Еуропа біріншілігі: кімдер пайдаға кенеледі?

3397

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 331 млн еуро.

 Еуропа біріншілігі: кімдер пайдаға кенеледі?

Дәл қазір футболдан Еуропа чемпионатының қызған шағы. Бұл жарыстың жалпы жүлде қоры 331 млн еуроға тең. Аталған сома бұған дейін ұйымдастырылған біріншіліктердің жүлде қорынан әлдеқайда қомақты. Мәселен, Португалия чемпион болған ЕУРО-2016 додасының қаржы қоржыны бұдан 30 млн еуроға аз. Яғни 301 млн еуро. Ал ЕУРО-2012 бәсекесінің жүлде қоры 196 млн еуро болған еді.

Енді 331 млн еуроның қалай жұмсалатынын есептеп көрейік. УЕФА бұл жолы дархандық танытып, әрбір қатысушыға 9,25 млн теңгеден үлестіретін болды. Демек жеңілістен көз ашпаған Ресей мен Түркияның өзі құр қол қайтпады деген сөз. Ал ЕУРО-2016 турниріне қатысушыларға 8 млн еуродан тиген болатын. Бұл жолғы сома 1,25 млн еуроға көп. Сондай-ақ турнирдің топтық кезеңіндегі әрбір жеңіске 1 млн еуродан, ал әрбір тең ойынға 500 мың еуродан ұсынылды. Жеңілген ұжымға түк те жоқ.

Бұдан бөлек, жарыстың 1/8 финалына өткен құрамалардың бәрі қаржылық қоржынын 1,5 млн еуромен толықтырады. 1/4 финалға өткен ұжымдардың алатын сомасы бұдан жоғары – 2,5 млн еуро. Жартылай финалға жолдама алғандар 4 млн еуроны қанжығаға байлайды. Мәреге қатар жеткен қос финалистің қоржыны автоматты түрде 5 млн еуромен толығады. Сондай-ақ турнир жеңімпазына тағы 3 млн еуро төленеді. Егер барлық ойында жеңіске жетсе, ЕУРО-2020 додасында топ жарған құраманың 28,25 млн еуро табыс табатын мүмкіндігі бар.

Әдетте, ірі футбол чемпионаттары әуе тасымалдаушылардың, алкоголь өнімдерін өндірушілердің, қонақүй кешендерінің қаржылық көрсеткіштеріне оң әсер етеді. Бірақ ЕУРО-2020 мұндай мүмкіндіктердің бәрін шектеп отыр. Себебі түсінікті. Пандемияға байланысты қабылданған шектеу шараларының салдарынан турнирді қабылдаушы мемлекеттердің шекарасы толық ашылған жоқ. Тиісінше, стадиондар да толықтай толмайды.

Дегенмен биылғы доп додасында жоғарыда аталған факторларды пысқырмайтын компаниялардың ұпайы түгел болмақ. Алдымен ЕУРО-2020 турнирінен хабар тарату құқығына ие компаниялар пайдаға кенелмек. Мәселен, осы жолғы Еуропа чемпионатының трансляциялау құқығы ұлыбританиялық ITV компаниясына тиесілі. Бұл компанияның акциялары Лондон биржасында сатылады. Былтыр доп додасы кейінге шегерілгенде ITV миллиондаған көрерменінен айырылып қалды. Тиісінше, табысы да төмен сырғыды. Енді, міне компания біріншіліктен

хабар тарату кезінде жарнамадан көп көлемде табыс табу мүмкіндігіне ие.

Анау-мынау факторларды елемей, қаржылық жағдайын жақсартатындардың қатарында спорттық экипировкаларды өндірушілер де бар. Олар ірі футбол чемпионаттарында жарнаманың астында қалады. Турнирге қатысушы құрамалардың футболкалары мен басқа да атрибуттарын сатып, мол пайдаға кенеледі. Мәселен, биылғы доп додасында Nike компаниясының асығы алшысынан түсуі мүмкін. Өйткені бұл компания жанкүйері өте көп Англия, Франция, Нидерланд, Португалия секілді 9 құраманы "киіндіріп" отыр. Adidas-тың да мұртын балта шаппайды. Германия, Испания, Ресей, Бельгия секілді 8 команданың керек-жарағын ұсынып отырған компания жарнамадан көп пайда түсіруге тиіс. Италия сынды төрт ұжымға өнімін ұсынған Puma компаниясы да пайданың жайын жақсы білері анық.

Чемпионат кезінде бәс тігушілердің де қатары көбейеді. Демек, бұл кезеңде букмекерлік компаниялардың да дәурені жүреді. Атап айтқанда, әлемге аты жайылған DraftKings, Penn National Gaming, Flutter Entertainment секілді букмекерлік компаниялар қосымша табысқа кенеледі деп күтілуде. Қазақстан аумағында жұмыс істейтін букмекерлік кеңселер де желпініп отырған көрінеді.

Байрақты бәсеке УЕФА-ның негізгі серіктестеріне де қаржылық тұрғыдан табыс әкелетіні анық. Олар футбол матчтарына дейін де, одан кейін де, кездесу уақытында да жарнамаланып отырады. Сондай-ақ негізгі серіктестердің логотиптері стадионның шетіндегі LED-ернеу-лерде көрсетіліп тұрады. Сонымен ұлттық құрамалар арасындағы УЕФА турнирлерінің негізгі демеушілері қатарында Alibaba құ-рамындағы AliPay төлем жүйесі, Booking.com қонақүйлерді интернет арқылы брондау жүйесі, FedEx көлік компаниясы, Ресейдің "Газпром"-ы, тұрмыстық техника өндіретін Қытайдың Hisense компаниясы, германиялық автоөндіруші Volkswagen бар.

ЕУРО-2020 додасынан жақсы табыс табатындардың қатарында акциялары түрлі биржаларда сатылатын футбол клубтары да бар. Мәселен, Англиядағы "Манчестер Юнайтедтің", Италиядағы "Ювентус", "Рома", "Лацио" клубтарының, Германиядағы дортмундтық "Боруссияның", Франциядағы "Лион"-ның, Португалиядағы "Порту", "Бенфика", "Спортинг" ұжымдарының, Нидерландыдағы "Аякстың", Шотландиядағы "Селтиктің", Түркиядағы "Галатасарай", "Фенербахче", "Бешікташ", "Трабзонспор" секілді клубтардың акцияларын әлемдік биржалардан сатып алуға мүмкіндік бар. Демек, ЕУРО-2020 турнирінде тәуір ойнаған футболшылар өз клубтарының қаржылық жағдайын жақсарта алады.

Сол секілді байрақты бәсекеден кейін ерекше көзге түскен ойыншылардың трансферлік құны қымбаттайтыны анық. Бұл да футбол клубтарына белгілі бір деңгейде табыс әкелмек. Мәселен, дортмундтық "Боруссия" мен Англия құрамасының ойыншысы Джейдон Санчо Еуропа біріншілігінде жақсы ойнады делік. Демек, дортмундтық клуб футболшыны өзге клубқа сатарда қомақты қаржы сұрауға құқылы. Трансферден түсетін қаржы инвесторларды қуантып, клубтардың дамуына оң серпін беретіні түсінікті. Әсіресе таланттар шоғырын қалыптастырып отырған "Бенфика", "Порту", "Аякс" секілді клубтар бір жырғап қалады. Өйткені олардың негізгі табыс көзі ойыншыларды сатудан құралады.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу