Еуропа Ресей мұнайын алуды тоқтатса, оның әлемге әсері қандай болады?

4757

Еуропа Мәскеуге энергия үшін күніне 850 млн доллар төлеуді тоқтатудың жолдарын іздестіріп жатыр.   

Еуропа Ресей мұнайын алуды тоқтатса, оның әлемге әсері қандай болады?

Құрамына 27 ел кіретін Еуропалық одақ Ресей мұнайы мен табиғи газына ондаған жылдар бойғы тәуелділікті жоюдың оңай шаруа еместігін біліп отыр.

Қазір аймақ мемлекеттерінің лидерлері ресейлік мұнайға салынған санкцияларды, тіпті сол шикізатқа бойкот жариялау мәселелерін талқылап жатыр.

Мұндай қадамдар Еуропа мен әлемнің басқа елдері үшін нені білдіруі мүмкін:

Еуропа Ресейге энергия үшін қанша төлейді?

Талай ел Украинадағы әскери жанжалды даттап жатса да, газ бен мұнай Еуропаға ағылып жатыр. Брюссельдегі Bruegel сараптама орталығының есебінше, ЕО Ресейге мұнай үшін күніне 450 млн доллар, ал табиғи газ үшін күніне 400 млн доллар жібереді екен.

Бұның бәрі Батыс санкциялары Ресейдің шетелдегі резервтерін нысанаға алғанымен, энергиядан түсетін кіріс Кремльдің бюджетін нығайтып, валюта қорын толықтырып жатқанын білдіреді. Ресей үкіметі 2011-2020 жылдар аралығында мұнай мен газдан түскен табыстың орташа есеппен 43%-ын алған.

Еуропаға Ресейдің қанша мұнайы барады?

Еуропа – ресейлік мұнайды ең көп сатып алушы. Ол 2020 жылы Ресей жалпы экспортқа шығарған 260 млн тонна көмірсутегінің 138 млн тоннасын немесе 53 пайызын алды, деп хабарлайды BP World Energy өзінің статистикалық шолуында. Энергетикалық шикізатының барлығын дерлік импорттайтын Еуропа отынға қажеттілігінің төрттен бірін Ресейден жеткен ресурстармен қанағаттандырып отыр.

Бұнда мұнай қайта өңделіп, жылытатын, көліктерді жүргізетін отынға айналып, өнеркәсіп ошақтары үшін шикізат ретінде пайдаланылады.

Неліктен табиғи газдан гөрі мұнайға көбірек мән беріліп отыр?

Табиғи газдың баламалы көздерін табу қиынырақ, өйткені ол негізінен құбыр арқылы келеді. Ал көбінесе танкермен тасымалданатын және дүниежүзілік нарықта көп сатылатын мұнайдың басқа көздерін табу оңайлау.

Әзірге табиғи газ импорттауды доғару мәселесі қаралып жатқан жоқ. Оны көп пайдаланатын Германиядағы өнеркәсіптік қауымдастықтар көгілдір отын болмаса, шыны мен металл кәсіпорындарының тоқтайтынын және талай жұмыс орнының жабылатынын ескертіп отыр.

Экономистер Табиғи газды да, мұнайды да тоқтату Еуропаны рецессияға ұрындыруы мүмкін деп отыр. Бұл аймақ үкіметтері тамыз айынан бастап Ресейден көмір импорттауға тыйым салуға келісті. Бірақ көмірден келетін кіріс – Ресей үшін энергия экспортынан түсетін қаржының салыстырмалы түрде аз ғана бөлігі.

Ресей мұнайын жеткізу тоқтатылса не болады?

Еуропа Украинадағы дағдарысқа дейін Ресейден күніне 3,8 млн баррель импорттаған. Теориялық тұрғыдан алғанда, еуропалықтар бұл "бөшкелерді" Таяу Шығыстағы жеткізушілердің мұнайымен алмастыра алады. Олардың экспорты қазір негізінен Азияға, сондай-ақ, Америка Құрама Штаттарына, Латын Америкасына, Африкаға бағытталып отыр. Ал Ресейдің арзанырақ мұнайы Таяу Шығыстан Азияға жөнелтіліп жатқан шикізаттың орнын басуы мүмкін.

Алайда жаһандық нарық бұл өзгерісті жасауы үшін уақыт қажет болады. Еуропалық тұтынушылар мұнайды шығыстан батысқа бағыттау үшін теміржол, жүк көлігі және өзен баржаларын да қолдануы мүмкін. Бензин мен басқа да өнімдер өндіретін мұнай өңдеу зауыттары болса, нақты бір ресейлік мұнай түріне арналған және де бірнеше ірі мұнай өңдеу зауыты Ресейден келетін құбырға тәуелді.

"Брюгель" сараптама орталығы сарапшыларының пікірінше, Еуропа елдері жанармай тұтынуды азайту мақсатында қоғамдық көлікті тегін етіп, автомашиналарды ортақ пайдалану саясатын ынталандыруға дайын болуы керек. Егер бұл шаралар нәтиже бермесе, бір күні нөмірі тақ санды, екінші күні – жұп санды автомобильдерді ғана жолға шығару тәрізді қатаң шешімдер қабылдау қажет болады. Осыған ұқсас ережелер 1973 жылы ОПЕК жариялаған мұнай эмбаргосы кезінде қолданылып, Германияда "көліксіз жексенбі" тәртібі енгізілген еді.

"Мұндай шаралар нарықтарға ресейлік мұнайдан алшақтану мақсатында құрылымдық өзгеріс жасауға жеткілікті уақыт береді", – дейді сарапшылар.

Ресей шикізатына тыйым салуды кезең-кезеңімен жүзеге асыру тапшылықтың алдын алудың бір жолы. Ал Германия Ресейден мұнай импорттауды жыл соңына дейін тоқтатуды жоспарлап отыр.

Мұнай бағасы Еуропада ғана емес, барша дүние үшін көтерілуі мүмкін. Өйткені мұнай  әлемдік тауар және де оны Ресейден жеткізу мейлінше қысқармақ. Бұның нәтижесінде көлік жүргізу мен жылытуға кететін шығындар көбейіп, әлемде тұтынушылық инфляция жоғарылай түседі деген болжам бар.

Ресей Еуропадағы жүк көліктері мен ауылшаруашылық техникасы үшін дизельдік отын жеткізетін негізгі ел болғандықтан, РФ-дан энергия импорттауды азайту азық-түлік пен тауарлардың кең спектрінің бағасына әсер етпей қоймайтыны ескертіле бастады.

Жаһандық мұнай нарығында не болады?

Тасымалдау және логистикалық шектеулер салдарынан Ресейдің барлық мұнайын Еуропадан Азияға қайта бағыттау оңай емес. Үндістан мен Қытай сияқты елдердегі сатып алушылар Ресей мұнайын қаншалықты деңгейде импорттайтыны белгісіз. Олар да Батыстың санкцияларымен байланысты проблемаларға душар болғысы келмейді.

Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК картелі болса, Ресей мұнайының орнын толтыру үшін өндіріс көлемін арттырмайтынын ашық аңғартып отыр.

Мұнайға жаһандық сұраныс қазірдің өзінде жоғары. Өйткені ғалам экономикасы COVID-19 пандемиясынан ес жиып, Украинадағы қарулы қақтығыстардан туындаған белгісіздік нарыққа қысымды күшейтіп, бағаны шарықтатып жатыр. АҚШ Президенті Джо Байден американдықтар үшін бензин құнының көтерілуімен күресу үшін стратегиялық мұнай қорынан шикізат босатуды бұйырды. Сонымен қатар тағы 30 шақты мемлекет жаһандық нарыққа көбірек мұнай жіберуге келісіп отыр.

"Ең ауыр сценарий бойынша, Ресейдің 3,8 млн баррелі  Еуропа мен оның энергетикалық ресурстарынан бас тартқан елдерге жетпей қалатын болса, әлемде мұнай бағасы 180 долларға дейін көтерілуі мүмкін.  Одан кейін сұраныс пен экономикалық өсім төмендеп, баға күрт түсуі ықтимал. Дегенмен бұлай болмайтын сияқты", – дейді Rystad Energy компаниясының талдау жөніндегі аға вице-президенті Клаудио Галимберти АР агенттігіне берген сұхбатында.

"Ристадтың" болжамынша, тәулігіне 1,5 млн-нан 2 млн баррельге дейін жоғалту бағаны жыл соңына қарай мұнай 120-130 долларға жеткізуі ғажап емес.

Жеңілірек сценарий бойынша, Еуропа алмаған ресейлік мұнайдың көпшілігі энергияға мұқтаж басқа мемлекеттерге арзанға сатылып, нарықтың жоғалтқаны 1 млн баррель ғана болады. Бұл жағдайда мұнай бағасы маусымға қарай 100 доллардан төмен түсіп, жыл соңына дейін 60 долларға дейін құлдырамақ. Бірақ қазір кейбір трейдерлер мен банктер санкциясыз-ақ ресейлік мұнайдан бойларын аулақ ұстап отыр.

Ресей үшін бұл бойкоттың құны қанша болады?

Ресейдің Еуропаға экспорттайтын негізгі эталоны – Urals мұнайының бағасы халықаралық Brent маркасымен салыстырғанда 35 долларға арзандады. Дегенмен әлемде мұнай бағасының жоғарылауына байланысты Ресейдің кіріс жоғалтуы осы уақытқа дейін шектелді. Шетелдік валютадан түскен табыс санкциялар жағдайында Ресейдің қаржылық жағдайын көтеруге көмектесіп отыр.

"Баррельдері жаңа нарық тапқанша, Ресей бизнесте болады. Ол нарық табуды тоқтатқан сәтте, мұнай бағасы күрт шарықтап, Ресейде күрделі экономикалық проблемалар туындайды", – дейді Галиберти.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу