Феминистердің шеруіне рұқсат бергендерді тексеру керек – Бекболат Тілеухан

2377

Депутаттың Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында, шерудің шын мақсаты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шығу емес, мүлде басқа екені айтылған.

Феминистердің шеруіне рұқсат бергендерді тексеру керек – Бекболат Тілеухан

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Алматыда өткен феминистер шеруін өткізуге рұқсат бергендерді тексеру керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, 8 наурызда Алматыда өткен феминистер шеруінде қазақы құндылықтарға жат дүниелер айтылған. 

"Бұл іс-шара бір қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шеру секілді көрінеді. Бірақ шерудің күн тәртібі мүлде басқа арнаға "лағып кетті". Оған бәріңіз куәсіз. Мұндай шерулердің басты мақсаты – әйелдің құқығы емес. Дәстүрлі емес некені сырттан бізге таңу, қоғамда қабылдай алмай жатқан дүниелерге бой үйрету, қажет болса, оны насихаттау", - деді Бекболат Тілеухан Мәжілістің жалпы отырысында.

Ол феминистердің шеруінде айтылған сөздер әлеуметтік желіде кеңінен таралғанын жеткізді. 

"Ол видеоларды балаларымыз да көретінін ескерсек, ұлттық тәрбиеге қаншалықты нұқсан келіп жатқанын аңғаруға болады. Осы шеруде айылған сөздер кәдімгідей қазақпен ерегісетін сияқты көрінеді. Қазақ "қызға қырық үйден тыю" десе, олар "қызға қырық үйден бостандық" дейді. Қазақ "ұят – беттің пердесі" десе, олар "өз ойыңды айту ұят емес" дейді, "менің жатырым – менің ережем" дейтін де ұран болады екен", - деді депутат.

Бекболат Тілеухан ұяттың шеңберінен шықпай-ақ, адамның құқығын сақтауға болатынын атап өтті. Осыған байланысты ол Алматыдағы феминистер шеруін өткізуге рұқсат бергендерді тексеруді ұсынды.

"Алматыдағы шерудің заң талаптарына сай болған-болмағанын, экстремистік топтардың еркін алаңға шығуына қала әкімдігі жол берген-бермегеніне сараптама жасауды, әрі балаларды зиянды ақпараттан қорғау бағытында жыныстық азшылық топтың азғындығы, біржынысты неке тәрізді құбыжық құбылыстардан сақтайтын заң нормаларын парламентке енгізуді қарастыруды ұсынамын", - деді Бекболат Тілеухан.

Дәурен Ерболат

Фото "Feminita" ұйымының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу