Кассалық аппараты жоқ кәсіпкерлерге айыппұл салынады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9461

Реестрде 216 түрлі бақылау-кассалық аппараты тіркелген. 

Кассалық аппараты жоқ кәсіпкерлерге айыппұл салынады

2020 жылдың 1 қаңтарында бизнес субьектілеріне патентпен жұмыс істеуге тыйым салынады. Сәйкесінше кәсіпкерлер онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолдануға көшеді.

Жоғарыдағы мерзімнен бастап тауар мен көрсетілген қызметтің ақысы қолма-қол ақшамен төленсе де, банк картасымен төленсе де, кәсіпкер барлық қаржылық операцияны онлайн бақылау-кассалық аппаратынан өткізуге тиіс. Бұл туралы салық кодексінің 166- бабының 1- тармағында: "ҚР аумағында ақшалай есеп айырысу бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде қолдана отырып жүргiзiледі", – деп жазылған.

Не істеу керек?

Салық органдарының "қаһарына" ұшырамас үшін кәсіпкерлерге келесі жылға дейін онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнатып, оны салық органына тіркеу керек.

Бақылау-кассалық аппаратының...

Екі түрі бар. Біріншісі, құрылғы түріндегі кассалық аппарат. Екіншісі, гаджеттерге жүктелетін бағдарлама түріндегі мобильді қосымша.

Қандай аппаратты қолдануға болмайды?

Мемлекеттік кірістер комитетінің реестрінде 216 түрлі бақылау-кассалық аппараты ресми тіркелген. Кәсіпкерлерге осыдан басқа онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолдануға болмайды. Комитетте тіркелген кассалық аппараттың 85-і ғана онлайн жұмыс істейді. Оның 15-і ұялы телефон мен планшетке арналған.

Фискалды мәліметтер операторы немен айналысады?

"Қазақтелеком" АҚ, "Транстелеком" АҚ және "Кар-Тел" ЖШС фискалды мәлімет операторы болып бекітілген. Олар онлайн бақылау-кассалық аппараты арқылы жүргізілген қаржылық операциялардың дерегін мемлекеттік кірістер комитетіне жеткізеді. Сонымен қатар әр түбіртекке қатысты мәліметті 5 жыл сақтайды.

Онлайн бақылау-кассалық аппаратын орнатқан кәсіпкер фискалды мәліметтер операторын таңдауы және көрсетілген қызмет үшін ай сайын шамамен 1500 теңге төлеуі тиіс.

Айыппұл көлемі қандай?

Онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолданбаған және оны мемлекеттік кірістер комитетіне тіркемеген кәсіпкерлерге 7-25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Айта кетейік, келесі жылы бір айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгені құрайды.

Онлайн бақылау-кассалық аппаратын қолданатын, бірақ түбіртек бермейтін немесе бір түбіртекті бірнеше рет берген жағдайда да кәсіпкерлер айыппұл арқалайды. Атап көрсетерлігі, мемлекеттік кірістер комитеті дәл осындай заңсыздыққа барған кәсіпкерлер қанша теңге айыппұл төлейтінін нақтыламаған.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу