Атырау шенеуніктеріне тағылған айыптың жай-жапсары баяндалды

7698

Таубаев пен Басаровқа байланысты сот процесі өтіп жатыр.

Атырау шенеуніктеріне тағылған айыптың жай-жапсары баяндалды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровқа нақты қандай айыптаудың тағылып отырғаны белгілі болды. Бұл жөнінде сотта прокурор Нұржан Жангереевтің айыптау актісінде айтылды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Былтырғы 10 қыркүйек күні 182 млн теңге пара алды деп ұсталған шенеуніктерге байланысты қылмыстық іс Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда.

Белгілі болғандай, оқиға жаз мезгілінде болған. Атап айтқанда, шілде айында Атырау облысы коронвирус жұқтырғандар саны бойынша республикада бірінші орынға шыққан еді. Сол себепті, облыстық әкімдік "Теңізшевройл" компаниясымен бірігіп, "Игілік" әлеуметтік бағдарламасы аясында Құлсары қаласында 200 орындық аурухана салмақ болады. Сөйтіп, мұнай компаниясы 3 тамыз күні тендерден ұтып шыққан "Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы" ЖШС-мен 5 млрд 300 млн теңгеге келісімшарт жасайды. 

Алайда Таубаев облыстық әкімдікте өткен жиналыстардың бірінен кейін аталған компания директорының орынбасары Айбек Тілемісовпен жеке кездесіп, аурухана салу үшін келісімшартта көрсетілген соманың 10 пайызын беруді және оны беру мерзімі мен шарттарын оның сенімді өкілі Басаровпен келсіуді талап етеді. Компания өкілі олардың талабымен келіспей, байланысқа шықпай қояды. 20 тамыз күні Басаров компания өкілін облыстық әкімдікке жеке кездесуге шақырып, алдында қойған талапты тағы есіне салып, бұл жолы қоқан-лоқы жасайды. Ол облыс әкімінің орынбасарымен кездесіп, көрсетілген пайыз көлемін азайтып, көрсетуді сұрайды.

Ертесіне екі шенеунік Тілемісовпен Атыраудағы мейрамханалардың бірінде кездесіп, мердігер компания ТШО-дан алған 2 млрд 650 млн теңге аванстың 7 пайызын, яғни 185 млн 500 мың теңгесін алу, бұдан кейін қалған бөліктің де 7 пайызын алып отыру жөнінде жөнінде уағдаласады. Директордың орынбасары келісілген соманы жинап беруге уақыт сұрайды да, 2 қыркүйек күні жемқорлықпен күрес қызметінің орталық аппаратына Таубаев пен Басаровтың үстінен шағымданып, арыз жазады. Сөзіне дәлел ретінде WhatsАpp мессенджері бойынша жазған хаттарын қоса тіркейді. 

Әрине, бұдан кейін аталған әкімдік қызметкерлері бақылауға алынып, олардың сөздерін тыңдау жөнінде соттан санкция алынады. Компания өкілі бұдан кейін 6,7 және 9 қыркүйек күндері Таубаевпен оның кабинетінде кездесіп, параны беру шарттарымен мерзімін келіседі. Соңғы кездескенде ол 185,5 млн теңгені беретіні жөнінде айтады. Таубаев Басаровты шақырып алып, "бұл іспен" айналысуды тапсырады. Ертеңіне Басаров кәсіпкерге телефон соғып, Сәтпаев даңғылының бойындағы үйінің ауласына шақырады. Оған берілген қара сөмкенің ішінде 424 мың доллар мен 5 млн теңге шамасындағы ақша болады, мұның көпшілігі антикор қызметкерлері ұйымдастырған жалған купюралар болатын. Басаров оқиға үстінде қолға түседі. Одан кейін Таубаев жұмыс орнында тұтқындалды. 

Бұдан әрі прокурор Нұржан Жангереев айғақтармен таныстырды, олардың ішінде, тараптардың телефон, мессенджер желісі арқылы сөйлескен сөздері, дауыс иелерінің кімге тиесілі екенін анықтаған фондық сараптама, мейрамханадан түсірілген бейнежазба, пара ретінде беріліп, химиялық өңдеуден өткен ақшалар, тағы басқалары бар. 

Айта кетейік, атышулы істің барысы жөнінде inbusiness.kz порталында бірнеше рет жарияланды. Соңғы рет істі алдын ала тыңдау кезінде кейбір заң бұзушылықтар анықталып, Атырау облысының қылмыстық соты Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаровқа қатысты қозғалған істі прокуратураға қайтып беру жөнінде шешім қабылдаған болатын

Бұған дейін облыс әкімінің бұрынғы орынбасары адвокаттары арқылы өзінің кінәсіздігін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, кәсіпкермен келісілген 7 пайыз одан сұралған сома емес, "алып беруді" өтінген жасанды желдету аппараттарының саны екен. Сол сияқты, Басаров та алғашында "бұл ақшаны бастығым Таубаев алуы керек болған" деген сөзінен кейін бас тартып, оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мекемесі мен "олар тауып берген" адвокатты кінәлаған. 

Прокурордың мәлімдеуінше, күдіктілердің екеуінің де кәмелетке торлмаған балаларының барлығы қылмыстық іс бойынша шешім шығаруда "мән-жайды жеңілдететін" жағдайлар ретінде қарастырылады. Ал облыс әкімі бұрынғы орынбасарының берген антына адалдық таныспауы, керісінше, мән-жайды ауырлататын фактор болып саналмақ. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу