Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасалады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4111

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патентпен жұмыс істеуге тыйым салынады.

Кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасалады

Жаңа салық кодексі бойынша бизнесмендердің барлығы онлайн бақылау кассаларын қолдануға міндеттеледі.

Былтыр қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 206 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешімі қабылданып, қаржы министрінің 2018 жылғы 27 қарашадағы № 1029 бұйрығы күшіне енді. Құжатта салық төлеушілер 2019 жылдан бастап кезең-кезеңмен онлайн бақылау кассаларына толық ауысуы, ал 2020 жылдан біржола көшуге тиіс екені нақтыланды. Осылайша 2019 жылдың 1 қаңтарынан онлайн бақылау кассасын орнату және онымен жұмыс істеу үдерісі басталып кетті.

2019 жылдың 1 сәуірінен 323, шілдесінен 86 қызмет түрі онлайн бақылау кассасына өтті. Қазан айында 224 қызмет түрі онлайн бақылау кассасына көшеді. Нәтижесінде күзге дейін 431 қызмет түрі онлайн бақылау кассасымен жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 202 қызмет түрі патенттен босатылады. Қорытындысында 633 қызмет түрі бойынша онлайн бақылау кассасы арқылы есеп айырылысады.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтың сөзінше, патент шеңберіндегі жұмыстың тоқтатылуы 100 мыңнан астам кәсіпкерге соққы болып тиюі мүмкін.

"Кәсіпкерлерді тығырыққа тіремес үшін үкімет алдын ала әрекет етіп жатыр. Онлайн бақылау кассаларын қолданысқа кезең-кезеңмен енгізу нақты нәтиже береді деп үміттенеміз", – деді Рустам Жүрсінов.

Онлайн бақылау кассаларын қолдану тәртібі салық кодексінің 166- бабының 1- тармағымен реттелген. Құжатта: "ҚР аумағында ақшалай есеп айырысу бақылау-касса машиналарын мiндеттi түрде қолдана отырып жүргiзiледі", – деп жазылған. Сонымен қатар салық кодексінде ақшалай есеп айырысу кезінде бақылау-касса машиналарын қолданудан босатылатындар нақтыланған. Олар: жеке тұлғалар, адвокаттар мен медиаторлар және акцизделген тауар сатудан бөлек кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке кәсіпкерлер. Онлайн бақылау кассаларын телекоммуникация желiсi жоқ жерлерде қызмет көрсететін салық төлеушілер де орнатпайды.

Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктер де онлайн бақылау кассаларын қолданудан босатылады.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін шаруа қожалықтары онлайн бақылау касса аппаратынсыз жұмыс істейді. Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталмыш құрылғыны орнатуға міндетті болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, кәсіпкерлер онлайн бақылау кассаларына көшкен кезде бұрын қолданыста болған кассалық аппараттарды қолдана беруге болады.

"Еліміздегі барлық кәсіпкерлер онлайн бақылау кассалық аппаратымен төлем қабылдауы керек. Жаңа онлайн бақылау кассасы болмаған жағдайда ескі аппаратының бағдарламалық жүйесін өзгертіп, сонымен жұмыс істей беруге  болады. Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізген тексеру кезінде 2019 жылдың 1 мамырында мәліметті жолдау қызметі жоқ 255 191 онлайн бақылау кассасы тіркелді. Оның басым бөлігін, атап айтқанда 181 566 аппараттың бағдарламалық жүйесін жаңартуға болады. Ал жоюға немесе телекоммуникациялық желісі жоқ орындарда қолдануға болатын кассалардың саны – 32 110 дананы құрап отыр", – деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Салық органдары өкілдерінің түсіндіруінше, онлайн бақылау кассасы көлеңкелі экономиканың жолын кеседі, салықтық әкімшілікті жақсартып, тексерістерді азайтады. Айтпақшы, онлайн бақылау кассасын қолданудың кәсіпкерлер үшін де тиімді тұсы бар. Оларға онлайн бақылау кассасын орнатқаны үшін салықтық жеңілдік жасалады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу