Жемқорлығы үшін жазаланған шенеуніктер тізімі

4297

Елімізде қазіргі кезде 31 әкім мен олардың орынбасарлары пара алғаны үшін айыпталуда.

Жемқорлығы үшін жазаланған шенеуніктер тізімі

Былтырғы 2018 жылы 23 әкім сыбайлас жемқорлығы үшін сотталған.

Ал шенеуніктердің саны мыңнан асып кетті.

Жалған тұлға арқылы мамандандырылған экономикалық мектеп құрып алғаны және бизнесмендерді кедей отбасылар балаларына "Айпад" сатып әперуге мәжбүрлегені үшін айыпталған білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиеваның бас еркінен айырылмай, небары 2500 айлық есептік көрсеткіш немесе 6 млн 312 мың 500 теңге айыппұлмен құтылуы қоғамда көптеген сауалдар тудырды.

Салыстыру үшін келтірсек, таяуда, биылғы мамыр айында Шымкентте білім саласының тағы бір шенеунігін, яғни қалалық білім беру басқармасы бастығының орынбасары болған Ғабит Нысановты мектеп асханасын жалдаған бизнесмен ханымнан 1,5 миллион теңге пара алғаны үшін сот бұдан жеті есе көп сомадағы – 45 миллион теңге айыппұлмен жазалады. 

Жалпы, қазіргі кезде Қазақстанда коррупционерлерге қатысты жаза біршама жеңілдетілген. Бұл бюджетке масыл болып отырған түрмедегілердің санын едәуір азайту үшін де жасалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин республикада 2014 жылы жаңа қылмыстық кодекс қабылданып, қылмыстық жазаға тарту жүйесіне реформа жүргізілгенін, 1997 жылғы қылмыстық кодекспен салыстырғында қудалау жүйесінің репрессивтілігі азайтылғанын мәлім етті.

"Атап айтқанда, қосымша 160-тан астам санкцияға балама ретінде еселенген айыппұл түріндегі жаза енгізілді. Егер де адам бірреттік сипаттағы сыбайлас жемқорлығы үшін күдікті болып танылса және оның бой тасалауына ешқандай себеп жоқ болса, оның еркіндігін шектеуге қандай қажеттілік бар? Еселенген айыппұлдар соттарға алынған пара сомасына сəйкес келетін əділ жаза кесуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, әрбір тұлғаға қатысты өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды атқару құқығынан айыру, әскери және өзге атағынан, мемлекеттiк наградаларынан айыру түріндегі қосымша жазаға тарту шарасы қабылданады. Бұл соттар қабылдайтын жазалардың тиімділігіне оң әсерін тигізеді және бұрын сотталған тұлғалардың қайта сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау мүмкіндігін болдырмайды", – дейді агенттік өкілі.

Оның айтуынша, барлық сыбайлас жемқорлық баптары бойынша мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыру қолданылады.

Жазаның түрі мен көлемі ең алдымен пара сомасына, парақорлықтың тәсіліне (қорқытып алу жолымен, заңсыз әрекеттері үшін, бірнеше рет) және түріне (адамдар тобында, қылмыстық топпен) байланысты.

Бүгінде түрмеге отырғызу орнына еселенген айыппұл салу барлық коррупционерлерге, тіпті аса ауыр қылмыс бойынша да қолданылады.

"Аса ауыр қылмыстар бойынша жалпы сомасы 1,9 млрд теңге айыппұлға 5 тұлға сотталды. Мысалға, Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 2018 жылғы 14 наурызда "Baiterek Development" АҚ лауазымды тұлғаларына 627 млн теңгеден астам, яғни аса ірі көлемде пара берген жеке кәсіпорындардың басшылары коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарын атқыру құқығынан өмір бойы айыра отырып, жалпы сомасы 1,9 млрд теңге айыппұлға сотталды. Ендеше алынған параның аса ірі сомасы кінәлі тұлғаны бас бостандығынан айыру үшін негіз бола алмайды", – дейді ол.

Арман Бердалиннің түсіндіруінше, бұл жағдайда сот сотталушының жеке басын, оның қаржылық мүмкіндіктері мен басқа да мән-жайларын ескере отырып, еселенген айыппұл тағайындай алады. Қылмыстық заң оған рұқсат береді.

Сонда түрмеге қамау орнына айыппұл енгізілгелі бері жемқорлар мен парақорлар бюджетті қанша қаражатпен толтырған? Агенттіктің дерегінше, 2016 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін сыбайлас жемқорлық саласындағы қылмыстық істер бойынша 1 мың 561 тұлғаға 13,4 миллиард теңге сомадан астам айыппұл салынған. Бұл барлық құқық қорғау органдары тергеген қылмыстық істерге қатысты.

Ал антикоррупциялық органның тергеу материалдары бойынша 2016 жылдан қазірге дейін жемқорлығы үшін 1 мың 315 тұлға 9 миллиард 642 млн теңгеден астам сомадағы еселенген айыппұлға сотталды.

Соның ішінде 2019 жылы 75 азамат 472 миллион теңге сомадан астам еселенген айыппұл түрінде жаза тартқан.

1315 сотталғанның жартысынан көбі – 793 тұлға пара алғаны үшін, 259 тұлға – пара бергені үшін, 72 тұлға – парақорлықта делдал болғаны үшін еселенген айыппұлға душар болды. Қалған сотталғандар лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану, билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және қолданыстағы0 қылмыстық кодекстің өзге баптары бойынша сотталды.

Бұл ретте белгіленген соманы төлемеуіне байланысты 10 сотталғандарға еселенген айыппұл түріндегі жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Заң ғылымдарының докторы, құқықтанушы Сағындық Жүрсімбаевтың байламынша, тәуелсіздік жылдары коррупцияның шарықтау шегіне жеткені сонша, ол бүгінде ұлттық қауіпсіздікке төндірер қатерлер арасында басты орында тұр және ол "қуатты құқықтық мемлекет құру, адамдардың барлық құқықтарын жүзеге асыру жолындағы орасан зор кедергіге, сонымен қатар еліміздің экономикалық және саяси дамуы үшін салмақты проблемаға айналды".

"Коррупция қауіпті вирус сияқты қоғамды ішінен кеміреді, тек нақты тұлғаның ғана емес, тұтас ұлттың рухани деградациясына соқтырады. Кейінгі жылдары қылмыстық жазаға тартылған биліктің биік лауазымды өкілдерінің саны бүкіл кеңес өкіметі тұсындағыдан асып кетті. Және аттары-атақтары қандай: экс-премьер Серік Ахметов,  қоршаған ортаны қорғау экс-министрі Нұрлан Ысқақов, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев, көлік және коммуникация министрі Серік Бүркітбаев, энергетика және табиғи ресурстар министрі Виктор Храпунов, ішкі істер министрі, кейін кеден басшысы Серік Баймағанбетов, спорт және туризм министрі, артынша ЭКСПО-2017 ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ермегияев деп тізбелей беруге болады", – дейді профессор Сағындық Жүрсімбаев.

Ол "Ұлы дала елінің жемқорлары" деген атпен интернетте сыбайлас жемқорлыққа қолын арамдағандардың аты-жөні мен фотосуреті басылатын бірыңғай тізім құруды ұсынады. Сонда кейбір шенеуніктер жұртшылыққа қолжетімді "қара тізімге" кіріп, масқара болудан қорқып, аяғын тарта басуы ықтимал. Өйткені абыройдан айырылу айыппұлға қарағанда қуаттырақ әсер етуі мүмкін.

Ал еліміздегі жемқорлықпен күресуші басты тұлға – агенттік басшысы Алик Шпекбаевтың мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанға коррупциядан келген зиян көлемі 40 миллиард теңгені құраған.

Істі болған шенеуніктер тізімі:

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу