Жемқорлықты әшкерелеу сыйақысы тағы өсті

2403

Сыйақы мөлшері пара сомасының 10%-ына теңестірілді. 

Жемқорлықты әшкерелеу сыйақысы тағы өсті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық фактілері туралы ақпарат берушілерді көтермелеудің сараланған тәртібі енгізілгенін хабарлады. Агенттіктің әкімшілік-құқықтық департаментінің бас сарапшысы Ерік Бишібековтің айтуынша, жаңа тәртіп белсенді азаматтарды ынталандыра түсу үшін енгізіліп отыр.

"Сыбайлас жемқорлық туралы мәлімет ұсынушыларға сыйақы төлеу тәртібіне  Үкіметтің 4 ақпандағы қаулысымен  түзетулер енгізілді. Осы қағидалармен сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған  азаматтарды көтермелеудің  мынандай жүйесі қарастырылған. Парамен келтірілген залалдың немесе көрсетілген жеңілдіктер мен қызметтердің сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса, сыйақы сомасы бұрынғы тәртіпте қалады. Яғни, жемқорлық қылмыстың ауырлық дәрежесі бойынша 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейінгі соманы қамтиды. Ал  параның немесе келтірілген залалдың сомасы 1000 АЕК-тен асатын болса, сыйақы мөлшері аталған соманың 10%-ын құрайды. Мысалы, сомасы 5 млн теңге болатын жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам ақпарат расталса, 500 мың теңге сыйақы алады. Бұрынғы тәртіп бойынша көтермелеудің ең жоғары сомасы 265 мың теңге болатын. Бұл өзгертулер ресми жарияланған кезден бастап 10 күн ішінде күшіне енеді. Яғни, 15 ақпаннан бастап жемқорлық қылмыс туралы ақпарат берушілер жаңа тәртіп бойынша көтермеленеді",  – деді Ерік Бишібеков.

Агенттік өкілі бұған дейін ескі тәртіп бойынша 708 адам көтермелеуге ие болып, 99 млн теңге көлемінде сыйақы алғанын да айтты. Белсенді азаматтардың көшін Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының тұрғындары бастап тұр. Оның айтуынша, жемқорлық фактісі туралы жалған ақпарат берушілер де болған. 

"Егер жалған ақпарат Қылмыстық кодекс бойынша өтсе, олар заң бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал Әкімшілік кодекс бойынша өтсе, 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады", – деді Ерік Бишібеков.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу