Евгения Пак: Теңге бағамы валюталық интервенциясыз қалай болатынын бақылау қажет

3567

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының (AERC) аға сарапшысы Евгения Пак inbusiness.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.  

Евгения Пак: Теңге бағамы валюталық интервенциясыз қалай болатынын бақылау қажет

– Қалай ойлайсыз, Үкімет пен Ұлттық банктің "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасы ұлттық валютадағы депозиттердің тартымдылығын арттыра ала ма?

Бұл шара цифрмен жұмыс істейтіндер үшін теңгедегі салымдардың тартымдылығын сақтауға қабілетті деп санаймын. Өйткені бағдарлама аясында банктегі жинақ депозитіне есептелетін жылдық пайызға қосымша 10% өтемақы беріледі.

Мемлекет тарапынан жеке тұлғаларға дәл осылай қолдау көрсету қаншалықты заңды?

– Қаржылық тұрақтылықты, атап айтқанда банк жүйесінің тұрақтылығын қолдаудың мұндай құралы ерекше дүние емес, әлемдік тәжірибеде бар және қолданылатын тәсіл. Әрине мұндай тәсілге жағымды жағдайда жүгінбейді. Таяуда Түркия лираның құнсыздануы кезінде бағамдық айырмашылықтың өтемақысын есептеуге осыған ұқсас құралды қолданды.

– Қазіргі жағдай қаражатын ұлттық валютамен сақтайтын және кәсібін теңгемен жүргізетін заңды тұлғаларды да шығынға ұшыратады. Осының алдын алу үшін не істеу керек?

– Менің ойымша, елде Үкімет пен бизнес арасында байланыс бар. Егер бизнестің шығынының ауқымы шынымен де маңызды болса, онда кәсіпкерлерге мемлекетке бірлескен өтінішпен жүгіну қажет. Алайда дәл қазір кәсіпкерлерге де, мемлекетке де ықтимал шығынды бағалау қиын. Теңге бағамы валюталық интервенциясыз қалай болатынын бақылау қажет. Себебі шетел валютасына сұраныс қалай болатыны белгісіз.

Украина мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас тұрақтанып, ұлттық валюта бағамы қалпына келсе, бизнестің шығынын есептеу мен оған өтемақы тағайындау немесе тағайындамау қажеттігін анықтау оңайырақ болады.

Мемлекеттік қолдауды бытырата беруге болмайды. Өйткені кез келген өтемақы бюджет қаражаты есебінен, яғни салық төлеушілердің аударымынан жүзеге асырылады.

– Мемлекеттік қолдау шарасының басты мақсаты не?

–  Үкімет пен Ұлттық банк бағам айырмасына өтемақы тағайындау арқылы теңгедегі салымдардың жылыстау ықтималдығын төмендетіп, ұлттық валютаның "көк қағазға" ауыстырылуының алдын алады. Басқаша айтқанда шетел валютасына деген сұранысты азайтады. Осы арқылы теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамына қолдау көрсетеді. Ұлттық валюта бағамы тұрақтанса, елдегі баға тұрақтанады.

– Халық: "Теңгенің құнсыздануына байланысты Үкімет пен Ұлттық банк депозитті ғана емес, зейнетақыны, жәрдемақыны және жалақыны индекстеуге тиіс" деп жатыр. Сіз не дейсіз?

– Тап қазір бағамның өзгеруін күрделі мәселеге айналдыру дұрыс емес. Өйткені ол бағаға кері әсерін тигізіп үлгерген жоқ. Қазақстанда айырбас бағамын инфляцияға көшірудің әсері бар. Ұлттық валютаның құнсыздануы бағаның өсуіне әкелетіні де белгілі. Дегенмен айырбас бағамы бағаның әп-сәтте өзгеруіне ықпал ете алмайды. Инфляцияға теңге бағамының жекелеген бір күндік "секіруі" емес, айырбас бағамының тренді негіз болады.

Қаңтардағы оқиғалар кезінде де теңге бағамы әлсіреді, бірақ бұл мезеттік шок болды. Кейін ұлттық валюта бағамы бір АҚШ доллары үшін 428-433 теңге диапазонына оралды.

Бүгін біз бағамның бір доллар үшін 475 теңгеге дейін "секіргенін" көрдік. Бұл – алыпсатарлық сұраныстың салдарынан туған қысқа мерзімді әлсіреу.

Қазір бағам бір АҚШ доллары үшін 460 теңге болып тұр. Нарық сыртқы күйзелісті жеңеді, адамдар тынышталып, ұлттық валюта бағамы тұрақтанады деп күту керек. Қазір біз уақытша құбылуды көріп отырмыз. Бүгін айырбас бағамының өзгеру диапазоны 459-475 теңге болды.

Бұл сараланған шешім қабылдау үшін қалыпты жағдай емес.

Жыл басында ең төменгі жалақы мөлшері өзгерді, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы индекстелді. Мемлекет тарапынан тікелей төлем түрінде өтемақы тағайындала берсе, баға өсе береді. Себебі адамдар қолдарына түскен қаражатқа тауар алып, сұранысты артырады. Сұраныс болса, баға өседі.

Депозиттердегі жинаққа төленетін өтемақыға келетін болсақ, салымшыға шартта көрсетілген мөлшерлемеден бөлек, 10% қосымша сыйақы беріледі. Осы өтемақы бағам айырмасын өтейді.

– Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу