Сәкен Қарин: Фискалдық органдардың тәуекелді басқару жүйесінде ашықтық жоқ

3079

Өткен жылдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне енгізілген түзетулерге қол қойды. Мобильді төлемдерге қатысты норма бекітілген құжат биыл наурыз айында күшіне енеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Сәкен Қарин: Фискалдық органдардың тәуекелді басқару жүйесінде ашықтық жоқ

Парламентте банк аударымдарын бақылауға қатысты заң жобасы талқыланғанда халық әрі-сәрі күй кешті. Ал билік өкілдері мобильді төлемдерге қатысты норма қарапайым азаматтарға емес, кәсіпкерлерге ғана қатысты болатынын алға тартты. Осыған қарамастан қоғамда дүрбелең туды. Сауда орындары мен таксистер қолма-қол есеп айырысуға көшті. Мемлекеттік кірістер комитеті ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Салық органының өкілдері кәсіпкерлерді арандатуға бой алдырмауға, алып-қашпа сөз бен негізсіз болжамға емес, уәкілетті органдардың ресми ақпаратына сенуге шақырды.

Комитет: "Бұл бастаманың мақсаты цифрлық кеңістікте бизнесті одан әрі дамыту болып табылады және қолма-қол есеп айырысуға көшуді көздемейді. Мемлекеттік кірістер органдарына ел азаматтарының жеке дерегі беріледі деп алаңдауға негіз жоқ. 2022 жылдан бастап банктерден кәсіпкерлік шоттарға түсетін төлемдер бойынша ғана мәлімет алу жоспарланған. Жеке аударымдарға салық салынбайды", – деген хабарлама таратты.

Біз қабылданған құжат айналасында туындаған мәселе бойынша экономист Сәкен Қаринмен әңгімелестік.

"Іс жүзінде мобильді төлемдерді реттеуден жақсы нәрсе көріп тұрған жоқпын", – деді ол.

Сарапшының сөзінше, "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 50-бабында біздің елде жеке тұлғалардың банктегі шоттарының дерегіне қатысты мәлімет құпия сақталатыны нақтыланған.

"Фискалдық органдар мен Ұлттық банк заңның 50-бабын өзгертуге әрекеттене бастаған сыңайлы. Бізде салық органдарына жеке банктік ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін нормалар үнемі жаңарып отырады. Салық органдарының өкілдері қаражаттың қозғалысына қол жеткізбесе де, шоттағы қалдық туралы мәліметті біледі. Егер, жеке тұлға жеке кәсіпкер болса, оның банктік шотына қатысты ақпаратты ала алады. Бұлай жалғаса берсе, фискалдық органдар кез келген ақпаратқа кез келген жағдайда қол жеткізетін болады", – деді Сәкен Қарин.

Маманның мәлімдеуінше, салық органдарының қандай шоттарды күмәнді шоттардың қатарына қосатыны беймәлім болуы жағайды күрделендіріп тұр.

"Қалай болғанда да банктегі жеке дерекке қол жеткізу банк құпиясының ашылуы болып саналады", – деді экономист.

Сәкен Қарин жеке кәсiпкер ретiнде тiркелмеген бірақ кәсiпкерлiк қызмет белгiсі бар тұлғалардың мобильдi төлемдерi туралы дерек 2025 жылдан бастап берілетінін еске салып, табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялау мәселесіне назар аударды.

"Жалпыға ортақ декларациялау шарасы былтыр мемлекеттік қызметшілерді қамтыды. 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, 2024 жылдан бастап бизнесмендер, 2025 жылдан бастап қалған азаматтар кірістерін декларациялайды. Бұл – қарапайым азаматтардың шоттары бойынша мәліметтерді салық органдарына беру 2025 жылдан басталады деген сөз. Бірақ мен осы мәселеге күмәнмен қараймын. Менің ойымша, фискалдық органдар келесі жылдан бастап қажетті деректі ала алады. Алайда бұл заңға қайшы әрекет болады. Десек те біз қазірдің өзінде фискалдық органдардың қызметінде кейде заңға томпақ келетін шаралар жүзеге асырылатынын білеміз. Мысал ретінде салық қызметкерлерінің дүкендердің кірісін "Ашық" жүйесі арқылы бақылау бастамасын көтергенін келтірсек жеткілікті деп ойлаймын", – деді сарапшы.

Сұхбаттасушының сөзінше, фискалдық органдардың тәуекелді басқару жүйесінде ашықтық жоқ

"Салық қызметкерлерінің қандай өлшемге сүйенетіні белгісіз. Заң бойынша бұл жерде жасырын ешнәрсе болуға тиісті емес. Алайда Мемлекеттік кіріс органдары қолданатын тәсілдерін жариялағысы келмейді. Азаматтық құрылымда жасалған іс-әрекеттің заңдылығы күмән туғызбауы үшін салықшылардың әдістемесі мен әдіснамасы жалпақ жұртқа жариялануы керек", – деді Сәкен Қарин.

Оның айтуынша, мобильді аударымдарды реттеу жеке тұлғалар үшін қолайсыздық туғызуы мүмкін.

"Бізде мемлекеттік органдардың салық төлеушінің қалтасына үңілу үрдісі дамып келеді. Негізі салық төлеушінің қалтасының қалыңдығын тексеру қауіпті емес, қолда бар ақпараттың басқа мақсатта пайдаланылуы қауіпті. Атап көрсетерлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті қол жеткізген ақпараттың құпиялылығы сақталатынына кепілдік жоқ. Салық органы өкілдері қолдарындағы мәліметке қатысты дұрыс ақпарат бермеуі мүмкін. Мұның салдары жағымсыз әрі қиын болады", – деді экономист.

Сәкен Қарин бір қаладан екінші қалаға қоныс аударатын азаматтарды мысалға келтіріп, олардың көшу кезінде жасаған сауда операциясы кәсіпкерлікпен байланыстырылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Қоныс аударуына байланысты жеке мүлкін сатқан азаматтардың кірісін банк кәсіпкерлік қызмет деп санап, ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетіне берсе, комитет мәселенің мән-жайын тексермей, азаматқа: "Сізде кәсіпкерлік қызметтің белгісі бар, кәсіпкер емес екеніңізді дәлелдеңіз!" деген мағынада хабарлама жіберуі ғажап емес. Хабарлама алған азамат кәсіпкер емес екенін дәлелдеуге міндетті болады. Менің ойымша, салық қызметкерлері тәуекелді басқару жүйесін жақсартқанға дейін заңнамада ешқандай өзгерістер болмауы керек", – деді экономист.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу