Жарты миллиондық айыппұлдың кімдерге салынатыны анықталды

3013

Қаржы министрлігі шетелден салық жинауға кірісті.

Жарты миллиондық айыппұлдың кімдерге салынатыны анықталды Фото: sputniknews.kz

Қаржы министрлігі қатаң ескерту таратты, ол "Қазақстаннан тыс жерлерде оқитын студенттердің назарына" деп аталғанымен, шынында, жатжұрттарда байлығы барларға арналып отыр. 

Қаржы ведомствосының түсіндіруінше, Қазақстанның салық кодексінің талаптарына сәйкес, "алыс және жақын шет елдердегі банктерде есепшоттар ашып, онда ақша ұстайтын немесе 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін сонда ақшасы болған" барлық қазақстандық азаматтар, оралмандар, Қазақстанда тұрғылықты тұру құқығына ие тұлғалар жедел түрде жеке табыс салығы декларациясын тапсыруға тиіс.

"Бірақ салық декларациясы Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі есепшоттардағы қаражатының сомасы ең төменгi жалақы мөлшерiнің (ЕЖМ, 2017 жылғы шамасы 24 459 теңге) 12 еселік көлемінен асса ғана, тапсырылады. Егер шетелдік банктегі есепшоттағы сома ЕЖМ-ның 12 еселенген мөлшерінен төмен болса, салық декларациясын толтыру талап етілмейді", – деп мәлімдеді қаржы министрлігі.

Алайда егер шетелде ғылым мен мамандық игеріп жатқан студенттің сол елдегі салымының көлемі 293 мың 508 теңгеден (12 еселік ЕЖМ-нен) асар болса, ол жеке табыс салығы декларациясын жолдауға тиіс.

Айтқандай, декларациядағы есеп 2017 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығын қамтиды. Яғни, шетелде осы аралықта ақшасы болған, бірақ биылғы жыл басында ондағы мол қаржысын қотарып алып, есепшотын жауып тастаған қазақстандықтар мен елімізде тұрғылықты тұратын шетелдіктер (олардың арасында әсіресе, ресейліктер көп көрінеді) бәрібір декларация ұсынулары шарт.

Бұл ретте аталған санаттағы азаматтардың жатжұрттық банктегі салымы сол елдің жергілікті валютасында, мәселен, аустралиялық долларда сақтаулы болса, онда ол адам Қазақстанның ұлттық банкінің 2017 жылғы 31 желтоқсандағы аустралиялық долларға қатысты ресми бағамын назарға алып, өз жинағын есептеп шығуы қажет. 

Осы орайда қаржыгерлер шетелдік банктегі қаражат сомасын есептеуде ұлттық банктің былтырғы 31 желтоқсандағы ресми бағамы ғана ескерілетінін естен шығармау маңызды екенін нықтайды. Әйтпесе, валюта бағамы деген құбылмалы дүние. Айталық, қандай да бір шет мемлекеттің ұлттық валютасының өткен жылғы 30 желтоқсандағы бағамы сәл-пәл ғана төмен болып, сәйкесінше, салым көлемі 293 мың 508 теңгені құраса, ал 31 желтоқсандағы бағам бойынша 293 мың 509 теңгеге жетсе, бір теңге ғана айырмашылық салықтық қудалауға себеп болады.  

Мамандар шетелде тек жинағы ғана емес, сондай-ақ жылжымайтын мүлкі бар қазақстандықтар мен тұрғылықты тұратын азаматтар да "240.00 формасы" бойынша салықтық декларация тапсырулары тиістігін атап өтеді.

Және бұл істі енді ұзатуға болмайды. Салық органы осы есептілік құжатын тапсыруға 2018 жылғы 31 наурызға дейін мерзім беріп отыр. Яғни, Наурыз мерекесінің осы аптадағы демалыс күндерін қоспағанда, небары бес-ақ жұмыс күні қалды. Демек, жауапты мекемелерде алдағы аптада ұзынсонар кезектер мен кептелістерді күтуге болады.

Бұл азаматтардың барлығы еліміздегі салық органдары мекемелеріне өздері барып, қағаз түріндегі есепті толтырып тапсыра алады. Рас, декларацияны тапсырыстық хат арқылы поштамен жіберуіне де, сондай-ақ "СОНО" жүйесі немесе салық төлеуші кабинеті арқылы электронды түрде тапсыруға да мүмкіндік берілген.

Әйтпесе, одан кейін декларациялар қабылданбайды: тапсырмағандарға не тапсырғысы келіп, бірақ кешіккендердің барлығына айыппұл салынады. 

Ал айыппұл аз болмайын деп тұр. "240.00 формасындағы" декларацияны ұсынбағандардың барлығы 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 567 мың 250 теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болмақ. 

Соңғы кездері Qiwi әмияндарының иелері "электронды қаржыларының барлығы туралы" салық қызметі алдында есеп тапсыруға міндетті екендігі туралы қауесет тарауда. Өйткені "бұл электронды әмияндар елімізден тыс жерлерде, мәселен, Ресейде сақталатындықтан, оларға ие қазақстандықтар да шетелде қаржысы бар деп есептеледі-мыс". Олай жасамаса, "жарты миллиондық айыппұлдың зіл батпан ауыртпалығының астында қалатын" көрінеді. Бірақ мамандар мұны жоққа шығарады: олардың мәліметінше, электронды әмияндар иелері 240.00 формасын тапсыратындар санатына жатпайды.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің ресми хатында нақты атап көрсетілгендей, электронды нысанда сақталатын және электронды қаржылар жүйесінде басқа қатысушылар ("Qiwi кошелек", "Яндекс деньги", Webmoney) тарапынан төлем құралы ретінде қабылданатын электронды ақшалар банктік есепшоттарда орналастырылған қаражаттарға жатқызылмайды (дереккөзі: Мемлекеттік кірістер комитетінің 2018 жылғы 13 наурыздағы КГД-07-1-ЮЛ-Б-394-КГД-6565 "ҚР-дан тыс жерлерде электронды әмияндарда сақталатын электронды ақшалар бойынша 240.00 нысанын тапсыруға қатысты хаты).

Осылайша, барша қазақстандықтар, оралмандар, мемлекетімізде тұрғылықты тұру құқығы бар азаматтар электронды әмияндарында қанша ақшасы болса да, жеке табыс салығы декларациясын тапсырмайды.

Тағы бір мәселе шетелде оқып жатқан және шәкіртақысын жергілікті (шетелдік) банк арқылы алатын біздің жастарға қатысты болып отыр. Мысалға, Ұлыбритания патшалығының жоғарғы оқу орындарында оқитын "болашақтықтар" шамамен 2,5 мың доллардай стипендия алады. Ал бұл Қазақстандағы ең төменгi жалақы мөлшерiнің 12 еселік көлемінен әлдеқайда көп. Сондықтан елімізден шәкіртақы алу үшін шетелдік банктерде есепшот ашқан қазақстандық студенттердің осы санаты да декларация ұсынулары шарт. 

Сонымен қатар, егер әлемнің өзге елдерінде өз есебінен оқып жатқан студентте қазақстандық банктің бірінің мультивалюталық картасы бар болса және ол сол арқылы өмір сүруі, оқуы үшін Қазақстандағы туыстарынан қомақты ақша алып тұрса, онда декларация тапсырудан құтылады. Себебі, ол картадағы ақша қазақстандық банкте ашылған есепшоттан арна тартады. Демек, студент қаржыны шетелдік банктер банкоматынан алғанымен, ол ақша "қазақстандық" болып табылады.

Мамандар егер Қазақстан азаматы болып табылатын ерлі-зайыптылардың шетелде үйі, коттеджі, вилласы, қонақ үйі, компаниясы немесе басқа да жылжымайтын мүлкі болса және ол жұбайлардың екеуіне де рәсімделсе, олардың әрқайсысы жеке-жеке есеп тапсыруға тиістігін айтады.

Жалпы, қазіргі уақытта қазақ елінен басқа жерлерде жылжымайтын мүлкі бар, болмаса, қомақты қаражаты сақтаулы қазақстандықтардың саны көп саналады. Олардың біразының шетелде нендей дүниесі барлығынан біздің салық органдары хабардар. Бұған былтыр аяқталған заңдастыру науқаны жәрдемдесті. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында "легализация" деп аталатын шараны үш рет өткізіп, дүние-мүлкін шетелде жасырған қазақстандықтарға рақымшылық жасады. Соңғысы 2014 жылдың қыркүйегінде басталып, 2015 жылдың күзінде ары қарай ұзартылып, ақыры 2016 жылдың желтоқсанында тәмамдалды.

Әу баста заңдастырудың шарттары қатал болғаны есте. Дәлірек айтсақ, шетелдегі қаражаттарын "тазартқысы" келетін қазақстандықтарға ол ақшаларды елге әкеліп, отандық банктерге ұзақ жылға салып қою немесе ұлттық компаниялардың акцияларын, болмаса, жекешелендірілетін мемлекеттік активтерді сатып алу талабы қойылды. 

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл талаптардан бас тартуға тура келгенін айтады.

"Экономикалық ахуалдың күрделілігіне және қаржылық нарықтардағы тұрақсыздыққа байланысты біз шынында, ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын, жекешелендіру объектілерін және басқаларын сатып алу секілді инвестициялау құралдарынан бас тартуға мәжбүр болдық", – деді министр.

Нәтижесінде, шығу тегі беймәлім қаражаттарды заңдастыру үшін оның сомасын мемкірістер органына хабарлау жеткілікті деп танылды. Бұл үшін тіпті ол қаржыны Қазақстанға әкелу де талап етілмеді. Алғашында ол қаржылардан 10 пайыздық алым төлеу талап етілген, алайда артынша ол алымның күші жойылды, ал бұған дейін алым төлеп үлгергендерге ол төлемдерін қайтарып алуға мүмкіндік берілді.

Ақыр соңында, жария ету қорытындысында 140 мыңнан астам Қазақстан азаматы рақымшылық мүмкіндігін пайдаланып, жалпы құны 5,7 триллион теңге тұратын активтерін заңдастырып алды. Оның ішінде 4,1 трлн теңгесі ақша болып табылады. Сондай-ақ салық органдары отандастарымыздың шетелде жасырын иеленіп келген 151 мыңға жуық нысаны (үйлер, виллалар, дәмхана-мейрамханалар, қонақүйлер, тағы басқасы) барлығын анықтады. 213 азаматымыздың әлемнің өзге мемлекеттеріндегі компаниялардың қожайындары болып табылатыны әшкереленді.

Енді қазақстандықтар иелік ететін осы дүние-мүліктің барлығы бойынша декларация тапсырылып, салығы төленуі керек. Осылайша, биылғы жыл қорытындысында ақша мен мүлікті жария ету науқанының тиімділігі де айқындалады деп күтілуде. Бұл бюджеттің толуына шамалы болса да, ықпал етеді, экономикалық процестердің жандануына, қаржы секторының жағдайына өзінің оң септігін тигізуге тиіс.

Мәселен, қазақстандықтар заңдастырған шетелдегі 9,5 мың коммерциялық жылжымайтын мүліктерінен ғана шамамен 800 млн теңге түсім түседі деп күтілуде. Ал қаражаттардан 150 млрд теңгеге дейін салық түсімі болжанады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу