық жүйе құруды жоспарлап отыр. Осы орайда "eurozone" (euro area) аймағындағы ахуал қызығушылық туғызады.

2002 жылғы 1 қаңтарда Еуропа жұртшылығын екіге жарып, үлкен үміт пен қалың күдік әкелген оқиға болды: осы күні ортақ еуропалық валюта – еуро айналымға жіберілді. Тиісінше, ұлттық валюталар екі айдан соң түбегейлі жойылып, тарих қойнауына жол тартты.

Әрине, ЕО-ның 11 елі еуроға 1999 жылдан көше бастаған, сонда Еуропалық валюталық одақ құрылған еді. Бірақ бұл мемлекеттерде ұлттық валюталар қолданыста болды. Ал қолма-қолсыз еуропалық бірыңғай валюта тек банктер арасында, сауда операцияларында, мемлекетаралық есеп айырысуда ғана пайдаланылды. Ұжымдық Еуропаның ортақ экономикалық және бірыңғай ақша-кредиттік саясатқа толық көшуіне тағы үш жыл қажет болды. 2002 жылғы 1 қаңтар – еуроның банкноттары мен монеталарының 12 елде ресми айналымға жіберілген күні саналады және оның тарихы осы мезеттен басталады.

Неден ұтты?

Еуропалық одақ – экономикалық интеграцияның төртінші сатысына өте алған әлемдегі жалғыз өңірлік бірлестік. Салыстыра кетсек, орталығы Мәскеуде орналасқан Еуразиялық одақ әзірге үш сатыны еңсере алды деп есептеледі, бұлар – еркін сауда аймағын, ортақ кеден одағын, ортақ нарықты құру. Оның өзі негізінен, сөз жүзінде ғана. Санкциялық қыспақ аясында импорталмастыруға ден қойған Ресей де-факто қазақстандық тауарларды түрлі сылтаумен ішкі нарығына жібермей келеді.

Соған қарамастан, ресейлік ресми тұлғалар мен сарапшылар енді одақ аясында ортақ валютаға көшу идеясын тықпалауда. Ресейліктер оны не "рубль", немесе "алтын" деп атауды ұсынып жүр.

Еуроның 20 жылдық мерейтойына орай пікір білдірген еуропалық сарапшылардың ойы бір жерде тоқайласады: бүгінде еуроаймаққа кіретін, яғни еуроны төл валютасы ретінде танитын 19 мемлекеттің жұртшылығы оған әбден үйренді, қабылдады, бірақ сонымен бірге еуро біраз елге зиян келтіріп, экономикасына ауыртпалық түсіріп отыр.

Әрине, екі онжылдықта еуропалық ортақ валюта барынша нығайды, жаһандық белді резервтік валютаға айналды. АҚШ-тың гегемониясынан құтылуға тырысқан көптеген ел өзара есеп айырысуда ресми төлем құралы ретінде еуроға көшті. Олардың орталық банктері төл валюталық резервтерінің басым бөлігін дәл осы еурода сақтауда. Бұл еуропалық валютаның болашағы зор екенін білдіреді. Қазіргі кезде еуро доллардан қымбат тұрады: 1 еуро 1,14 долларға тең.

Халықаралық валюта қорының дерегінше, 2021 жылы әлемдегі бүкіл ресми валюталық резервтердің 59%-ы ғана долларда қалған, еуроның үлесі 2002 жылғы 0 пайыздан бастап, бүгінде 20%-дан асты. Алда теңеседі деп күтілуде.

Ал халықаралық есептесулерде қос валюта "итжығыс" түсіп те жүр: SWIFT жаһандық банкаралық жүйенің статистикасына сәйкес, 2021 жылғы қазанда еуропалық валютаның үлесі 38,1%-ға жетті, ал америкалық валютаның үлесі 39,1% болды. Оның алдында, 2020 жылы еуро доллардың алдын орап та кетті.

Неден ұтылды?

Жасыратыны жоқ, Еуропаның ортақ валютасын қос лидер – Германия мен Франция сүйреп келе жатқаны мәлім. Deutsche Welle сараптауынша, кезінде қаржыгерлер "уақыт өте келе, Ұлыбритания да еуроаймаққа кіріп, қос көшбасшы жүктемесінің бір бөлігін өз мойнына алады" деп тұспалдады. Алайда олай болмады, Ұлыбритания патшалығы төл фунтынан бас тартпақ түгіл, 2016 жылы "брекзит" бойынша референдум өткізіп, тіпті Еуроодақтан шықты. Ағылшындардың ұлттық сана-сезімі әлдеқайда жоғары екені анықталды.

Еуроның енгізілуіне Германияның қарапайым тұрғындары да қарсы болды: Deutsche Mark-ты немістер жақсы көретін, оны мақтан тұтатын, себебі марка соғыстан кейінгі жылдары ФРГ-ның "экономикалық ғажайыбының символы" саналатын. Ол кезде Германиядан тек төл экономикасы мен қаржылық жүйесін дамытудың қамын жасау және сол үшін ғана шығындалу талап етілетін.

Оның үстіне дойч марк немістердің жинағының бүтіндігі мен сақталуын барынша жақсы қамтамасыз ететін. Себебі, еуро енгізілгенге дейін Германияда орташа жылдық инфляция 2,4%-ды құраған. Ал 2021 жылы еурозонадағы жылдық инфляция алапат қарқын алып, қарашаның қорытындысында 4,9%-ға жетті. Бұл кейінгі 30 жылдағы рекордтық көрсеткіш! Германия, Франция, Аустрия, Люксембург секілді бай елдер еуроаймақтың озық дамыған дәрежесіне жете қоймаған мүше елдерінен инфляция импортауға мәжбүр. Сарапшылар енді бұл аумақтағы стагфляция туралы сөз қозғай бастады.

Әлсіз мүшелер көшбасшылардың алға басқан аяғын кері тартуда: еуроаймақ құрылғалы оның экономикасы 50%-ға жуық ұлғайды. Алайда мысалы, АҚШ экономикасы 20 жыл ішінде екі еседен астамға өсті.

Егер Еуразиялық одақта ортақ валюта енгізіле қалса, оның "қырық есек, бір қашырға жүк болар" ауыртпалығын Қазақстан мен Ресейге көтеруге тура келуі мүмкін.

Германиялық ақпарат құралдарының жазуынша, 20 бұрын ұлттық валюталардан бас тарту ЕО-ның оңтүстік елдеріндегі проблемаларды ушықтырып жіберді. Өйткені ХХ ғасырдың екінші жартысында Еуропаның оңтүстігіндегі елдер континенттің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттерге қарағанда дамуда кенжелеп қала бастады. Бірыңғай валютаға көшкеннен олар да опа таппады: бір жағынан күрт арзандаған кредиттік қаражат тасқынының астында қалды. Алайда соның салдарынан Грекия, Италия және Еуропаның оңтүстігіндегі өзге де елдер жыл өткен сайын мемлекеттік борыш батпағына батып барады. Мысалы, Istat ұлттық статистика институтының дерегінше, Италияда мемборыш жиырмажылдықта 400 миллиард еуродан рекордтық 2,696 триллион (!) еуроға дейін шығандап кетті.

Бұл олардың дағдарысқа ұшырауына соқтырды, осы елдердегі экономикалық проблемалар одан әрі күш алды. Бұл Еуропаның көптеген елінде әсіреұлтшыл немесе популистік саяси күштердің билік басына келуіне соқтырды. Еуропаның оңтүстігіндегі көптеген өндіріс орындары, қаптаған фирма бәсекелестікке шыдамай, банкрот болды. ЕО-ның бірқатар елінде жұмыссыздық күрт өскен.

Ортақ жауапкершілік Еуроодақты күйрете ме?

Еуроаймақ құрылғанда оған мүше елдер бір-бірінің шамадан тыс көп қарызын көтермеу үшін Қаржылық тұрақтылықтың Маастрихт критерийлерін бекіткен болатын. Оған сәйкес, жиынтықты мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 60%-ынан аспауға тиіс еді. Ақыры не болды?

20 жыл ішінде дәл осы "еурозона" елдері "әлемдегі мемборышы ең көп елдердің тізіміне" кірді. Мысалы, қазіргі кезде мемлекеттік қарызының көлемі  Францияда ЖІӨ-ге шаққанда 96,8%-ға, Бельгияда – 106,3%-ға, Кипрде – 108,7%-ға, Португалияда – 128,8%-ға, Италияда – 132,6%-ға, Грекияда – 178,4%-ға жетті. Бұл елдердің барлығы экономикасын ұстап тұруға бірнеше реттен көпмиллиардтық транш алды. Маастрихт нормаларын қазір оған қол қойғандардың ешқайсысы сақтамайды.

Кезінде адамзат өркениетінің басты бір орталығы болған грек елі бүгінде дәрменсіз жағдайда: ЕО-ның көмегінің жаңа пакеттеріне мұқтаж болуда. Ел Үкіметі тұрғындарды үнемдеудің барған сайын қысылған шеңберіне қуып тығуын жалғастыруда. 12 жыл бұрын Грекия табысты ел саналатын, адами даму индексінің рейтингінде дүниежүзінде 25-ші орында тұрған. Одан із де қалмады. Рас, былтыр пандемиядан қатты зардап шеккен грек экономикасы биыл біршама қалпына келген.  

Испанияда мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 99%-ына жетті. Бұл ел біраз жыл қатарынан жоғары жұмыссыздықпен күресуге, еңбек өнімділігін арттыруға, экономиканың өсімін ынталандыруға тырысуда. Еуроодақ оған экономикасын сақтап қалу үшін миллиардтаған еуро кредит бөліп жатыр, бірақ бұл айналып келгенде испан елінің борыш құрдымына ары қарай құлауына түрткі болды.

"Германияға және ЕО-ның солтүстіктегі өзге мүшелерге экономикалық тұрғыдан әлдеқайда әлжуаз мүшелердің борыштарын арқалауға тура келеді", – дейді германиялық қаржылық сарапшы Ута Штайнвер.

Пандемия кезінде Еуроодақ өз тарихында алғаш рет NextGenerationEU деп аталатын теңдесі жоқ, орасан зор "қалпына келу қорын" құрып, оған 800 млрд еуро қор жинақтауға кірісті. Осы мақсатта мүше елдер бірлескен облигациялар шығарды. Оған қызмет етуге барлық мүше ел жауап беруге тиіс. Бірақ егер одақтастардың бірі облигация қарызын төлеуден бас тартса не оған қауқарсыз болса, оның борышын өзге елдер өз мойнына алуға міндетті болады.

Еуроодақ аумағында алғаш рет енгізіліп отырған "борыш үшін ұжымдық жауапкершілік" Еуропа жұртшылығының наразылығын туғызуда. Бұл түйткіл ушыға берсе, болашақта "брекзит" аналогтарының көбеюіне және Еуропалық одақтың күйреуіне соқтыруы мүмкін.

Демек, буыны қатпаған, қайшылығы көп, дамуы әрқалай Еуразиялық одаққа ортақ валюта енгізуге асығудың жөні жоқ, тіпті ол қауіпті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу