Бизнесмендерге арналған жаңа жаза түрі пайда болмақ

6178

Қазақстанда кәсіпкерлерге салынатын айыппұл өсірілгелі тұр.

Бизнесмендерге арналған жаңа жаза түрі пайда болмақ

Ел Үкіметі шытырлаған ақшамен емес, пластик картамен есептескісі келетін клиенттің бетін қайтара беретін кәсіпкерлерге, супермаркеттерге, адвокаттарға, нотариустерге және басқа да бизнес нысандарына қарсы қатаң шаралар қабылдауға шешім қабылдады.

Қолданыстағы тәртіп бойынша егер кәсіпкерде тиісті аппарат болмай шықса, бірінші жолы тек ескерту ғана жасалатын. Енді мемлекет ескерту жасап, қоя салу тәжірибесін жоятын болды.

Бұған елдегі "көлеңкелі" экономикамен күрестің ілгері баспай тұрғаны да ықпал етуде.

Осыған орай Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізді.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағында сауда қызметін жүзеге асыру, сонымен қатар жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезiнде төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға мiндеттелген жеке кәсіпкерде немесе компанияда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдық не құрылғы болмаса, ол бұрынғыдай ескерту алумен құтылмайды.

Оның орнына шағын кәсіпкерлік нысандарына – 10 айлық есептік көрсеткіш (25 мың 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Орта кәсіпкер үшін бұл жаза – 30 (75 мың 750), ал ірі кәсіпкерлік нысандарына 40 АЕК (101 мың теңге) мөлшерін құрамақ.

Тиісінше, кәсіпкерлерге картадан төлем қабылдайтын терминалдың жоқтығын айтып айыппұл арқалағаннан, сол терминалды сатып алу арзаныраққа түспек.

Осылай пластикті бір клиентке қызмет ете алмағаны үшін жазаланған кәсіпкер ізінше келесі тұтынушыға да тиісті аппаратты тауып бере алмаса, оған салынар айыппұл әлдеқайда ауырлай бермек. Атап айтқанда, "әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК (202 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады".

Құжатта бұл айыппұлдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетіні көрсетілген.

Әрине, аппараттың болмауы бір де, бола тұра, қызмет көрсетуден бас тарту – бөлек қылмыс. Әйткенмен, қазіргі талап бойынша бірінші жолы бұған да ескерту ғана жасалады.

Ал жаңа бастама бойынша егер дара кәсіпкер немесе компания төлем карточкаларын пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысудан бас тартса, шағын кәсіпкерлік – 10, орта кәсіпкерлік – 30, ірі кәсіпкерлік өкілдері 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлмен жазаланады.

Артынша 1 жыл ішінде осы іс-әрекетін қайталап, қолға түссе, айыппұл шағын бизнес үшін – 30, орта бизнес үшін – 60 АЕК-ке, яғни еселеп өседі. Ал ірі кәсіпкерлерге 100 АЕК немесе 252 мың 500 теңге айыппұл төлеуге тура келеді.

Елімізде келер жылдан бастап, жекелеген санаттарды қоспағанда, бизнес өкілдерінің барлығы кассалық аппарат орнатып, әр клиентіне чек басып беріп отыруға міндеттеледі.

Осы орайда бақылау-кассалық машиналарды қолданбаса, сондай-ақ ақаулы немесе пайдалану орны бойынша мемлекеттік кіріс органының есебінде тұрмаған бақылау-кассалық машиналарды қолданса, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 7, орта кәсіпкерлікке – 15, ірі кәсіпкерлікке – 25 АЕК айыппұл салынбақ.

Бұдан бөлек, Қазақстанда жазаның жаңа түрі пайда болады, ол "бақылау-кассалық машинаның чегін немесе тауар чегін бермеу" деп аталады. Кейде супермаркеттердің өзінде кассир асығыста чекті қоқысқа тастай салғанын, оны қопарғысы келмейтінін алға тартып жатады. Енді бұл үшін сауда орнының қожайыны жазаланады.

Нақтырақ айтқанда, чекті бермеген жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік нысандарына – 10, орта кәсіпкерлікке – 15, ірі кәсіпкерлік нысандарына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделуде.

Байқаусызда не қасақана чектегі соманы артық немесе кем көрсету үшін де осы көлемде айыппұл қарастырылмақ.

Бұл жаңашылдықтарға түсініктеме берген Ұлттық экономика министрлігі тауарлар мен қызметтерді тұтынушылар ақшамен не қолма-қол ақшасыз есептесу тәсілдерінің бірін таңдауға құқылы екеніне назар аудартады. 

"Осы түзету арқылы төлем қабылдауға арналған құрылғыны пайдалануға тиіс болатын кәсіпкерлер мен тұлғалар қатары кеңейтіліп те отыр. Қолма-қол ақшасыз есептесуге мүмкіндік беретін жабдықтың болмауы табысты жасыруға және көлеңкелі экономиканың ары қарай ұлғаюына ықпал етеді. Оның үстіне төлем қабылдау құрылғыларын жаппай қолдану бюджетке түсер түсімдерді арттыруға, тиісінше, әлеуметтік маңызды мәселелерді көбірек қаржыландыруға септеседі", – деп мәлімдеді ведомство.

Мемлекеттік орган картамен есептескізетін жабдықтың жоқтығы үшін көзделген қолданыстағы жауапкершілікті "тым жұмсақ" санайды.  

"Мұның салдарынан, жекелеген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар заң талабын орындамауда. Сондықтан тұтынушылар құқығын қорғау және қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікті айыппұлмен ауыстыру қажет деп есептейміз", – деп дәйектеді министрлік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу