Еуропа жексенбіде ресейлік дизельдік отын мен басқа да өңделген мұнай өнімдеріне тыйым салды және бұл одақ Мәскеуге энергетикалық тәуелділікті азайтып, Украинаға басып кіргені үшін Ресейді жазалау мақсатында оның қазба отыннан түсетін табысын әрі қарай қысқартуды жалғастырып жатыр.
Жаңа тыйым "Үлкен жетіліктегі" одақтас демократиялық елдер тобымен келісілген баға шектеу саясатымен қатар жүзеге асырылады. Бұл жерде негізгі мақсат - ресейлік дизельдің Қытай мен Үндістан сияқты елдерге ағуына және бағаның бүкіл әлем тұтынушыларына зиян тигізетіндей деңгейге кенеттен көтерілуіне жол бермеу. Сонымен бірге Батыс елдері осы шектеу шаралары арқылы Мәскеудің бюджеті мен соғысты қаржыландырудан түсетін кірісін азайтуды көздеп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Дизельдік отын экономика үшін өте маңызды. Өйткені ол жеңіл көліктерді, жүк таситын машиналарды, ауылшаруашылық жабдықтарын және зауыттардың техникасын қуаттандыруға кеңінен қолданылады. Бұл отынның бағасы COVID-19 пандемиясынан кейін сұраныстың қалпына келуіне және энергетикалық шикізат өңдеу қуатының шектелуіне байланысты қайта көтеріліп, жер-жаһанда басқа тауарлар бағасының шарықтауына ықпал етті.
Жаңа санкциялар бағаларға қатысты белгісіздік туындатып отыр. Өйткені 27 ел кіретін Еуропа одағы бір сәтте өзіне қажетті дизельдің 10 пайызын қамтамасыз еткен Ресей отынынан бас тартып, осынау ресурсты енді АҚШ, Таяу Шығыс және Үндістаннан тасымалдайын деп отыр. Бұл дегеніміз -– танкерлерді қажет ететін ұзақ жол. Ал, Ресей порттары салыстырмалы түрде әлдеқайда жақын.
Сондай-ақ бағалар Қытайдан сұраныс қайта жанданғанда да көтерілуі мүмкін. Өйткені қазір бұл мемлекет экономикасы қатаң коронавирустық шектеулер аяқталғаннан кейін қалпына келіп жатыр.
Дизельдік отынның, авиакеросиннің және бензиннің баррелінің құны 100 доллардан аспауы керек. Сонымен қатар сақтандыру, тасымалдау қызметтерінің бағаны осы лимиттен жоғары қоюына тыйым салынады. Бұл компаниялардың көпшілігі батыс елдерінде орналасқан.
Желтоқсанда ресейлік мұнай баррелінің нарқын 60 доллардан көтермеу туралы эмбарго күшіне енді. Дизельдік отынға қарсы санкция да дәл солай жұмыс істеуі керек.
"Біз бағаға шектеу қойғаннан кейін, Ресей отынының құнын түсіріп, Путиннің соғысқа қажетті ақшасын азайтып, батыс елдері мен дамушы экономикаларды бағаның шарықтау зардабынан қорғай аламыз", - дейді Вашингтонда орналасқан Уилсон орталығының жаһандық мәселелер жөніндегі ғылыми қызметкері Томас О'Доннелл АР агенттігіне берген сұхбатында.
Дизельдік отын бағасының шектелуі РФ-ға бірден зиян тигізбейді. Өйткені бұл шектеу Ресейдің қазіргі бағасымен шамалас. Ал, таяу болашақта Мәскеудің басты проблемасы, баға шегінен жалтару емес, жаңа тұтынушы табу болмақ.
Сарапшылардың пікірінше, энергетикалық нарық жаңа өзгерістерге бейімделетіндіктен, бастапқыда баға күрт өсуі ықтимал. Бірақ, өзге бір пікірлерге жүгінсек, егер ЕО-ның шектеулері ойдағыдай жұмыс істейтін болса, ал ресейлік дизель басқа елдерге бұрынғыша жеткізіліп жатса, еуропалық эмбарго бағаны шарықтатпауы керек.
Еуропа одағы атқарушы комиссиясының апта сайынғы мұнай нарығы туралы есебіне сәйкес, жанармай станцияларында дизельдік отын құны желтоқсан айының басынан бері тұрақсыздық байқатты. Мәселен, қаңтардың 30-дағы жағдай бойынша оның литрі 1,80 еуроға сатылған. Ал, осы континенттің ең ірі экономикасы Германияда дизель литрінің құны қаңтардың 31-де 2,6 центке төмендеп,1,83 еуроны көрсеткен.
Тек желтоқсан айында Ресей Еуропаға дизельдік отын сатудан 2 миллиард доллардан астам табыс тауыпты. Себебі импорттаушылар тыйым қарсаңында оны әдеттегіден молырақ сатып алса керек.
Айта кетсек, Еуропа өзіне қажетті көмір мен шикі мұнайдың көп бөлігін Ресейден жеткізуді тоқтатты. Ал Мәскеу "Қарт құрлыққа" жіберетін табиғи газының басым бөлігін қысқартып отыр.