Қытай кеден статистикасы бойынша Қазақстан бюджетіне жылына 300 млрд теңге кем түседі. Бұл туралы бүгін "Атамекен" өңірлік палатасың өкілі Бақыт Зайырхан айтты. Сарапшы Алматыда өткен контрафакт тауарлармен күрес мәселелері қаралған дөңгелек үстелде ҚХР мен Қазақстанның кеден статистикасы бір-біріне сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
"Бізде Қытайдың кеден статистикасынан 7 млрд доллар айырмашылық бар. Жылына мемлекеттік бюджетке шамамен 300 млрд теңге кем түседі. Импорттық тауарлардың басым бөлігі Алматы базарлары мен сауда орталықтарында сатылады. Жалпы Қытайдан импортталатын өнімдердің 90%-ы Алматыға келеді. Бұл шамамен 4,2 млрд доллар. Ал көлеңкелі импорттың үлесі 60%-ды, яғни 2,5 млрд долларды құрайды", – деді Бақыт Зайырхан.
"Бизнес Оптима" компаниясының директоры Михаил Надточидің пікірінше, елімізге контрафакт тауарлардың 70%-ы Қытайдан келеді. Жасанды өнімдер Әзербайжан, Қырғызстан мен Ресейден де импортталатын көрінеді. Сонымен қатар, ол еліміздегі контрафакт нарығы жыл сайын 7-10%-ға өсіп жатқанын айтты.
"Аталған нарықтың өсуіне үш фактор әсер етеді. Біріншіден, бұл тиімді. Жасанды өнімдерді саудалау маржиналдығы 500%-дан басталады. Халықаралық зерттеулер бойынша контрафакт тауарлардан қару мен есірткі сатудан да көп пайда түседі. Екіншіден, мемлекеттік органдар котрафакт тауарларды өзге салаларға қарағанда азырақ тексереді. Қылмыстық іс қозғау үшін белгіленген қаржы көлемі жоғары. Сондықтан жасанды тауарларды тасымалдағандар айыппұл төлеп құтылады. Үшіншіден, тұтынушыға тауар өндіруші мен сатушыға шағым түсіру қиын. Өйткені базарлар "сауда сақал сипағанша" қғаидатымен жұмыс істейді. Қазақстан өңірлерінің 80%-ында контрафакт дәрілер табылған. Ал жалпы елдегі жасанды тауарлар көлемі 35%-ды құрайды. Кейбір салаларда оның көрсеткіші аздау, ал кейбір салаларда 50%-ға дейін жетеді", – деді Михаил Надточий.
Ал Transparency International қазақстандық бөлімшесінің мәліметтері бойынша, жыл сайын Қазақстанда әлемдік брендтер атауымен 1 млрд доллардың контафакт тауары сатылатын көрінеді.
Құралай Құдайберген