Заңсыз баюға жол берілмейді

5207

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстары декларацияланады.

Заңсыз баюға жол берілмейді

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директоры орынбасарының міндетін атқарушы Дидар Смағұловтың сөзінше, активтерді декларациялау заңсыз баюдың алдын алу үшін қажет.

"Заңсыз баю туралы ұғым 2015 жылғы 14 желтоқсанда күшіне енген БҰҰ-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының 20-бабында көрсетілген. Қазақстан бұл құжатты 2008 жылы ратификациялады. Кіріс пен  шығысты декларациялау өз уақытында Сингапур, Гонконг сияқты елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты нәтижеге жетуіне мүмкіндік берген. Қазір аты аталған елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен елдердің көшін бастап тұр", – деді Дидар Смағұлов.

Оның түсіндіруінше, жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын декларациялау көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялаудың таптырмас тәсілі.

"Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың субъектісі болып табылатын мемлекеттік қызметшілер мен басқа да адамдардың және олардың туыстарының барлық декларацияларына жариялылық және ашық қол жеткізу мәселесін пысықтаймыз. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында азаматтық қоғамды жандандыруға жағдай жасайды. Алдағы уақытта 250 мың теңге жалақы алатын, бірақ зәулім үйде тұратын және қымбат көлік мінетін, яғни табысынан ондаған есе артық жағдайда өмір сүретін адамдар ерекше назарға алынады", – деді департаменті директоры орынбасарының міндетін атқарушы.

Сөз арасында ол қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ел азаматтары Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлердегі активтері мен міндеттемелері туралы ақпаратты жариялауға міндетті екенін алға тартты.

"Мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлік, сондай-ақ құқықтары және мәмілелері мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын мүлік; тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері; банк шоттарындағы ақша; айлық есептік көрсеткіштің 5880 еселенген мөлшерінің шегінен аспайтын сомада көрсетілетін қолма-қол ақша, бүгінгі күні бұл 14 млн 847 мың теңге; Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға берешекті қоспағанда, басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешегі) және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешегі) айлық есептік көрсеткіштің 5880 еселенген мөлшеріне тең жиынтық сомасынан асып кеткен жағдайда көрсетіледі", – деді Дидар Смағұлов.

Естеріңізде болса былтыр, мемлекеттік кірістер комитеті 2020 жылы еліміздің 12 млн 900 азаматы мүлкі мен табысын жария ететінін, жалпыға ортақ декларация кәмелет жасына толмаған қазақстандықтарды да қамтитынын және үйде 5880 айлық есептік көрсеткіштен артық ақшаны (14 млн 847 мың теңге) ұстауға болмайтынын жариялады. Осы кезде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның кәмелеттік жасқа толған барлық азаматтары, оралмандар мен бір жерде тұруға рұқсат қағазы бар адамдар, мүлік пен жер үлесіне ие кәмелетке толмаған тұлғалар және Қазақстан аумағында мүлкі бар шетелдіктер декларация тапсыруға тиіс екені, кәмелетке толмағандар үшін мемлекетке ата-аналары немесе қамқоршылары есеп беретіні айтылды.

Декларацияда үйде сақтап жүрген қаражатты да көрсету қажет. Егер ақшаңыз 14 млн 847 мың теңгеден асатын болса, оны банкте сақтау және капиталды декларацияда көрсету міндет.

Халықаралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, заңсыз баюға қатысты норма Аргентинада 1966 жылдан, Гонгконгта 1974 жылдан, Үндістанда 1988 жылдан, Қытайда 1999 жылдан, Литвада 2013 жылдан бастап қолданылады. Бұл норма сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру деңгейін арттырып, қоғамның құқықтық санасын нығайтады.

2020 жылы декларация тапсыратын азаматтардың 7 млн 400 мыңын қала тұрғындары, 5,5 миллионын ауыл тұрғындары құрайды.

Жеке тұлға декларациялау жүйесіне кірмей тұрып, 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдайы бойынша несиелік, дебиторлық қарызы, қолма қол ақшасы, банктегі шоттары және мүлкіне қатысты "250 Форма" атты кіру декларациясы өткізуге тиіс. Декларацияны қағазға рәсімдейтіндер 15 шілдеге дейін, электронды түрде өткізетіндер 15 қыркүйекке дейін үлгерулері керек. Декларацияның "260 Форма" деген қысқаша түрін студенттер, зейнеткерлер сонымен қатар жалданбалы жұмысшылар тапсырады. Декларацияның бұл түрі Қазақстан халқының 70%-ын қамтиды. Осы декларацияны тапсыру арқылы жоғарыда көрсетілген адамдардың санаты бір жыл ішінде қосымша табыс таппағанын растайды. Кеңейтілген декларацияда бір жылдық табыс, салықтық шегерiмдер, жылжымайтын мүлiк, көлiк, бағалы қағаздар, меншiктi капитал, инвестициялық алтындарды, туынды қаржы құралдарын сатып алу, ақысыз алу немесе иелiктен шығару туралы есеп беріледі.

Нақтылай кетейік, жалпыға ортақ декларация туралы сөз елімізде кеше, я болмаса бүгін қозғалып отырған жоқ. Бұл туралы бастама көтерілгеніне жылдардың жүзі болды.  2014 жылғы 1 қыркүйекте елімізде ақша мен мүлікті заңдастыру акциясы қолға алынды. Осы арқылы бұған дейін салықтан жалтарып келген адамдарға мүлкін заңдастырғаны үшін рақымшылық жасауға кепілдік берді. Адамдар алғашында үкіметтің ұсынысына сенімсіздік танытқанымен, бірте-бірте жасырып ұстаған дүние-мүліктері мен ақшаларын заңдастыра бастады. Ал үкімет уәде еткендей, ешкімге тиіскен жоқ. Бұл – елімізде 2017 жылы басталған  жалпыға ортақ декларациялаудың алғашқы кезеңіне дайындық еді. Жалпыға ортақ декларациялаудың мемлекеттік қызметкерлерге арналған алғашқы кезеңінде облыс әкімдері мен басқарма басшылары табыстарын жариялады. Олардың басым бөлігінің жалақысы 500-600 мың теңгенің ар жақ, бер жағында болды. Бірлі-жарымы болмаса, шенеуніктердің басым бөлігінде мүлік болмай шықты. Жалпақ тілмен айтқанда, шенділер мен шекпенділердің және қатардағы мемлекеттік қызметкерлердің жалпыға ортақ декларация тапсыруы нақты нәтиже үшін емес, есеп беру үшін ұйымдастырылды. Бірақ бұдан үкімет ұтпаса, ұтылған жоқ, себебі ол өзінің мақсатына бір табан болса да жақындай түсті.

Негізі жалпыға ортақ декларация тапсыру АҚШ, Канада, Германия, Франция елдерінде бұрыннан бар. Яғни бұл қорқынышты дүние емес. Кім көлеңкелі ақша немесе мүлік айналымымен айналыспаса, мемлекетке есеп беруден қорықпайды. Бұл бастама тек "арты қуыстардың" ғана оң жамбасына келмейді.

Айтпақшы жалпыға ортақ декларация тапсырған кез келген тұлғаның аты-жөні оның рұқсатынсыз еш жерде жарияланбайды. Адамдар мемлекеттік кірістер комитетінің ресми мәліметінен әлдекімдердің миллиондаған, миллиардтаған ақшасы немесе қисапсыз дүниесі бар екенін білуі мүмкін, бірақ нақты байлық  иесінің аты-жөні кім екенін біле алмайды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу