Еуроодақ Орталық Азияға 100 млрд еуро бөледі

15527

7 жылдық бюджет жобасын Еуропа қайта құру және даму банкі қолдап отыр. 

Еуроодақ Орталық Азияға 100 млрд еуро бөледі

Astana Finance Days қаржы конференциясына Еуропалық Одақ атынан қатысып жүрген Питер Буриан Орталық Азияның пандемиядан кейінгі дамуына қатысты болжамымен бөлісті. 

Еуроодақтың өңірдегі арнайы өкілі дағдарыстан кейін бұл аймаққа инвесторлардың қызығушылығы көбейеді деген батыл болжам айтты.

"Пандемия мен дағдарыс Орта Азия экономикасын құлдыратпайды деген үміт бар. Бірақ екінші толқын күтілуде. Дағдарыстың өзі көптеген проблемаларды әкелді. Үкіметтер ерте шара қалбылдамаса, бұдан да қиын болар еді. Негатив  әлі де сақталып тұр. Еуроодақтың экономикалық қызмет орталығы Шығысқа ойысып жатыр. Өйткені бұл бағытта нарықты жылдам қалпына келтіру үшін барлық шарттар бар. Бар болғаны регламенттерді өзгертіп, құрылымдарды қайта қарау керек. Компаниялардың Орталық Азияға қызығушылығына келетін болсақ, бұл аумақтың маңызы арта түседі. Сол қызығушылық нақты жобаға айналу үшін біз Үкіметтерден қандай қадам күтеміз? Біріншіден қауіпсіз орта қалыптастыру керек. Сондай-ақ, барлық инвесторларға әділетті түрде бірдей жағдай жасалынады деп үміттенеміз", - деді сарапшы.
Еуроодақ өкілі Орталық Азияның пандемия мен дағдарысты ауыр өткеріп жатуын КСРО-дан мұраға қалған жүйемен байланыстырады.

"Дағдарыс реформаларды кейінге қалдыру деген сөз емес. Мысалға Чехословакиядан бөлініп шыққан менің отаным – Словакияны алайық. Біз бірден социалистік жүйенің мұрасы катастрофалық модель деп бағаладық. Сөйттік те, дереу реформаларды жүзеге асырдық Соның арқасында 2008 жылғы қаржы дағдарысын жеңіл еңсердік. Словакия қазіргі пандемияны да өте тиімді өткеріп жатыр. Инфекцияны жұқтыру деңгейі өте төмен. 25 адам ғана қайтыс болды. Жылдам қабылданған реформалар дағдарысты жылдам еңсеруге көп көмектеседі. Бұл тұрғыда Еуропалық Одақтың қолдауын көп көргенімізді де атап кету керек. Орталық Азия да осындай серіктестікке ұмтылу керек. Реформалар дегенде білім беруге, әкімшілік басқаруға, азаматтық қоғамды қалыптастыруға көп көңіл бөлу керек", - деді маман.

Питер Бурианның айтуынша, Орталық Азия елдері өз тарихында тұңғыш рет өңірлік экономикалық форум өткізбекші. Оның тақырыбы ретінде "Жасыл экономика, жасыл қаржы және цифрландыру" деген заманның өзекті тенденциялары таңдап алынған.

"Менің ойымша,  бұл үшеуі де болашақ үшін өте маңызды тақырыптар. Еуропалық Одақтың осы өңірдегі өкілдігінің 2021-2027 жылдарға арналған  бюджетіне халықаралық әріптестік шеңберінде 100 млрд еуро бөлуді ұсындық. Яғни біз жасыл экономика мен цифрландыруды қолдауға дайынбыз. Ол үшін қаржылық құралдар құрылып, гранттар бөлінеді. Ол жобалардың бәрі Еуропа қайта құру және даму банкінің тарабынан қолдау тауып отыр. Шындықты мойындау керек, Орталық Азияда әлі де көмір көп жағылады. Бірақ біз жасыл экономикаға жылдам көшуге қаржы табылады деп ойлаймыз. Оны қиындататын тетіктер мұнда көп екенін де ұмытпаймыз",- деп түйіндеді Еуроодақ өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу