Кедендегі "былық" бизнесмендердің бас ауруына айналды

3592

Биліктің өзі делдалдардың өнуі үшін құнарлы орта жасаған ба?  

Кедендегі "былық" бизнесмендердің бас ауруына айналды

Кәсіпкерлердің бәрі дерлік кеденмен жұмыс істейді: шетелге экспорт шығармаса да, өзге елдерден тауар алғызады. Олардың көбі кеден айналасында қаптап жүрген делдалдар қызметіне жүгінуге мәжбүр.

Бизнес өкілдерінің жүгімен кеденді кесіп өтуін жеңілдету үшін қажет деп, Қаржы министрлігі 2019 жылдың желтоқсанында "Астана-1" ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік эксплуатацияға берді. Бұл реттеу жоба атауының елордаға еш қатысы жоқ, бұл тек орыс тіліндегі "автоматизированная система таможенного и налогового администрирования" дегеннің басқы бір-екі әріптерінен құралған аббревиатура. Оның іскер жандарға керемет игілігі барын Үкімет мемлекеттік ақпарат құралдары арқылы кең насихаттады. Кәсіпкерлер "олай емес" дейді.   

"Тауарлар импортын декларациялаған кезде кеден органдарының өкілдері "Астана-1" жүйесінде жұмыс істейді. Ал кедендік брокерлердің бәрі D-sektor аталатын ақылы жүйені пайдаланады. Өйткені мемлекеттің "Астана-1"-і – шикі бағдарлама! Үнемі ілініп, қасарып тұрып қалады, игеруге қиын, өзге де олқылығы толып жатыр. Мұны мен өз басымнан өткерген соң айтып отырмын. Ақ тер, көк тер болып, уақытша әкелу бойынша декларацияны ақыры толтыра алмадым. Онда тіпті уақытша әкелуге арналған жеке графа да жоқ. Бірақ ондай графаны әдейі ақылы D-sektore-ге енгізе қойған", – дейді бизнесмен Динара Ағатаева.

Осылайша, кәсіпкерлердің делдалға жүгінбесіне амал қалдырмайды. Оның айтуынша, осыдан жүйкесі жұқарып біткен әріптестерін бірнеше сауал мазалайды.

"Үкімет "Астана-1" ақпараттық жүйесін әзірлеу және енгізу үшін ел бюджетінің қанша миллиардын шығын етті? Бұл жүйені енді жетілдіруге, жобаны аяғына дейін жеткізуге бағдарлама авторларының өзін кепілдікті мерзім аясында міндеттеуге бола ма? Әлде қайтадан ел қаржысын жұмсау қажет бола ма? Мен осы сұрақтарға жауап алайын деп, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне қоңырау шалғанмын. Ондағылар: "Кешіріңіз, ешқандай көмек көрсете алмаймыз!" деп қол жайды. Бәлкім, бұл барлық кәсіпкер ақылы бағдарламаны қолдануы үшін қасақана жасалуы мүмкін. Біреудің бизнесі болуы ықтимал. Мен мысалы, ақылы бағдарламасын сатып алғым келмейді, оған үнемі төлеп отыратын жағдай жоқ", – деді Динара Ағатаева.

"БҰҰ мұны тегін берген"

Кәсіпкерлердің сауалына Қаржы министрлігінің Мемкірістер комитетінің (МКК) төрағасы Марат Сұлтанғазиев жауап қатты. Оның мәліметінше, "Астана-1" ақпараттық жүйесі Грузия, Молдова, Украина секілді посткеңестік республикаларда, сондай-ақ Ұлыбритания, Нидерланды және басқа да еуропалық мемлекеттерде – әлемдегі жалпы саны 95 елде қолданылатын ASYCUDA World платформасында әзірленген.

"Оны бізге БҰҰ-ның сауда және даму конференциясы (United Nations Conference on Trade and Development немесе ЮНКТАД) тегін, ақысыз берді. Қазақстанда электронды декларациялау біздің комитет, ЮНКТАД және Қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күреске жәрдемдесудің республикалық қоры арасында 2015 жылғы 7 қыркүйекте бекітілген жобаға сәйкес ендірілді. Жоба кеден рәсімдерін жаңғыртуға және автоматтандыруға бағытталған. "Астана-1" ақпараттық жүйесін енгізу кезінде бюджет қаражаты тартылған жоқ", – деді ведомство басшысы. 

Жобаны аталған қазақстандық қор толығымен қаржыландырыпты. Дегенмен, бәрібір мемлекетке қаржы шығаруға тура келмек.

"Көпфункционалды және кешенді жүйе болғандықтан, ол кезең-кезеңмен енгізілді. Мысалы, 2017 жылғы 1 қазанда – "кедендік транзит", 2018 жылғы 1 қаңтарда – экспорттың кедендік рәсімі бойынша "тауарларды декларациялау" қосалқы жүйелері іске қосылды. Ал 2019 жылғы желтоқсанда "Астана-1" өнеркәсіптік эксплуатацияға берілді. Сонымен бірге Қаржы министрлігі бұл ақпараттық жүйені модификациялау жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта жеке компаниямен арада бағдарламаны жаңғырту және сүйемелдеу қызметін көрсету жөнінде келісімшарт бекіттік", – деді ол. 

Әу баста "Астана-1" кәсіпкерлерге кедендік брокерлерге жүгінбей-ақ, кез келген уақытта және әлемнің кез келген жерінен осы бағдарламаны тегін жүктеп, тауарын өз бетінше декларациялау мүмкіндік беретіні айтылған.  

"Алайда осы ақпараттық жүйені енгізу кезінде брокерлер пайдаланатын бағдарламалық өнімдерде, соның ішінде мысалы D-sektore-де терілген XML-файлдарды "Астана-1"-ге жүктеу мүлдем жоспарланбапты. Сонымен бірге кәсіпкерлерден брокерлер институтын сақтау туралы көптеген өтініш түсті. Себебі, олар өз бетінше декларациялағысы келмейді немесе ондай мүмкіндігі жоқ. Мысалы, компьютермен, бағдарламамен жұмыс істей алмайды. Немесе, декларациялау кезінде қолданылатын кеден және басқа да заңнама талаптарын білмейді. Осыған байланысты алда брокерлердің бағдарламаларында терілген XML-файлдарды "Астана-1"-ге жүктеу мүмкіндігін жүзеге асыруға шешім қабылданды", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Ол осы ақпараттық жүйеде уақытша әкелу декларациясының жоқтығына қатысты ақпаратты жоққа шығарды: "тауарларды декларациялау" қосалқы жүйесі іске қосылғалы бері "Астана-1"-де уақытша әкелуді қоса алғанда, барлық 17 кедендік рәсім жүзеге асырылады екен. Толтыруға арналған тиісті графалар да қарастырылған.

"Кәсіпкер "арнайы графа жоқ" дегенде, мүмкін, нақты бір брокерлік бағдарламадағы қарастырылған, тауарлар декларациясын қалыптастыруды оңайлататын әлдебір опция не графаны меңзеген болар. Әйтпесе, кеден заңнамасында қарастырылған барлық функция ақпараттық жүйемізде бар. Ақылы брокерлік бағдарламаны сатып алу не алмау – әр кәсіпкердің өз еркінде", – деді министрліктің МКК басшысы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу