Экологиялық кодексте жемқорлыққа жетелейтін баптар бар – Анар Жарова

Жамбылдық инспекторлар кәсіпкерден 4 жылдан кейін айыппұл өндірмек болған. 

Экологиялық кодексте жемқорлыққа жетелейтін баптар бар – Анар Жарова

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция департаментінің басшысы Анар Жарова  табиғат қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы онлайн-сұхбат берді. Агенттік өкілінің айтуынша, экологияға қатысты жемқорлық тәуекелдері, әсіресе, Экологиялық реттеу комитеті мен Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінде жиі кездесетін көрінеді. Себебі Экология кодексінде қоршаған ортаға келтірген шығын көлемін есептеу мен өндіріп алудың нақты стандарты мен нормалары жоқ. Осыны пайдаланған инспекторлар заңбұзушымен ымыраға келсе, жазаны оп-оңай жеңілдетіп, ымыраға келмесе, жазаны емін-еркін ауырлатып жібере алады.

"Инспектор өндірілетін шығынның көлемін қаншаға көбейтетінін немесе қаншаға азайтанын өз қалауына қарай шешеді. Оған қоса тексерулердің тым ұзаққа созылатынын байқадық. Мысалы, Жамбыл облысында 2015 жылдың шілдесінде жеке кәсіпкердің пайдалы қазбаны заңсыз игергені анықталады. Табиғатқа келген шығын көлемі 2015 жылдың шілдесінде белгіленгенімен, оны өндіріп алу туралы хабар кәсіпкерге 4 жылдан кейін, 2019 жылдың тамызында жолданған.  Ал Қызылорда облысында департамент директорының орынбасары, бас экологиялық инспектор сотталды. Сондай-ақ, бөлім басшысы да сотты болды. Бұл лауазымды тұлғалар 2 серіктестікті экология заңнамасын бұзу арқылы қоршаған ортаға  келтірген 10 млн теңге шығынды өтеуден босатқан", - дейді Анар Жарова.

Департамент басшысы Экология кодексіндегі баптардың орнын ауыстыру арқылы да жазаны түрлендіруге болатынын айтады. Өз тараптарынан осы олқылықтарды түзетіп, санкциялардың талабын нақты нормамен бекітуді ұсынған көрінеді. Ол ескертулерден қорытынды шығару үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жарты жыл уақыт беріліп отыр.

"Экология кодексінде келтірген шығынды өндіріп алудан бөлек экологиялық рұқсатты тоқтату шаралары бар. 47-бапта  рұқсатты тоқтату мерзімі 6 айға дейін деп көрсетілген. Яғни, инспектор мерзімді өзі таңдайды деген сөз, 6 айдан асырмаса болды. Осы сияқты түсініксіз, шұбалаңқы нормалар бар. 324-бап санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік шараларды көздейді. Бұл тіпті жалпылама, шұбалаңқы бап деуге болады. Оның санкциялары жеңілдеу. Сондықтан оны басқа заңбұзушылықтарға да қолдану кездеседі. Мысалы, Алматы облысының экология департаменті топырақты мазутпен улағаны үшін 324-бап бойынша қаулы толтырған. Ал Экология кодексінің 337-бабында орта бизнес нысандарының жерді бүлдіргені үшін қолданатын тікелей айыппұл түрі бар. Оның көлемі 324-баптың айыппұлынан екі есе көп. 337- бап бойынша 30 АЕК болса, 324-бап бойынша 15 АЕК. Осындай олқылықтар сыбайластық тәуекелдерін туғызып, жемқорлыққа жетелеуі мүмкін",– деді Анар Жарова.

Сұхбат барысында инеспекторлардың еңбекақысы марзымсыз болуы да оларды жемқорлыққа баруға итермелейтіні айтылды. Агенттік ұсынған шараларда айлықты көтеру мәселесі де бар.

"Біздікі ұсыныс қана. Айлық көтеру мәселесін нақты талап ете алмаймыз. Ондай құзірет бізде жоқ", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу