Елдегі пара мөлшерлемесінің орташа бағасы бір жылда 193 мың теңгеден 250 мың теңгеге өскен.
"Стратегиялық және саяси зерттеулер орталығы" қоғамдық қоры "2019 жылғы жемқорлық жөніндегі арнайы шолу" атты зерттеу жүргізіп, осындай тоқтамға келіпті. Қордың президенті Гүлмира Елеуова зерттеуге 5900 кәсіпкер қатыстырылғанын айтады. Олардан көлік және логистика, кедендік әкімшілендіру, құрылыс, жер қатынастары, салықтық әкімшілендіру, экология, мемлекеттік сатып алу және ауыл шаруашылығы салаларындағы жемқорлық деңгейі туралы сауалнама алынған. Осы сегіз саланы реттейтін 15 мемлекеттік органның жұмысы да зерттеуге негіз болған.
"2017 жылы да дәл осыған ұқсас зерттеу жасағанбыз. Осы жолы сол баяғы құрылыс, кеден, жер қатынастары саласындағы мәселелер әлі жойылмағанына көз жеткіздік. Аталмыш салаларды басқаларына қарағанда әлдеқайда жемқорлық жайлаған. Зерттеуден кейін мемлекеттік органдардың қатысы бар жемқорлық қызметтер нарығы қалыптасқан деген қорытындыға келдік. Оның ішінде бірінші басшыдан бастап, қатардағы қарапайым қызметкер де бар. Биыл сауланамамен шектеліп қоймай, 70 адаммен тереңдетілген сұхбат жүргіздік. Кәсіпкерлер бәрінен де салық саласында жиі пара беруге мәжбүр екендерін айтты. Салық қызметтері цифрландырып жатқанына, электронды өтініштердің 80 %-дан астамы осы салада жасалатынына қарамастан осылай болып отыр. Әрбір бесінші жүгіну пара берумен аяқталады", –дейді сарапшы.
Салық саласы жемқорлық фактілері мен шағымдардың санымен "озып" тұрса, агроөнеркәсіп саласы жиілік көрсеткші бойынша "көш басында" тұр.
"Агроөнеркәсіп саласын реттеуші органдарға жүгінген үш кәсіпкердің біреуі жемқорлыққа тап келеді екен. Жемқорлық Қазақстан экономикасының бір факторына айналып барады. Әр саланың өз мөлшерлемесі бар. Сұхбат берушілер ең төмен мөлшерлеме Түркістан облысында деп көрсетті. Салық саласында пара 1000 теңгеден, кеден саласында 20 мың теңгеден басталатынын атаған. Ал мемлекеттік сатып алу саласында келісімшарт құнының 10 %-нан басталады. Кәсіпкерлер мәселе пайда болғанда ойларына бірден осы "бағалар" келетіндей деңгейге жеткен", –дейді Гүшмира Елеуова.
Бір қызығы, жемқорлық сирек тіркелетін өңірлерде пара көлемі жоғары болып келеді екен. Мұны сарапшы бақылау жоғары болған жерде тәуекел де үлкен болғандықтан, пара алуға құмар қызметкерлер "Құласаң, нардан құла" деген қағидатқа сүйенетінін айтады.
"Мысалы Қарағанды облысында пара мөлшерлемесі өте жоғары. Есесіне жемқорлық фактілері аз. Ал жемқорлық саны көп өңірлерде керісінше пара "бағасы" төмен. Паралар мөлшерлемесінің медианды орташа бағасы былтыр 193 мың теңге болса, биыл 250 мыңға өскен. Құрылыс саласында 9 млн теңгеге дейін пара сұрағанын айтушылар болды", –деді ол.
Зерттеу деректеріне сенсек, кәсіпкерлер жиі жүгінетін салалардағы паралардың орташа мөлшерлемесі төмендегідей қалыптасқан. АӨК саласында – 381 мың теңге, мемлекеттік сатып алу – 438 мың, жер қатынастарында – 488 мың, салық саласныда – 268 мың, құрылыс және сәулет саласында – 556 мың, кеден саласында – 368 мың, көлік-логистика саласында – 263 мың, экология саласында – 119 мың теңге.
Есжан Ботақара