Еуропа ЕАЭО-ға "климаттық" санкция дайындап жатыр ма?

2942

Еуразиялық экономикалық кеңес Еуроодақ бастамаларын сынға алды. 

Еуропа ЕАЭО-ға "климаттық" санкция дайындап жатыр ма?

Бүкіл әлем климаттың өзгеруін қалай тежейміз деп бас қатырып жатса, Еуразиялық экономикалық одақ елдері климаттың өзгеруін шектеуге бағытталған шараларды қалай еңсереміз деп уайымдап отыр. Экспорттайтын негізгі өнімдерінің бәрі мұнай мен металл болса, уайымдамай қайтсін. Одақтың қожасы Ресейде ғана дайын өнім көп шығарылғанымен, оның сапасы ЕАЭО аясынан тыс жерде бәсекеге қабілетсіз. Көлеңкесіндегі одақтастарына тауардың түр-түрін алуан жолмен өткізу арқылы өндірістің әртараптығын әупіріммен сақтап отырған Ресейдің жағдайы осындай болғанда жалпы ішкі өнімінде мұнай мен металл экспортының үлесі орасан Қазақстан мен аграрлық салаға арқа сүйейтін Беларусьтың жағдайы тіптен мүшкіл деген сөз.

Тосыннан келген тосқауыл

Еуразиялық экономикалық одақтың тынысын санкциялар тарылтуы мүмкін деген гипотеза бұрыннан бар. Бірақ қауіптің күтпеген жерден шығатын әдеті бар емес пе?Еуропа елдерінің көбі бірінен соң бірі энергетика өндірісіндегі көмірсутектің үлесін кеміту туралы түбегейлі шешімдер қабылдап жатыр. Мұндағы басты мақсат – қоршаған ортаны сақтау арқылы адамзаттың жер бетіндегі ғұмырын сәл де болса ұзарту. Бұл мұнай магнаттарымен ауыз жаласқан ЕАЭО елдерінің билігі үшін кішігірім дабыл деуге болады. Біріншіден, өңірдегі мұнайға сұраныс азайса, ірі корпорацияларға саяси лоббидің бұрынғыдай қажеті болмай қалады. Яғни Батыстың авторитарлық билік құрып отырған одақтас елдерге деген қысымы артып, қазіргі жекелеген санкциялар ұжымдық сипат  алуы мүмкін.

Екіншіден Еуропа көмірсутекті тұтынуын күрт тежесе, құрлықтағы жалғыз тұтынушы Қытай нарығы болады. Ол нарыққа Араб әлемі мен Иранның таласы бар екенін ескерсек, Еуразиялық экономикалық одақтың Қытайға кіріптарлығы арта түсуі ықтимал. Осыны сезген Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері апта басында климаттың өзгеруінен туындайтын тәуекелерді талқылады.

Вебинарға бастамашы болған – Ресей Федерациясының өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы. Демек, Еуропа елдерінің мұнай тұтынуды азайту туралы бастамалары Ресейдің арқасына аяздай батып отырса керек.

"Климаттың өзгеруі күн тәртібіне жайдан-жай қойылып отырған жоқ. Бұл көштен қалуға болмайды. Сондықтан одақ болып, біз де өз ұсыныстарымызды беруіміз керек. Бірақ ол ұсыныстардың бәрі одаққа мүше елдердің экономикалық мүддесін ескере отырып жасалғаны маңызды. Қалай болғанда да, бұл талқылаулардан сырт қалмай, Еуразия кеңістігіндегі "үшінші" елдермен диалог орнату қажет",– деді Еуразиялық экономикалық сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Климаттың өзгеруі барлық елдерге әсер ететіндіктен, келешекте оны тежеуге арналған шаралар да мемлекеттердің бәріне ортақ міндетке айналуы мүмкін. Әсіресе, экономикаға жасыл технологияны жаппай енгізу, парник газдарының шығарындыларын есептеудің цифрлық жүйесіне қосылу сияқты ортақ талаптар қазірдің өзінде айқын айтыла бастады. Бұл алдағы уақытта экономика сарапшылары қай елдің жалпы ішкі өнімі қанша пайызға өскеніне емес, қай елдің қоршаған ортаны көп ластап жатқанына назар аудара бастайды деген сөз.

"Біз интеграцияны барынша жақсарту үшін не ұсына алатынымызды нақты білуіміз керек. Өйткені жасыл технологиялармен байланысты ұсыныстардың көбі өте қымбат және ауқымды капиталды қажет етеді. Сондықтан ондай ауқымды жобаларды кооперация принципімен іске асыру тиімді. Одақтағы елдерге бұл өткелден жеке-жеке өту оңай болмайды",– деген емеурін білдірді Андрей Слепнев.

Ресей тарабы климат өзгерісін тежейтін шаралардың экономикаға тигізетін кері әсерін мейлінше азайта отырып ойластыру үшін БҰҰ, Еуроодақ, Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың назарын шикізат экспортына тәуелді елдердің келешегіне аударту қажет деген ұстанымды Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің мәжілісінде де айтқан болатын.

"Климаттың өзгеруі мәселесін ЕАЭО-ның Үлкен Еуразия бойынша негізгі әріптестері ЕО, ҚХР және басқа де елдермен консультацияларды жиілету керек. Үшінші елдердің халықаралық алаңдарға арналған шараларына, ең алдымен ДСҰ мен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі конференциясына қатысты позициясын экономикалық тәуекелдермен үйлестіру қажет. Ал одақтың өз ішінде әр елдегі банктердің "жасыл" және "климаттық" жобаларды қаржыландыруын қамтамасыз ету маңызды",– дейді ЕЭК сауда саясаты департаментінің директоры Игорь Назарук.

Болжамдар көңіл көншітпейді

Дүниежүзілік сауда ұйымының келіссөздерінде Ресей мүддесін қорғап жүрген белгілі экономика сарапшысы Максим Медведков климаттың өзгеруіне қарсы күрес ұранымен Еуропада мәлімделген шаралардың көбі бүкіл құрлықтың экономикасына әсер етеді деп дабыл қағып жүр. Оның пайымынша, алдағы 10 жылдың ішінде-ақ, Еуропалық одақ елдерімен сауда жасайтын экономикалардың тізімі, сауда айналымының құрылымы көптеген өзгеріске ұшырайды.

"Аналитикалық агенттіктер 2025-2030 жылдары ЕО-ның энергетика саласындағы көмірсутектің көлемін шектеуге бағытталған шаралары Ресей экономикасына 33 млрд доллар шығын келтіретінін болжап отыр",–дейді сарапшы.

Беларусь Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрінің бірінші орынбасары Болеслав Пирштук те ресейлік әріптестерінің сөзі мақұлдап, климат проблемаларын сылтау етіп,  сауда кедергілеррін орнатуға жол берілмеу керек деген ой айтты.

Ресей мен Беларусь үкіметін үрейлендіріп отырған өзгерістер Қазақстанды да басынан сипай қоймайтынын белгілі. Оны Сауда және интеграция министрлігінің мамандары да растап отыр.

"Еуропалық Одақта енгізілетін шекаралық көміртегі салығы 2035 жылдың өзінде өнім экспортынан түсетін кірістің шамамен 18%-ын жоғалтуға әкелуі мүмкін",– дейді Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Әлия Әлімбетова.  Ол да Еуроодақ қабылдап отырған тетіктер протекционистік мақсаттарды көздемей, ең алдымен қоршаған ортаны қорғауға бағытталуға тиіс деген оймен келісіп отыр.

Кейбір ресейлік сарапшылар Еуропа елдері көтеріп отырған климаттық бастамалардың қоршаған ортаны қорғаумен қатысы жоқ деп даурыға бастады. Ондай пікірдегі ғалымдар Еуроодақ ұсынған шектеулердің ғылыми негізі жоқ деп есептейді.

"Бұл, ең алдымен, көміртегі экспортының әртараптануына қарсы күрес. Яғни өндірістерді Еуроодақ аумағынан басқа мемлекеттердің аумағына көшірудің алдын алу үшін жасалып отыр",– дейді Ресейдің Экономикалық даму министрлігіне қарасты Сауда келіссөздері департаменті директорының орынбасары Марья Баранова.

Еуразиялық одаққа мүше елдердің ішінде Еуроодақтың бастамасына Қырғыз Республикасы мен Армения ғана байыппен қарап отыр. Өйткені олардың бұл шектеулерден жоғалтатыны көп емес. Қырғыз Республикасы Экономика және қаржы министрінің бірінші орынбасары Данияр Иманалиев Бішкек "Жасыл экономика" бағдарламасын қабылдап, оны іске асырудың жоспарын бекіткенін айтады.

Ал Арменияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі министр орынбасары Анна Мазманян 1990 жылдан бері газ шығарындыларын төмендету қолға алынғанын,  балама энергия көлемін ұлғайта отырып, елдегі орман жамылғысын екі есе көбейту жоспары бар екенін мәлімдеп отыр.

Вебинарда Ресейдің энергетика саласындағы кәсіпорындарының атынан сөз алған "Росатом" өкілі Полина Лион да, Қазақстанның "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов та бұл мәселеге жеке-жеке пікір білдіргеннен  Одақ атынан үн қосу салмақты болады деген пайымдарын айтты.

Еуразиялық экономикалық одақ сарапшыларына салсаңыз, көмірсутек өндірісі әлем экономикасын тіреп тұрған жалғыз адалбақан сияқты. Еуропа елдерінің оның көлемін шектеу туралы бастамаларын "менде болмаса, сенде де болмасын" деген ұстаным етіп сипаттауға әуес. Еуропа төріндегі Норвегияның да мұнайлы ел екенін білеміз. Бірақ Норвегия көмірсутек өндірісін қысқарту туралы бастамаларды ЕАЭО сияқты даурығып қабылдап жатқан жоқ. Өйткені мұнай сұраныста болып тұрған кезде қаражатты талан-таражға салып, артылғанын имидждік бір күндік жобаларға шығындаған жоқ. Былтыр Норвегия көмірсутек өндірісін 12 пайызға азайтты. Бірақ мұнай өндірісіне озық технологияларды пайдалануды арқасында оның қоршаған ортаға әсерін мейлінше азайтудың арқасында өндіріс көлемін сақтауға жол ашып отыр. Ал ЕАЭО елдері мұндай жолды таңдауға құлықсыз.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу