2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінің 166 - бабына сәйкес бизнес субъектілері онлайн бақылау-кассалық аппаратымен жұмыс істеуге көшті. Үкімет көлеңкелі экономикамен күресу және кәсіпкерлерді қашықтықтан бақылау үшін осындай талап қойды.
Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаевтың мәлімдеуінше, онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолданысқа енгізу 2015 жылдан басталды. Ал ескі үлгідегі кассалық аппараттар 2016 жылы ауыстырыла бастады. Осы жылы қаржы министрлігі салық төлеушілер есеп айырысу кезінде мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарын қолдансын деген бұйрық шығарды. Министрлік тауар мен қызмет ақысы қолма-қол ақшамен төленсе де, банк картасымен төленсе де, кәсіпкер барлық қаржылық операцияны онлайн бақылау-кассалық аппаратынан өткізуге тиіс екенін ескертіп, онлайн бақылау-кассалық аппараты қаржылық операцияны нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретінін, салық қызметкерлері есеп беру мерзімін күтпей, кәсіпкердің табысы мен декларацияланатын кірісін салыстырып отыратынын алға тартты. Сонымен қатар қаржы министрлігі деректерді жіберу функциясы бар онлайн кассалық-бақылау аппараттары кәсіпкерлердің кірісін азайтып көрсетуі мен жасырып қалуының алдын алатынын, осы арқылы қазынаға түсетін салық көлемін ұлғайтатынын мәлімдеді.
Онлайн-бақылау кассаларын 2016 жылы жанар-жағармай мен спирттік ішімдіктердің саудасымен айналысатын кәсіпкерлер қолдана бастады. Ал 2018 жылдан бастап деректерді беру функциясы жоқ бақылау кассаларын пайдалануға тыйым салынды. Кәсіпкерлердің онлайн кассалық-бақылау аппараттарын қолдануының нәтижесінде бюджетке қосымша 14,1 млрд теңге салық түсті. 2019 жылдан бастап кәсіпкерлер кезең-кезеңімен онлайн кассалық-бақылау аппараттарына көше бастады. Осы жылы қолданысқа 505 мың онлайн кассалық-бақылау аппараты енді. Бұл аппараттар бюджетке қосымша 28 млрд теңге түсірді.
Премьер-министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, қолданысқа енгізілген онлайн бақылау кассалық апараттары тиімділігін көрсетіп үлгерді.
"2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының аумағында ақша аударымдары онлайн бақылау кассалық апараттары арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 550 мың бизнес субъектісі 729 мың бақылау кассалық апаратын пайдаланады. Оның 710 мыңы немесе 97,4%-ы қаржылық операциялардың дерегін мемлекеттік кірістер комитетіне онлайн өткізеді", – деді үкімет басшысы.
Асқар Маминнің сөзінше, онлайн бақылау кассалық аппараттары салықтық әкімшілендіруді жақсартып, бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтты және көлеңкелі ақша айналымын қысқартты.
"Қолма-қол ақшадан түскен табыстан көбінесе салық төленбейді. Ал онлайн бақылау-кассалық аппараты бар кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын қолма-қол ақшамен алса да, банк картасымен алса да тұтынушыға түбіртек беруге тиіс. Бұл салық органдарының назарынан тыс ақша айналмайды деген сөз. Яғни көлеңкелі экономикаға тосқауыл қойылған", – деді премьер-министр.
Біле жүріңіз, "Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" АҚ және "Кар-Тел" ЖШС мен KazTransCom АҚ фискалды деректер операторы болып бекітілген. Операторларға онлайн бақылау-кассалық аппараты арқылы жүргізілген қаржылық операциялардың дерегін мемлекеттік кірістер комитетіне жеткізу және әр түбіртекке қатысты мәліметті 5 жыл сақтау тапсырмасы жүктелген. Ал онлайн бақылау-кассалық аппаратымен жұмыс істейтін кәсіпкерлер фискалды деректер операторының қызметіне ай сайын 1 500 теңге төлеу талабы қойылған.
"БК AUDIT" бухгалтерлік компаниясының жетекшісі Айжан Балакешова онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолданатын кәсіпкерлер фискалды деректер операторына төлем жасауға тиісті емес деп санайды. Ол осыған қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған бейнеүндеуінде:
"Фискалды деректер операторы сайтының тіркеуіне алынбаған онлайн бақылау-кассалық аппараттары жұмыс істемейді. Фискалды деректер операторының сайты бизнес субъектілерінің қаржылық операцияларының дерегін жинайды, сақтайды және салық органдарына жөнелтеді. Біз абоненттік төлем төлемесек, түбіртек шығара алмаймыз. Бұл сайт бірінші кезекте бізге емес, салықшыларға қажет. Соның көмегімен олар кәсіпкерлердің қаржылық операцияларын бақылап отырады. Бұлай болса, фискалды деректер операторының сайты біздің қалтамыздан емес, бюджеттен қаржыландырылуы керек", – деді.
Оның сөзінше, елімізде қолданылып жатқан 710 мың онлайн бақылау-кассалық аппаратының әрқайсынан 1500 теңгеден алғанда фискалды деректер операторына ай сайын 1 млрд 650 млн теңге түседі. Бір жылда бұл көрсеткіш 12 есе өседі.
"Бұл шығынды салық төлеушілер жауып отыр. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан абоненттік төлемді азайтуды емес, мүлде алып тастауды сұраймыз. Себебі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап біздің иығымызға үлкен қаржылық жүк артылды. Біз міндетті медициналық сақтандыруға, POS-терминалмен төлем жасаған үшін банк комиссиясына, табыс салығын төлеуге шығындаламыз. Осы тұрғыдан алғанда артық 100 теңгенің өзі бізге салмақ салады", – деді Айжан Балакешова.
Өтініш иесіне қаржы министрлігі ресми жауап берді. Министрліктің мәлімдеуінше, онлайн кассалық-бақылау апараттарының баламасы қарастырылып жатыр. 2020 жылдың соңына дейін жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қаржылық операцияларының дерегін фискалды деректер операторына емес, бірден салық органдарына жолдауға мүмкіндік беретін тегін мобильді қосымша ұсынылады.
"Екінші деңгейлі банктерге ақпараттық жүйелерін мемлекеттік кірістер комитетіне кіріктіру туралы ұсыныс жасадық. Болжам бойынша жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер арасында ақша аударымын жасайтын
мобильді қосымшалар онлайн бақылау-кассалық аппараттары мен POS-терминалдардың тегін баламасы болуы мүмкін. Мобильді қосымшалар салық есебін онлайн және өткізуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз", – деп хабарлады қаржы министрлігі.
Қаржы министрлігінің мобилді қосымша ойлап табамыз деп айды неге "аспанға шығарып" отырғаны түсініксіз. Қазірдің өзінде бір емес, бірнеше мобилді қосымша бар және олар мемлекеттік кірістер комитетінің реестеріне тіркелген. Атап көрсетерлігі олардың барлығы ақылы. Негізі қаржы министрлігіне мобилді қосымша ойлап табудың қажеті жоқ. Ең дұрысы реестерде тұрған ақылы мобилді қосымшаны тегін мобилді қосымшаға айналдыра салу керек.
Қаржыгерлердің айтуынша, дәл қазір онлайн бақылау-кассалық аппараттары салықтық әкімшілендіруді жүзеге асырудың тиімді құралы болып тұр. "Фискалды деректерді қабылдау мен сақтауды операторларға жүктеу арқылы мемлекетік кірістер комитетінің жұмысы жеңілдеді. Мұндай тәжірибе Ресей Федерациясында да бар", – деді қаржы министрлігінің өкілдері.
Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішевтің айтуынша, онлайн бақылау-кассалық аппараттары мен POS-терминалдарға көшу бастамасы бюджетті толтыру үшін енгізілген. Ол азаматтардың емес, белгілі бір компаниялардың мүддесі үшін жұмыс істейді.
Атап көрсету керек, онлайн бақылау-кассалық аппараттарының бұрынғы кассалық аппараттардан артықшылығы көп. Біріншіден, онлайн бақылау-кассалық аппараты бар кәсіпкерге күн сайын кассир-операционисттің кітабын толтырудың қажеті жоқ. Яғни кассир-операционисттің кітабын толтыруды ұмытып кетудің немесе қате толтырудың салдарынан әкімшілік жауапкершілік арқалау қаупі болмайды. Екіншіден, онлайн бақылау-кассалық аппараты кірісті үнемі онлайн режимде бақылап отыру мүмкіндігін береді. Себебі әр кассаның түсімі мен өткізген чегі көз алдыңызда болады. Үшіншіден, онлайн бақылау-кассалық аппараты бар кәсіпкерлерді салық органдарының өкілдері арнайы келіп тескермейді. Бұл шара онлайн атқарыла береді. Төртіншіден, кассалық чек қажет болған жағдайда бұған дейін жүргізілген қаржылық операцияларды оп-оңай компьютерден немесе мобилді қосымшадан тауып ала қоясыз.
Иә, бір қарағанда барлығы тамаша, тек фискалды деректер операторларының кәсіпкерлерді қанап отырғаны көңілге кірбің салатыны болмаса.
Абылай Бейбарыс