Жемқорлармен күресуші қарапайым азаматтарды мемлекет қорғайды

4517

Арызданушыларды шенеуніктердің сотқа беруіне тыйым салынбақ.

Жемқорлармен күресуші қарапайым азаматтарды мемлекет қорғайды

Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күрес ауыр жүруде.

"Өйткені біріншіден, қоғамның үлкен бөлігі мұны қылмыс санамайды, тек мәселені тез шешудің бір құралы ретінде көреді. Екіншіден, коррупция туралы хабарлаушылар еш қорғалмаған. Егер қызметкердің бірі құзырлы органға не журналистерге шығып, жасалған не жасалғалы жатқан жемқорлық қылмыс туралы хабарласа болды, басшылық оны жоққа шығарады да, әлгі азаматты құпияға жататын ақпаратты жариялағаны үшін жұмысынан қуып жібереді. Бұл ұжым үшін сабақ: өзгелер бұдан былай көріп тұрса да, көрмегенситін болады. Сонымен бірге көптеген меммекемелерге, ұлттық компания-холдингтерге жұмысқа тұрсаңыз, ішкі ақпаратты жария етпеймін деп жауапкершілік алып, тиісті құжатқа қол қоясыз", – дейді құқықтанушы Олег Абашев.

Оның үстіне жоғарыға хат жазушыларды, ішкі сырды сыртқа жаюшыларды қазақстандықтар ұнатпайды, "тоқылдақ", "ғайбатшы" деп кінәлайды. Мұның астары бар: саяси қуғын-сүргін кезінде өзгелердің үстінен домалақ арыз жазып, қаншама адамның түбіне жеткен шолақ белсенділерге деген жеккөрініш жұртшылықта әлі күнге сақталған.

Бірақ дамыған елдердің бәрі жемқорлықпен күресте "информаторларға" сүйенеді. Онсыз бұл іс ілгері жылжымайтыны мәлім. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаушыларды қорғау шараларын қабылдауды жүктеді.

Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.

Қолданыстағы Азаматтық кодекске сәйкес, өзге адамдар, қызметшiлер немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасқан контрагенттер қызметтiк не коммерциялық құпияны жинап, жария етсе, "онда келтiрiлген залалдың орнын толтыруға мiндеттеледі". Жаңа заң жобасы толықтыру енгізбек:

"Мұндай жария ету сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлау немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жәрдем көрсету үшін қажет болған кезде қызметтік немесе коммерциялық құпияны жария ету деп танылмайды", – делінген онда.

Яғни, осы заң қабылданса, онда кез келген блогер, қызметкер не серіктес бизнесмен коррупциямен күрес мақсатында кез келген қызметтiк не коммерциялық құпияны жария ете алады. Және бұл үшін еш жаза тартпауға тиіс.

Жемқорлыққа қарсы қызметтің түсіндіруінше, өзгеріс ел Президентінің 2020 жылғы қыркүйектегі жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 127-ші бөлімін орындау үшін енгізілуде. Демек, оған министрлердің қарсылық танытуына, жобаны депутаттардың қабылдамасына еш негіз жоқ. Тікелей Тоқаевтың тапсырмасы.

"Жолдауда сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамды қорғау жүйесін заң жүзінде қалыптастыру көзделген. Бұл тапсырманы біз 2021 жылғы маусымға дейін орындауға тиіспіз. Яғни, биылғы маусымға дейін заң қабылдануы керек. Заң жобасында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлайтын немесе коррупцияға қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды қорғауға бағытталған түзетулер кіріп отыр. Заңнамада коммерциялық және қызметтік құпияны бұзғаны үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік көзделген. Бұл әсіресе, қызметшілердің жемқорлық қылмыстар туралы ақпаратты хабарлауына кедергі болады. Сондықтан бұл жауапкершілікті алып тастау ұсынылады", – деді антикоррупциялық агенттік.

Сонда ҰҚК қорғайтын құпия деректер сыртқа ағып кетіп, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтірмей ме? Бұл ретте жоба арқылы "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңға да түзетулер енгізіледі.

"Оған сәйкес жемқорлық құқық бұзушылық жасау фактісі туралы хабарламада қамтылған мәліметтер бұдан былай мемлекеттік құпияға жатқызылады. Бұл қызметтік және коммерциялық құпиялардың үшінші тұлғаларға таралуына жол бермейді", – деді ведомство.

Басқаша айтқанда, коррупцияға куә болған адам ол туралы тек құзырлы органдарды құлағдар етуі керек. Қолына түскен мәліметтерді БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, YouTube-те орналастыра алмайды: құпия. Өз кезегінде осы өзгерістен кейін құзырлы органдардың коррупция жасау оқиғасына қатысты баспасөз хабарламалары тіптен қысқа бола түспек.

Жаңа заң жобасында тағы бір маңызды жаңашылдық бар. Азаматтық кодекстің 143-бабы "Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғауға" бағытталған. Жемқор басшы осы бапты өзіне бағыныштыларды үрейде ұстау үшін пайдаланады. Себебі, ол ұлттық компания не ведомствоға қатысты кез келген шағымды өз іскерлік беделге нұқсан келтіру ретінде танып, миллиондаған шығынды өндіртіп алу үшін шағымданушыны сотқа сүйреуі ықтимал.

"Азаматтың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды теріске шығарумен бірге олардың таратылуынан өзіне келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы", – делінген ұлттық заңнамада.

Жаңа заң жобасы оны толықтырады:

"Бұл ретте егер осы ақпарат көрінеу жалған болып табылмаса, яғни оны таратқан жеке тұлға ол азамат сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты деп адал ниетпен санаса, онда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы жалған ақпаратты хабарлағаны үшін залалдар мен моральдық зиян өндіріп алынуға жатпайды", – делінген құжатта.

Қарапайым тілмен айтқанда, қандай да бір адам әлдебір шенеунік не топменеджерді жемқорлық жасады деп айыптап, жауапты органдарға шағымданса, алайда сот ол тұлғаны ақтап шықса, онда шенді не компания басшысы ол адамнан моральдық шығын өндірте алмайды. Өйткені информаторларды енді жемқорлықпен күрес заңы қорғамақ.

"БҰҰ-ның "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенцияны жүзеге асыру барысы" атты баяндамасында осы саладағы кейбір қатысушы мемлекеттердің ақпарат берушілерді қорғау бойынша оң тәжірибелері үлгіге келтірілген. Үздік үлгілердің біріне сай, тіпті ақпарат беруші ұсынған фактілер қылмыстық қудалауды қозғау немесе үкім шығару үшін жеткіліксіз болса да, ол ақпарат берушіні бәрібір сотқа беруге тыйым салынады", – деді агенттік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу