Еуропа Ресейдің газынсыз өмір сүре ала ма?

2203

Еуропа – энергетикалық дағдарыста. Бұл континент үшін алдағы қыста үйді жылы ұстап, кәсіпорындардың жұмысын тоқтатпау бас қайғыға айналып отыр. Ал Путиннің үміті – отынды мейлінше қымбаттатып, "Қарт құрлық" жұртын Украинаны қолдаудан бас тарттыру.

Еуропа Ресейдің газынсыз өмір сүре ала ма?

Ресей зауыттарды қуаттандыруға, электр энергиясын өндіруге және үйлерді жылытуға қажетті табиғи газды Еуропаға экспорттауды қысқартып жатыр. Бұның бір дәлелі – Мәскеу Германияға "Солтүстік ағын-1" магистральдық құбырымен жеткізілетін көгілдір отынды осы аптада техникалық себептерге байланысты 20%-ға дейін төмендететінін ескертті.

Еуропалық лидерлер Ресей Президенті Владимир Путинді Украинадағы соғысқа байланысты Батыспен тайталаста энергияны саяси қаруға айналдырды деп айыптап, қазір Мәскеудің газ беруді мүлде тоқтату мүмкіндігіне дайындалып жатыр. Осы жағдайға орай, ЕО мемлекеттері газды үнемдеп тұтынуға уағдаласты.

Аймақта туындаған энергетикалық дағдарыс туралы негізгі жайттардың қысқаша сипаттамасы төмендегідей:

Ресей Еуропаға газ беруді қаншалықты тоқтатты?

РФ Еуропаға газ жеткізуді айтарлықтай қысқартты. Ал ЕО Ресейдің банктері мен компанияларына санкция салып, Украинаға қару-жарақ жібере бастағаннан кейін Мәскеу алты елге газ жөнелтуді доғарып, тағы алтауына бұл отынды экспорттауды азайтқан.

"Солтүстік ағын - 1" арқылы ЕО-ның ең ірі экономикасы Германияға айдалатын газ көлемі 80%-ға кемімек. Бұған себеп ретінде Ресей құбырдың бір турбинасын жөндеу қажеттігін алға тартып отыр.

27 елден тұратын ЕО қыс қарсаңында газ қоймаларын толтырып алуға әрекеттеніп жатыр. Одақтың қазіргі мақсаты – қойма салып болғанша газды азырақ пайдалану. Еуропаның газ қоры былтыр қарашаның 1-інде 80%-ға жетсе, бүгінде сол қоймалар 65%-ға ғана толтырылған.

Ресейдің табиғи газы неге маңызды?

Ресей соғысқа дейін Еуропаға қажетті табиғи газдың 40 пайызын қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш бүгінде шамамен 15%-ға дейін төмендеп отыр. Осының салдарынан аймақта бағалар шарықтап, энергияны қажет ететін салалар қиындыққа тап болды.

Газ адамдарға көріне бермейтін процестерде көп қолданылады. Солардың қатарында автомобиль мен шыны бөтелкелер жасау және сүт, ірімшік пастерлеу салалары бар.

Кейбір компаниялар болса, жылу өндіру үшін мазут немесе электр энергиясы сияқты басқа қуат көздеріне бір түнде ауыса алмайтынын ескертеді. Қуат берілмеген жағдайда балқытылған металл немесе әйнек салынған жабдықтар істен шығады.

Энергия бағасының шарықтауы қазірдің өзінде рекордтық инфляцияға сеп болып, Еуропаны рецессияға ұрындырады деген қауіп туындатып, азық-түлік, отын және коммуналдық қызметтер құнын өсіріп, тұтынушыларды қаржыны азырақ жұмсауға итермелей бастады. Газ ағынының толық тоқтауы онсыз да күйзеліске ұшыраған экономикаға одан да ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

NORD STREAM-1 құбыры дегеніміз не?

Бұл – Еуропаның Ресейден Германияға Балтық теңізі арқылы өтетін негізгі табиғи газ құбыры. Ол Германия үшін ресейлік газды тасымалдайтын негізгі жол саналады.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың сөзінше, "Солтүстік ағын - 1" арқылы өтетін газ көлемінің қысқаруы құбыр бөлшегінің Канадаға жөндеуге жіберілуімен және оның бір турбинасының тоқтауымен байланысты екен.

"Елімізге салынған шектеулер мен санкциялар бұл жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр", – дейді Песков.

Еуропалық лидерлер болса, бұл техникалық түсініктемені негізсіз деп есептейді.

"Путин Украинаға үлкен қолдауымызды әлсіретіп, қоғамымыздың арасына сызат түсіруге тырысып жатыр. Сол үшін ол белгісіздік туындатып, бағаны шарықтатуға бар", – дейді Германияның Экономика министрі Роберт Хабек Dpa ақпарат агенттігіне берген сұхбатында.

Еуропа қыста қоймалар деңгейін толтыру үшін 12 млрд текше метр (120 танкер сұйытылған газға тең) газды үнемдеуі керек.

Тағы үш құбырдың бірі ресейлік газды Еуропаға Польша мен Беларусь арқылы жеткізеді. Ол қазір жабық тұр. Екіншісі, соғысқа қарамастан, Украина мен Словакия арқылы отынды аздап болса да әлі тасымалдап жатса, үшіншісі Түркия арқылы Болгарияға тартылған.

Бұлардан бөлек, Еуропаға газ Норвегиядан, Солтүстік Африкадан және Әзірбайжаннан да құбырмен барып жатыр.

Путин ойынының сыры неде?

Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) мәліметі бойынша, Ресейдің мұнай және газ экспорттаушылары энергияны азырақ сатса да, бағаның шарықтауы есебінен Путиннің табысын шын мәнінде өсіріп жатыр.

Басқыншылықтан кейін Ресейдің Еуропаға мұнай мен газ сатуынан түскен табысы соңғы жылдармен салыстырғанда орта есеппен екі есеге артып, 95 млрд долларға жетті, деп хабарлайды штаб-пәтері Парижде орналасқан ХЭА.

Сондықтан Путиннің қолында қолма-қол ақша бар. Енді ол Еуропада коммуналдық төлемдерді қымбаттатып, энергетикалық құлдырауды күшейтіп және осы тәсілдер арқылы Украинаға қоғамдық қолдауды әлсіретіп, көрші елдегі қарулы жанжалды келіссөздермен өз пайдасына шешуге үміттеніп отыр.

"Ресей саяси ықпалға ие болу үшін Еуропаға газ экспорттаудан түсетін кірістен бас тартуы мүмкін екенін жоққа шығару дұрыс емес", – дейді ХЭА атқарушы директоры Фатих Бирол.

Еуропа не істей алады?

Еуропа одағы бүгінде АҚШ, Катар сияқты елдерден кемемен келетін қымбатырақ сұйытылған табиғи газға (СТГ) жүгіне бастады. Германия Солтүстік теңіз жағалауында СТГ сақтайтын терминалдар құрылысын жылдам жүргізіп жатыр. Бірақ бұл жұмыс жылдарға созылуы мүмкін. Төрт қалқымалы терминалдың біріншісі биылғы жылдың соңында іске қосылады.

Алайда СТГ жалғыз өзі олқылықтың орнын толтыра алмайды. Әлемде энергияға сұраныс мейлінше артқандықтан, СТГ қондырғылары толық қуатында жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты халықаралық нарықта газ тапшылығы байқалады. Бұл аздай, АҚШ-тың Техас штатындағы Фрипорт қаласындағы терминалда болған жарылыс Еуропаға жеткізілетін газ көлемін бірден 2,5% -ға кеміткен.

Сонымен қатар Еуропа СТГ-ның шектеулі көлемі үшін Азиямен бәсекеге түсуге мәжбүр. Capital Economics сарапшыларының ойынша, осының салдарынан газ бағасы қымбат күйінде қалуы мүмкін.

ЕО үшін бүгінде үнемдеу мен басқа да энергия көздері маңызды болып тұр. Мысалы, Германия көмір зауыттарының қызметін ұзартып, қоғамдық ғимараттардағы термостаттарды қалпына келтіріп жатыр.

Еуроодақтың энергетика министрлері болса, тамыз бен наурыз айлары аралығында газға сұранысты 15%-ға төмендетуге бағытталған заң жобасына келісті. Газ жеткілікті деңгейде үнемделмесе, одақтың 27 елі міндеттеу шараларына көшуі мүмкін.

Сонымен қатар Италия, Франция, ЕО жетекшілері жақында Алжир, Әзірбайжан және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі әріптестерімен келісімдер жасасып, баламалы энергия көздерін табуға күш салып жатыр.

Еуропа халқы алдағы қыстан қалай шығады?

Үйлер, мектептер, ауруханалар жылусыз қалуы екіталай. Өйткені үкіметтер ең алдымен кәсіпорындардан үнемдеу нормаларының орындалуын талап етпек. Сондай-ақ Германия басшылығы газ жеткізушілердің тұтынушыларға отынды көбірек беруін тездетуге рұқсат етуі мүмкін және де тұтынушыларға жоғары баға көрсетілген шоттар жіберілуі ғажап емес.

Сонымен қатар ХЭА еуропалық елдерді газды үйде үнемдеу және төтенше жағдайда ортақ пайдалануды насихаттайтын науқанды күшейтуге шақырып отыр. Өйткені қысқа дейін уақыт аз қалды.

"Еуропалық лидерлер біркелкі емес әрі тұрақсыздандыратын шаралардан туындауы мүмкін зиянның алдын алу үшін осындай мүмкіндіктерге қазірден дайындалуы керек. Алдағы қыс еуропалық ынтымақтастық үшін тарихи сынақ болайын деп тұр. Бұл мәселеде сәтсіздікке жол берілсе, оның салдары энергетикалық сектормен шектеліп қалмауы мүмкін", – дейді Бирол.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу