FinTech жобалардың көбін ерлер жүзеге асыруда

8492

Ал мұндай жобалардың негізін қалаған әйелдердің үлесі – 18 пайыз. 

FinTech жобалардың көбін ерлер жүзеге асыруда

"Астана" халықаралық қаржы орталығы іске қосылғалы бері Қазақстанда FinTech бағыты күш ала бастады. Дегенмен, АХҚО Tech Hub құзыреттілік орталығының басшысы Айнұр Жантөринаның айтуынша, Қазақстанда FinTech-стартаптардың экожүйесі дамудың бастапқы сатысында тұр. Бірақ нарықтың әлеуеті жоғары. Сондықтан даму үшін негізгі алғышарт бар. Бұл туралы АХҚО-ның технологиялар хабы жүргізген зерттеуде толық қамтылған.

Зерттеуде көрсетілгендей, біздің елдегі FinTech-стартаптардың орташа жасы – 1-3 жыл. Олардың үштен бірі алғашқы сату сатысында тұр. Компаниялардың 40 пайызының кірісі өсіп келеді. Ойыншылардың 16 пайызы жаңа нарықтарға бейімделіп, көкжиегін кеңейтуде. Жобалардың 9 пайызы енді-енді жетілу үстінде.  

Қаржылық технологиялардың көп таралған түрлері – төлемдер, аударымдар, мобильдік әмияндар (20 пайыз) және қаржылық бағдарламалық қамтамасыз ету бағыты (18 пайыз). Сонымен қатар стартаптардың 15 пайызы электронды саудамен, 11 пайызы жинақ және инвестициямен, 10 пайызы несие берумен айналысады. Сақтандыру саласындағы жобалардың үлесі 5 пайызға жетпейді.

Салаға негізінен кәсіпкерліктің қыр-сырын жақсы меңгерген адамдар келеді екен. Сондықтан FinTech-стартаптардың негізін қалаған адамдардың орташа жасы – 25-40 жас. Олардың көбі ІТ немесе бизнесті басқару салаларында жоғары білім алған. Мұндай жобаларды жүзеге асыруға ер адамдар белсене кіріседі екен. Олардың дені Нұр-Сұлтан (49 пайыз) және Алматы (44 пайыз) қалаларында тұрады. FinTech-стартаптардың негізін қалаған әйелдердің үлесі – 18 пайыз.

Отандық FinTech-стартаптардың негізгі нарығы – Қазақстан. Олардың 49 пайызы ішкі нарыққа негізделген. Одан кейінгі орында ТМД нарығы тұр. Өз жобаларын жүзеге асыратындардың 22 пайызы аталған нарықтан орын алуға ниетті. Сонымен қатар FinTech-стартаптардың 12 пайызы Азия нарығына, 10 пайызы Еуропаға және 7 пайызы АҚШ нарығына жол тапқан. Бұл ретте кәсіпкерлердің 72 пайызы халықаралық нарыққа шығуды көздеп отыр.

FinTech-стартаптарды жүзеге асыратын ұжымдардағы адам саны аса көп емес. Мәселен, сауалнама сұрақтарына жауап берген кәсіпкерлердің 8 пайызы жобамен жалғыз өзі айналысатынын айтқан. 18 пайызында 2-4 адам еңбек етеді. 28 пайызында 5 адамнан жұмыс істесе, 18 пайызы командада 7-10 адам бар деп жауап берген. Тек 15 пайызының штаты ғана 20 адамнан көп.

Жобалардың 70 пайызы кәсіпкерлердің өз қаражатымен жүзеге асырылуда. 21 пайызын бұл салаға қатысы жоқ инвесторлар қаржыландырып отыр. 7 пайызы мемлекеттік гранттар арқылы іске қосылған.

Қазақстандық FinTech-стартаптардың негізін қалаушылар қаржы институттарымен ынтымақтастық орнатуға бейілді. Мәселен, жобалардың 42 пайызы банктерді әріптестікке тартқан. Кәсіпкерлердің 21 пайызы "Банк – қаржыландыру көзі" нұсқасын таңдаған. Компаниялардың 9 пайызы банктерді клиент ретінде көргісі келеді. 9 пайызы қаржы институттарымен әріптестік орнатуға мүдделі емес.

FinTech-стартаптардың 32 пайызы негізінен транзакциялық операциялардан табыс тауып отыр. Жазылымдар арқылы табыс табатындардың үлесі – 27 пайыз. 12 пайызы жарнамадан табыс түсіреді.

Пандемия кезінде кәсіпкерлердің 23 пайызы өнімді нарықтағы жаңа жағдайларға бейімдей алған. Ал 8 пайызы жобаның өзектілігіне байланысты инвесторлар тарапынан қызығушылықтың күрт өскенін атап өтіпті. 13 пайызының сатылымы күрт төмендесе, 11 пайызы нарықтан біржола кету туралы оймен бас қатырып жүр.

Кәсіпкерлердің үштен бірі саладағы негізгі проблема ретінде ақшаның жетіспеушілігі мен қаржыландырудағы шектеулерді атаған екен. Елдегі реттеу мен бюрократия компаниялардың 25 пайызына түрлі қиындық тудырған. Кәсіпкерлердің 15 пайызы бәсекелестіктің бәсеңдігін, 11 пайызы салада сапалы кадрлардың жоқтығын алға тартқан. 10 пайызы инфрақұрылым жайын тілге тиек етіпті.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу