Патентті жоюдан түсетін пайда шенеуніктер шығынын да жаппауы мүмкін

2148

Қазақстан алдағы жылдың алғашқы күнінен бастап патенттен бас тартады.

Патентті жоюдан түсетін пайда шенеуніктер шығынын да жаппауы мүмкін

Патент жеке кәсіпкерлерге, базардағы мыңдаған саудагерге, таксистерге, сұлулық салондарындағы Beauty-шеберлер мен шаштараздарға, тұрмыстық қызметтер көрсететіндерге, баспанасын жалға берушілерге – көптеген шағын бизнесменнің өз ісін дөңгелетуіне мүмкіндік беріп келді.

Оның үстіне биылдан бастап, патент бойынша табыс межесі де көтерілген болатын. Мәселен, былтырғы жылы өзінен басқа адамның еңбегін пайдаланбайтын кәсіпкерлерге жылдық табысы 300 еселік ең төменгі жалақы мөлшерінен (8 485 200 теңгеден) аспаса, патентпен жұмыс жасауға мүмкіндік берілетін. 

"Биылғы 2019 жылы патент бойынша ең жоғарғы айналым көлемі өзгеріп отыр. Егер бұрын барлық табыс айналымы ең төменгі жалақыға байланыстырылса, енді ол айлық есептік көрсеткішке ауыстырылып отыр. Нәтижесінде, патент бойынша күнтізбелік жыл ішіндегі ең жоғарғы айналымы 3 мың 528 АЕК-тен немесе 8 миллион 908 мың 200 теңгеден аспауға тиіс. Салық мөлшерлемесі бұрынғыдай 1%. Бірақ бұған саудагерлер жатпайды: сауда орындарындағы жеке кәсіпкерлер патент бойынша биыл 2% төлеулері керек. Әйткенмен, бұл ереже қолма-қол ақшасыз сауда жүргізетіндерге таралмайды, клиенттерімен тек қолма-қолсыз есеп айырысатын жеке кәсіпкерлер 1%-дық салық төлейді", – дейді республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев.

Ел Үкіметі келесі жылы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда сауда саласы үшін патент негізіндегі арнайы салықтық режимді пайдалануға тыйым салынатынын жариялады.

"Бұл өзгерістер біздің бизнесмендердің үлкен көлеміне қатысты болғалы тұр. Мысалы, Алматыны не елорданы алсақ, ол толған базар мен сауда орындары. Сауда мен қызмет көрсету секторы айталық, Алматының ішкі өңірлік өнімінің 80%-ынан астамын беріп отыр. Бас қалада да ірі өнеркәсіп кәсіпорындары санаулы, негізінен кәсіпкерлер сауда мен қызмет көрсетуден нәпақасын айыруда. Айта кетер жайт, егер салық органдарының қызметкерлері қандай да бір өңірде қандай да бір кәсіпкерлерді ерікті-мәжбүрлі тәртіппен басқа салық салу режиміне өтуге итермелеп жатса, онда бұл заңсыз болып табылады. Өйткені бұл бизнесмендердің барлығы 2019 жыл аяқталғанша, патент бойынша еш алаңсыз, еркін жұмыс жасап шығуына толық мүмкіндігі бар", – дейді Дмитрий Казанцев.

Ұлттық экономика министрлігі патенттен бас тартуға қатысты шешім "кәсіпкерлердің шынайы табыстарын жасырумен күресу" мақсатында енгізіліп отырғанын айтады. Сондай-ақ "бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу" үшін жасалуда екен. Себебі, патент бойынша жұмыс жасау үшін кәсіпкердің бірде-бір қызметкері болмауға, яғни ол жалғыз өзі жұмыс жасауға тиіс. Осының салдарынан, бизнесмендер патент алу үшін өз қызметкерлерін жасырады, олармен еңбек келісімшартына отырмайды.

Бұл ретте үкімет халықаралық тәжірибеге сілтеме жасап отыр: өзге мемлекеттерде қарапайым салық режимінде негізінен ұсақ қолөнершілер жұмыс істейді екен.

Ұлттық экономика министрлігі мысалы, патентпен бизнес жүргізетіндердің жылдық айналымы 8,9 миллион теңгеден, яғни шекті табыс көлемінен асады деп күдіктенеді. Бұл ойға мысалы, сауда орындары мен базарлардағы саудагерлердің шетелден көп көлемде әрі жиі тең-тең тауар таситыны жетелейді. Алайда патент аясындағы аз салықтан айырылып қалмау үшін "сауда секілді қызмет түрлерін жүзеге асырушылар жылдық айналымын жиі жасырады" деген байламға келеді Үкіметтің экономистері.

Министрлік "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының бизнес-ахуалды жақсарту және бизнесті көлеңкеден шығару жөніндегі зерттеуіне нұсқайды.  

"Тексеру нәтижесінде тұрғын үйлерде орналасқан дүкендердегі кәсіпкерлердің табысының 90%-ы декларацияланбайтыны анықталды. Оларда іс жүзінде үш-төрт қызметкер жұмыс жасағанымен, қағаз жүзінде тек жалғыз қызметкер ғана тіркеледі. Зерттеуде атап көрсетілгендей, бөлшек сауда саласында салық салудан жасырылған экономиканың нақтылы көлемі тұтастай алғанда, 70%-дан 90%-ға дейін жетуі ықтимал", – деп мәлімдеді ұлттық экономика министрлігі.

Алайда шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің одағы салық органдарының бұл шешімін әділетсіз деп санайды және онымен келіспейді.

"Патенттің арқасында көптеген кәсіпкерлер көлеңкеден шығып, заңдастырылды. Қазіргі бар патент бойынша бизнестің айналымын бақылау оңай. Патент тек кәсіпкер жалғыз жұмыс жасаса және жалдамалы еңбек күшін пайдаланбаса ғана беріледі. Бұл ретте кәсіпкердің қызметкерді қағаз жүзінде заңдастырмағанымен, іс жүзінде пайдаланатынын тексеру жылдам әрі жеңіл жүзеге асырылады. Патентті жою арқылы ұсақ кәсіпкерлерден жиналатын салық қаншаға артпақ? Ол тіпті мемлекеттік органдардың бақылауға деген шығысын да жаппауы ғажап емес. Шындап келгенде, меморгандардың бақылау бойынша шығыстары түсер табыстан асып кетеді. Онда мұндай жаңашылдықтың қажеті қанша?" – дейді шағын және орта бизнес кәсіпкерлері одағының басшысы Тимур Жаркенов.

Ол патент негізіндегі қарапайым салық салу режимінің жойылуы отандық шағын кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді деп қауіптенеді. 

"Осының кесірінен, шағын бизнес экономиканың қиян шетіне шығып қалады. Оған үстеме ретінде қосымша талаптар жүктелмек. Сонда мемлекеттің орта тапты, шағын бизнесті қолдауы туралы сөздер қайда қалады?" – деп таңданады Тимур Жаркенов.

Одақ сарапшылары салық органдарының осы жаңашылдықтары алдағы жылдары елдегі әлеуметтік кернеудің өршуіне соқтыруы ықтимал деп алаңдап отыр.

"Бүгінде елде халықтың сатып алу қабілеті жаппай төмендеуде. Бюджетті толтыру қамын ғана ойлайтын меморганның ұстанымын түсінуге болады: ол салықтың мейлінше молырақ жиналғанын қалайды. Бірақ біз бақылауды қатайту орнына, бизнесті дамуға ынталандыру жолдарын іздеуді ұсынамыз. Бизнесмендер әділдіктің болуын жақтайтын жандар болып есептеледі. Адамдарға адал еңбегімен табыс табуына мүмкіндік берген жөн. Бұл азаматтарымызды жұмыспен қамтуға да қатысты болып келеді. Қазір сауда саласында ғана 1,4 миллион қазақстандық немесе жұмысқа қабілетті азаматтардың 16 пайызы еңбек етуде. Олардың барлығын бір күнде патенттен айырсақ, осынша миллионды бір күнде ешқайда апарып, жұмысқа тұрғыза алмаймыз. Содан мәселе туындайды: олар жұмыссыз қалса, қайда шығады?" – деп түйді Тимур Жаркенов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу