Өртенген базар мен жабылған асхана көлеңкелі экономикадан құтқармайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3882

Мамандар Алматыдағы бизнестің 20- 30%-ы ғана көлеңкеде жұмыс істейді дегенге сенбейді. 

Өртенген базар мен жабылған асхана  көлеңкелі экономикадан құтқармайды

Алматыдағы бизнестің 20- 30%-ы көлеңкеде жұмыс істейді. Бұл туралы  Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қанат Балтабеков айтты. Осылай бола тұра  2017 жылы Алматыдан 1 трлн  695 млрд теңге салық жиналған. Оның 372 млрд теңгесі қала бюджетіне, қалғаны республикалық  бюджетке түскен.

Қанат Балтабековтың мәлімдеуінше, 2017 жылы кәсіпкерлер  салық төлеуде белсенді болған.

Сөз арасында ол көлеңкелі бизнеспен күресу  оңай емес екенін айтты. "Көлеңкелі экономикаға жұмыс істейтін 30% бизнестің жұмысын заңдастыру үшін күш жұмсап жатырмыз. 2017 жылы құны 1,6 млн  теңге болатын 2 млн  шөлмек арақ-шарап өнімдері тәркіленіп, 14 жасырын цех жойылды", – деді департамент басшысының орынбасары.

Басқосу барысында  "Бизнес -Сервис" кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілі Ерлан Владимиров  Алматының  салық жинау жоспарын асыра орындайтынына  күмәнмен қарайтынын жеткізді.

"Алматы экономикасының  "көлеңкесін"  арақ-шарап өнімін тәркілеумен шектеп қою аз. Үкімет елдегі көлеңкелі бизнестің үлесі 20-25% деген деректі жиі айтады. Дамыған елдердің ішкі жалпы өніміндегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23-28%-ды, дамуды бастан кешіп жатқан елдердегі үлесі 40-44%-ды құрайды.  Ал біздің елдегі көлеңкелі экономиканың үлесі 19-20% арасында құбылып тұрады. Бұл көрсеткіш экономиканың құлдырап кетуіне ықпал ете алмайтын фактор. Егер осы көрсеткіш рас болса, үкімет ауылдағылардың  сүт сатып тапқан табысына көз сүзбейтін еді. Біздегі жағдайды тыңғылықты зерттеу керек. Бұрын көлеңкелі экономика тек ішкі нарықта еді, енді оған сыртқы фактор қосылды.Соңғы кездері ҚХР немесе Қырғыз елімен жасалатын алыс-берісте қосарланған көрсеткіштер айтыла бастады. Алматының көлеңкелі экономикадағы үлесі Қанат Балтабеков айтып отырғанындай  20-30% болса, Алматының әлеуметтік  сипаты мен салық түсімі басқаша болар  еді", – деді Ерлан Владимиров.

Ол еліміздегі сауда, құрылыс, қоғамдық тамақтандыру, қонақ үй бизнесі және қоғамдық көлік саласындағы  әрбір екінші, үшінші нүктенің  көлеңкелі экономикаға жұмыс істеп жатқанын тілге тик етті. Құрылыс, азық-түлік өнімдерін шығарып, қара базардағы көше саудасы арқылы саудалау,  маусымдық жұмыстарды ұйымдастырудағы бейресми экономикалық қызмет түрлерінің бәрі – көлеңкелі экономиканың басты факторлары.  

"Қол ақша жүрген кезде көлеңкелі экономика қатар дамып отырады", – деді Ерлан Владимиров.

Маманның мәлімдеуінше, көлеңкелі экономиканың құлаш жаюына қызметін дұрыс үйлестіре алмай отырған қаржы ұйымдары, бизнеске тосқауыл болатын әкімшілік кедергілер сонымен қатар экспорттық-импорттық қаржылық операция кезіндегі жалған құжаттар түрткі болады.     

"Үкіметке  өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған топтың қандай санатқа жататынын және ІЖӨ  мультипликативті әсерінің көлемін анықтайтын кез әлдеқашан туды. Бұл мәселенің экономикалық емес, әлеуметтік сипаты басым.  Қорасындағы тауығы мен сиырының сүтін сатып, бала-шағасын асырап отырғандар қылмыстық топ емес, өлместің күнін көріп жүрген әлеуметтік жағынан аз қорғалған топ", – деді  Ерлан  Владимиров.

Оның ойынша, өлместің күнін көріп отырған формальды емес сектормен күрес, ішкі нарықтағы жаңадан пайда болған кәсіп көзінің тынысын жауып, ірі ойыншыларға жағдай жасауды көздейді.  

"Алматы экономикасын  көлеңкеден шығару мемлекеттің бизнес саясатына ықпал етеді. Ауылдағы  көлеңкелі экономикада  жүрген шағын бизнес Алматы мен Астанадағы жағдайға қарап әрекет етіп, бизнестерін заңдастырып, жариялы жағдайға көшеді", – деді  Ерлан  Владимиров.

Ал саясаткер Досым Сәтпаев көлеңкелі экономиканың үлесі 30%-дан асып тұрғанын айтты.

"Ел экономикасының 30%-ы көлеңкелі экономикаға  тәуелді болса, бұл біреулерге қажет, оны әлдекімдер қолдап отыр деген сөз. Оны жарыққа шығарамыз деп базарларды жауып тастау немесе ауылда сиырынын сүтін сатып күн көріп отырғандарға салық салу мәселені күрделендіріп  жібереді", – деді Досым Сәтпаев.

Саясаткердің сөзінше, базарларды өртеп, дүкендер мен асханаларды жабу арқылы мәселе шешілмейді. Үкімет тіркеліп, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқан  шағын және орта бизне өкілдеріне көлеңкелі  экономика секторына   бәсекелес бола алатындай  жағдай жасауы керек.

"Көлеңкелі экономиканың институционалды  себептері көп. Бюджет қаржысын бөлу кезіндегі тәуекелдерді бағалау жүйесінің дұрыс үйлестірілмеуі мен инвестициялық жобалардың шығындарын жоспарлау кезіндегі бақылаудың аздығы да көлеңкелі экономиканың көрігін қыздырады. Кәсіпкерге біреулерден тығылмай, мемлекетті алдамай, кәсіппен айналысуға болатынын нақты шешімдермен дәлелдеу керек. Жұмыссыз қалған адамдарды екінші мамандыққа бейімдеу есеп беру үшін емес, мемлекеттің ішкі нарықтықтағы  қажеттілігі үшін жүргізілуі тиіс. Осының барлығы қосылғанда көлеңкелі экономиканың қоғамға кері ықпалын әлсіретеді", – деп қорытты сөзін Досым Сәтпаев.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу