2020 жылы қол ақшамен есеп айырысу жойылады

4815

Онлайн кассалық аппарат салық органдары қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді.

2020 жылы қол ақшамен есеп айырысу жойылады

Мемлекеттік кірістер комитеті осыдан бір ай бұрын еліміздегі 65 мыңнан астам кәсіпкерге қолданыстағы кассалық аппараттарын онлайн жүйеге ауыстыру міндетін қойып, 2020 жылы қол ақшамен есеп айырысу жойылатынын, 400 мың кәсіпкер төлем операцияларын жаппай онлайн жүргізуге көшетінін  жариялады. Сонымен қатар талапты орындамаған кәсіпкерлерге 36 075 теңге (15 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салынатынын мәлімдеді.

Іс барысында кәсіпкерлер дәстүрлі кассалық аппараттарын онлайн кассалық аппаратқа ауыстыруға асыққан жоқ. Олардың бірі онлайн жүйеге көшуге қаржы таппай қиналса, ендібірі салық органдары өкілдерінің есебінен тыс айналдырып жүрген ақшаларын көрсеткілері келмеді.

Айта кетейік, мемлекеттік кірістер комитеті жаңа жүйені "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында қолға алды. Мұндағы мақсат – кәсіпкерлерді онлайн режимде жұмыс істету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыру, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алу болды.

Естеріңізде болса, Қазақстанда кассалық аппараттарды ауыстыру 2016 жылы басталды. Салық органдары белгілеген 10 қызмет түрін көрсетумен айналысатын кәсіпкерлер бұрынғы кассалық аппараттарын қазіргі онлайн кассалық аппараттарға ауыстырды. Биыл 16 тамызда қаржы министрінің "Қазақстан Республикасы аумағында салық төлеушілер есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын қызмет түрлерін бекіту" туралы № 206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде автокөлік және оның  бөлшектерін сату, техникалық қызмет көрсету және көлік құралдарын жөндеу, автокөліктерге арналған қосалқы бөлшектердіӊ көтерме және бөлшек саудасы, сусындардыӊ көтерме саудасы, фармацевтік тауарлардыӊ көтерме, бөлшек саудасы, тоқыма бұйымдар саудасы, лак-бояу материалдарыныӊ, әйнектердіӊ, химиялық өнімдердіӊ саудасы, киім саудасы, сағат және зергерлік бұйымдар саудасы, ломбард, жылжымайтын мүлік операциялары бойынша агенттік қызметі, жылжымайтын мүлікті сыйақы үшін немесе келісімшарт негізінде басқару, жарнамалық агенттік қызметі, құмар ойындары мен бәс тігу қызметі сонымен қатар уәкілетті ұйымдар жүзеге асыратын қолма-қол шетел валютасын ауыстыру операцияларын ұйымдастыру қызметі жүзеге асырылғанда кәсіпкерлер тек онлайн кассалық аппарат арқылы есеп айырысатын болды.

Айтпақшы, Ресей мен Беларусь шығаратын онлайн кассалық аппараттардың орташа бағасы 70-80 мың теңгені құрайды. Бұл сома шағын кәсіп иелерінің қалтасына салмақ салады. Осыны назарға алған кәсіпкерлерге көмек көрсету орталығы Webkassa платформасында жасалған QAZAQ KKM онлайн аппаратын іске қосты. Онлайн кассалық аппараттың отандық үлгісі кез келген мобильдік құрылғыда жұмыс істейді. Бұған қоса кәсіпкерлер отандық онлайн кассалық аппаратты шетелдікімен салыстырғанда 30 мың теңге үнемдеп сатып ала алады.

Ұмытпай тұрғандай жазайық, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ашық сауда базарларының аумағындағы, стационарлық емес сауда объектілері арқылы қызмет көрсететін кәсіпкерлер де деректерді беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарын қолданатын болады.

"Бұл жүйеге 2019 жылы көшеміз. Ал 2020 жылдан бастап тізімді патент негізінде арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер, сондай-ақ шаруа қожалықтары толықтырады", – деді "Атамекен" ҰКП салық салу департаментінің директоры Жеңіс Жанболатова.

Оның сөзінше, үкімет онлайн кассалық аппарат сатып алу үшін жоғарыдағы санаттағы кәсіпкерлерге өтемақы төлейді, ал мемлекеттік кірістер комитетінің базасына чектердің деректерін онлайн түрде жіберетін салық төлеушілерге рейдтік тексеру жүргізілмейді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу