Еуропа Якутияға ауыр соққы жасады

1582

Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы санкцияларының 12-ші топтамасы несімен қауіпті? 

Еуропа Якутияға ауыр соққы жасады Фото: inbusiness.kz

Олар келесі жылы Ресей экономикасына қысымды күрт арттыруы мүмкін.

Еуропалық Одақ Австрияның қарсылығын әзер еңсеріп, "Украинада соғыс жүргізіп жатқаны үшін Ресейге қарсы санкциялардың 12-ші топтамасын" ақыры қабылдады. Бұдан бұрынғы 11-ші санкциялық пакет биылғы жаздың басында, маусым айында күшіне енген болатын. Салыстырсақ, мысалы былтыр Батыс ай сайын дерлік жаңа санкциялар тобын енгізіп отырды.

12-ші пакеттегі ең ірісі – Ресейде өндірілген алмастарды Еуропалық Одақ елдеріне импорттауға тыйым салу болып отыр. Алмас (алмаз) – бұған дейін санкциялық қыспақтан аман қалған ресейлік сирек тауарлардың бірі еді. Одан ірісі – уран мен атом саласы тыс қалды.

Сондай-ақ бұл топтама аясында ресейлік қара алтынның бағасына биылғы жыл басында қойылған шектеудің – "ресейлік мұнайдың әр бөшке-баррелін 60 доллардан қымбатқа сатып алуға тыйымның" орындалуына бақылау қатайтылады. Бұл бағадан жоғары сатып алған елдер мен компаниялар қосарлама санкцияға ілігуі мүмкін.

Санкциялардың он екінші толқынының ауыр соққысын және зілбатпан салмағын бірінші кезекте Саха Республикасы (Якутия) сезінбек. Ресей құрамындағы бұл республикада алмас өндіретін ең ірі карьерлер мен тау-кен байыту комбинаттары орналасқан. Тұрғындардың үлкен бөлігі соларда жұмыс істеп, нәпақа табады.

Содан Якутияны – "Ресейдің алмас астанасы" деп те атайды.

Сонау 1957 жылдан бері Якутия АКСР-інде жер астынан алмас шығарумен мамандандырылған трест айналысты. Кейін оның орнын Ленин атындағы "Якуталмаз" өндірістік ғылыми бірлестігі басты.

Кеңес одағынан Ресей бөлініп шыққан соң, 1992 жылы бұл бірлестік жекешелендіріліп, "Алмазы России-Саха" акционерлік қоғамына айналды. Бүгінде бұл компания қысқартылған түрде "АЛРОСА" деген брендпен белгілі. Мәскеудегі билік басына 2000 жылы Путин келісімен, бұл компанияның бір бөлігі Сергей Иванов сияқты соның достарының қоластына көшті.

Компанияның сайтында айтылғандай, "АЛРОСА"-ның ірі акционері – Ресей Федерациясы: оған 33,0256%-ы тиесілі. Тағы бір ірі қожайын – Якутия. Нақтылағанда, Саха республикасы (СР) 25,0002%-ын еншілеген. Республика атынан бұл мүлікке СР Мүлік және жер қатынастары министрлігі иелік етеді.

Тағы 8,0003%-ына кен орындары орналасқан Якутияның ұлыстары (улусы, яғни аудан әкімшіліктері) ие. "АЛОРОСА"-ның қалған 33,9739%-ы – аттары аталмаған "өзге заңды және жеке тұлғалар меншігінде".

Енді 12-ші топтама аясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, Еуропалық Одақ Ресейде өндірілген алмастарды өз аумағына импорттауға тыйым салып отыр.

Financial Times алмастар – бұған дейін санкциялар еш тиіспеген ресейлік санаулы экспорттық тауарлардың бірі болғанына назар аудартады. Алмастардың бұрынғы пакеттерге кіруіне Бельгия қарсыласып келді, өйткені Ресей өзі өндірген алмастың шағын ғана бөлігін өзінде қырлайды. Егер алмастың қыры келтірілмесе, ол гауһарға айналмайтыны белгілі. Бельгия соны шикізат күйінде қабылдап алып, "бриллиант" жасайтын.

Алайда жаңа жылдан бастап, Еуроодақ аумағына ресейлік алмастарды тікелей немесе айналма жолдармен жанама импорттауға, сатып алуға немесе "тегін табыстауға" (санкцияны айналып өтудің мұндай айласы да қолданылуы мүмкін) үзілді-кесілді тыйым салынды.

Тіпті Ресей азаматтарының бриллиант әшекейлері де шекарада тәркіленуі ғажап емес. Ендеше гауһар тастары бар қымбат зергерлік бұйымдар таққан қазақстандықтар Еуропаға Ресей аумағы арқылы сапарламағаны абзал.

Жалпы, бұдан былай Еуропада "Ресей" мен "алмаз" деген сөздер қатар қолданыла қалса, құзырлы органдар елеңдеп, құлақ түретін болады. Ресейде өндірілген, Ресейден экспортталған, сондай-ақ Ресей аумағы арқылы транзитпен өтетін алмастарға және үшінші елдерде өңделген ресейлік алмастарға бұғат, "бан" қойылды.

Еуроодақ түсініктемесінде айтылғандай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, индустриалдық емес, табиғи және синтетикалық алмастар да, бриллианттары бар зергерлік бұйымдар да тікелей тыйымға ілігеді.

Негізі, жалғыз ресейлік қана емес, бүкіл әлемде өндірілген алмастардың 80%-дайы Бельгияның Антверпенінде сатылады, қырланады. Оған алда басқа елдердің өндірушілеріне толық ауысуға тура келмек. Сондықтан ол үшін 2024 жылғы 1 қыркүйекке дейін созылатын өтпелі кезең беріліп отыр.  

Ресей – өңделмеген алмастардың әлемдегі ең ірі өндірушісі саналады. Ол алмас экспортынан жыл сайын 4 миллиард доллардан астам табыс табады.

Бұдан бұрын Bloomberg бағалағандай, Еуроодақтың бұл жолғы санкциялары Ресейдің 5,3 млрд доллардан асатын экспортын қамтуы мүмкін.

BBC News мәліметінше, жаңа 12-ші санкциялық топтама аясында алмас сыртында, шойынды, мыс пен алюминий сымдарын, фольганы, құбырларды Ресейден импорттауға тыйым салынды. Бұлардың жалпы құны – жылына 2,2 миллиард еуроны құрайды.

Еуроодаққа кірмесе де, Швейцария енді Ресейден темір мен болатты сатып алудан бас тартуға келісті.

Бұдан өзге, бұл жолы "ресейлік қорғаныс секторы мен қауіпсіздігін технологиялық жетілдіруге септесуі мүмкін тыйым салынған тауарлардың тізімі" де кеңейтілді. Олардың арасына станоктар, химикаттар, литийі бар батареялар, беспилотниктерге, дрондарға арналған қозғалтқыштар, термостаттар, тұрақты тоғы бар электрлі қозғалтқыштар, машиналардың бөлшектері және басқалары қосылды.  

Ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенге тікелей қолдау көрсеткені, қосарлама мақсаттағы және әскери тауарлар мен технологияларды тасығаны үшін тағы 29 компания мен ұйым санкцияға ілікті.

Қызығы сол, санкциялық топтама бұрынғы бірқатар санкцияларды керісінше, жұмсартты. Еуроодақ өз аумағына кіретін ресейліктердің үстіндегі және багажындағы жеке мақсатта пайдаланатын заттарын – киімін, жеке гигиенаға арналған заттарын шекарада тәркілеуге тыйым салды. Сондай-ақ Еуроодақ территориясына енетін дипломатиялық нөмірлік белгісі бар автомобильдердің ішіндегі жүктерге қатысты да жеңілдіктер қарастырылады.

Бұған қоса, Еуроодаққа мүше мемлекеттер Ресейде тұратын, бірақ өзге елдің азаматтығын алған адамдарға Еуропаға жеке автомобилімен кіруіне рұқсат етті. Бірақ олар ол көлігін жеке мақсаттарына ғана пайдалануы керек, сатуына рұқсат етілмейді.

Әйтпесе, биылғы 8 қыркүйектен бері Еурокомиссияның түсініктемесіне сәйкес, Еуропалық Одақ елдері Ресей азаматтарына Еуроодақ аумағына жеке автокөліктерімен және жеке заттарымен келуіне тыйым салып тастап еді. Ол тыйымға 150-ден астам зат түрі кірді.

Еуропа жаңа пакетте ресейлік мұнайдың 60 доллардан қымбат сатылуына және Мәскеудің ескі танкерлерді сатып алуына тосқауыл қою шараларын қарастырды. Еурокомиссияның баспасөз релизінде жазылғандай, ақпарат алмасудың жетілдірілген механизмі ресейлік мұнайды жеткізуге көмектесетін ұйымдар мен кемелерді әшкерелеу ісін жақсартады.  

Еуроодақтың жаңа талабы бойынша ескірген танкерін сататын фирмалар енді бұл туралы алдын ала уәкілетті органды хабардар етуге міндетті болады. Тиісінше, бұл процесс барынша айқындала түседі, Ресейдің "көлеңкелі флотын" кеңейтуі күрделенеді деген сенім бар.

2022 жылғы 5 желтоқсанда мұнай бағасына 60 долларлық шектеу енгізілердің қарсаңында Мәскеу ескі танкерлерден құралған көлеңкелі флотын қалыптастыруға кірісті. Осы кезде трейдерлер Дубай, Гонконг, Сингапур, Кипр сияқты елдерде танкерлердің сатымылы күрт өскенін тіркеді. Ресей оларды батыстық беделді сақтандыру компанияларында еш сақтандырусыз, немесе өз компаниялары арқылы сақтандырып, Қытай мен Үндістанға мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға қолданып жатыр. Ресей осы арқылы санкцияларды айналып өтті.

Ресей Қаржы министрлігінің хабарлауынша, биылғы қазан айының қорытындысында ресейлік Urals маркалы қара алтынның бағасы 81,52 долларға жетті. Қарашада орташа бағасы 72,84 доллар болды. Бұлардың бәрі еуропалық баға шегінен көп.

Ресейлік және қазақстандық мұнай тиелген танкерлердің басым көпшілігі немесе 60%-дайы даниялық бұғаздар арқылы өтеді. Сондықтан Financial Times жазуынша, Еуроодақ Данияға өз айдыны арқылы өтетін барлық танкерлерді тексеріп, бұғаттауды тапсырды. Ол Батыс компанияларының сақтандыруы жоқ танкерлердің өтіп кетпеуін қадағалауға тиіс. Дегенмен, жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, әзірге Данияда танкерлердің бәрін тексеруге техникалық мүмкіндігі жеткіліксіз көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу