Бизнесті шектеу емес, реттеу қажет – Азат Перуашев

4782

Айналым қаражатының болмауы үлкен мәселеге айналған.  

Бизнесті шектеу емес, реттеу қажет – Азат Перуашев

"Ақ жол" демократиялық партиясының Алматы қаласы филиалының өкілдері кәсіпкерлермен онлайн кездесу өткізіп, мемлекет тарапынан бизнеске көрсетіліп жатқан қолдау мен өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуге мемлекеттік қызметкерлер мен "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры да қатысты.

Партия төрағасы Азат Перуашев карантин кезінде қолданылып жатқан кейбір шаралар бизнеске кедергі келтіріп отырғанын айтты.

"Еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті билік бизнестің жұмысын реттеудің орнына, ең жеңіл жолды таңдап, базарлар мен қызмет көрсету тәрізді бизнес нысандарын мүлдем жауып тастап отыр. Соның салдарынан кәсіпкерлер көшеге шығып өздерінің наразылығын, келіспеушілігін айтуда. Кәсіпкерлер әр күнгі еңбегімен табысын тауып отыр. Біз пандемия кезінде Үкіметке бизнесті шектеу емес, реттеу қажет екенін айтамыз. Үкімет әкімдерге бизнестің жұмысына шектеу қоюына рұқсат бермеуі керек. Ал сауда орындарында әлеуметтік қашықтықты белгілеп, сызып қойып, барлық санитарлық талаптың қатаң сақталуын міндеттейік. Бірақ жұмысын тоқтатпайық", – деді Азат Перуашев.

Демократиялық партия төрағасы сонымен қатар, қашықтан білім беру сапасын жақсарту, медицина саласында монополияның болмауын және банктердің өсімпұлы мәселесін ерекше айтты.

"Несие жеңілдіктері шын мәнісінде жақсы нәтиже беріп отырған жоқ. Өйткені банктер несие төлемдерін белгілі бір уақытқа дейін ғана кейінге шегереді. Жиналып қалған төлемдерді негізгі сомаға айналдырып, оған да пайыздық мөлшерлеме жүктейді. Салдарынан төлемдер еселеп ұлғаяды. Нәтижесінде кәсіпкерлер несиесін өтеу кезінде қиындықтарға душар болуда. Дағдарыстан жылдам шығып кетпейміз ғой. Сол себепті оларға несиелік демалыс беріліп, өсімпұл мен айыппұл салынбағаны жөн", – деді ол.

Ал "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізіліп, бірқатар дерек жиналғанын мәлім етті.

"Сауалнама мәліметінше, 32 мыңнан астам адам жұмысынан айырылып, 38,4 мың адам жалақысыз демалысқа кеткен. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 21,8%-ы несие, 16,5%-ы салық төлеуге қаражаты жоқ екенін айтқан. Ал 11,4% кәсіпкер жұмысшыларына жалақы, жұмыс орнының жалдау ақысын және коммуналдық төлемдерді де төлей алмайтынын жеткізді", – деді "Атамекен" өкілі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысының пікірінше, шағын және орта бизнеске салық төлеу мерзімін шегеру сынды жеңілдіктерді биылғы жылдың аяғына дейін қалдыра тұру қажет. Сондай-ақ, кейбір өндірістік тауарлардың импортына да уақытша тосқауыл қоя тұру керек.

Алматы қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілі Әсем Мақашева биыл алматыда кәсіпкерлер санының артқанын айтты.

"Шағын және орта бизнес саны былтырғы жылмен салыстырғанда артты. Бүгінде Алматыда 195,6 мың ШОБ бар. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Жалпы, "Бизнестің жол картасы – 2025", "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасы", "Алматы бизнес" тәрізді республикалық, аймақтық бағдармалар жұмыс істеуде. Әр бағдарламаның өз саласына қарай оңтайлы шарттары қарастырылған", – деп кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өкілі бағдарламалардың ерекшеліне тоқталып өтті.

Алайда кәсіпкерлер карантин салдарынан табыстың азайғанын алға тартуда. "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшановтың сөзінше, бұрын кейбір ата-аналар балаларының оқу ақысын 4-5 жылға алдын-ала төлеп тастайтын. Ал бүгінгі күні оқу ақысын кейінге қалдыруды сұрайтындар қатары көбейген.

"Қазақстандық құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығы" ЗТБ басшысы Марал Томпиев құрылыс нарығы дағдарысқа ұшырауы мүмкін екенін сөз етті.

"Әрине мемлект тарапынан салықтық жеңілдіктер тәрізді көмектің көрсетіліп жатқаны өте жақсы, бірақ қазір айналым қаражатының жоқтығы үлкен мәселе болып тұр. Яғни табыс азайды. Бұдан шығудың екі жолы бар. Бірінші, төмен пайызбен тұтыну несиесін беру. Екіншіден, мемлекет әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қаржылай көмектесуі керек. Сол кезде олар қаржысын шағын және орта бизнеске апарып, бизнестің белсенділігі артады. Құрылыс бойынша тұрғын үйге әлеуметтік несие беруді күшейте түсу керек. Егер тұрғын үйдің бағасы өзіндік құнынан төмен түсіп кетсе, құрылыс және жылжымайтын мүлік нарығы күйреуі мүмкін. Үшіншіден, мемлекеттік сатып алу кезінде шетелден әкелетін тауарларға шұғыл мораторий қойып, отандық өндірушілерді қолдау қажет",  – деп атап айтты Марал Томпиев.

Еліміздің жеңіл өнеркәсібі қауымдастығының өкілі Наталья Ақшабаеваның айтуынша, карантин кезінде табысынан айырылған жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері 42500 теңгені де ала алмаған.

"Жеңіл өнеркәсіп саласы өсіп жатыр деп мәлімдеуде. Мүмкін мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтіндер өсіп жатқан шығар. Алайда басым көпшілігіміз нарыққа жұмыс істейміз. Біздің сала карантиннен жапа шеккендердің тізіміне кірмей қалды. Жұмыссыз қалғандар мемлекеттік жәрдемақы ала алмады. Қазіргі кезде дүкендерімізді сағат 10-да ашып, 17-де жабамыз. Бұл уақытта адамдарың барлығы жұмыста, дүкенге ешкім келмейді. Бұндай жұмыс кестесін белгілеген санитарлық қызметтің ойын түсіне алмадым. Бизнесті шектеуге болмайды. Бизнеске сену керек. Кәсіпкерлердің мойнына жауапкершілік жүктеп, ескертсе де жеткілікті. Кез келген кәсіпкер өз қызметкерінің ауырғанын қаламайды. Адамдардың ауырмай, жұмысқа келуіне бәріміз де мүдделіміз", – деді кәсіпкер.

Кездесу соңында Азат Перуашев кәсіпкерлердің шағымдары мен өтініштерін жинап, тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелерге жеткізетінін айтты.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу