Делдалдың қызметін заңдастыру қажет

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3941

Ірі компаниялар шағын және орта бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар тапсыратын сүттің сапасынан секемденеді.

Делдалдың қызметін заңдастыру қажет

Өткен жылдың соңында ұлттық экономика министрлігі "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасына Қазақстанның азық-түлік сегментінің бәсекеге қабілеттілік деңгейіне кері әсер ететін факторларын анықтау қажеттігі туралы  ұсыныс берген болатын. Аталған мәселе бойынша талдау жүргізген "Tengri Partners" сараптамалық орталығы атқарылған жұмыстың қорытындысын жариялады.

"Oil Gas Project" компаниясының директоры, экономист Жарас Ахметовтың айтуынша, азық-түлік сегментіндегі ойыншылардың қаржылық капиталының аздығы олардың бәсекелестік деңгейіне әсер етеді.

"Соңғы сегіз айда  ұн,  қант және сүт өнімдерін қайта өңдеу саласындағы қатысушылардың банк несиесіне тәуелділігінің жоғарылығы олардың бәскелестік деңгейіне әсер етті. Сондай-ақ олар шикізаттың тапшылығынан ішкі нарыққа дендеп ене алмай отыр", – деді Жарас Ахметов.

Ал экономист Данияр Қуанышқалиевтың сөзінше, азық-түлік өнімдерін өндіріп отырған компаниялардың шикізат сапасына көңілі толмайды. Сондықтан олар шикізатты өз елімізден емес, шет елден тасымалдауға мәжбүр.

"Қазақстандағы ірі компаниялардың бірінің басшысы өздеріне қажетті шикізаттың 70%-ын Бразилиядан тасымалдайтынын айтты. Шикізатты шет елден алдыру арзанға түседі екен. Ал қазақстандық шикізат қымбат әрі сапасыз", – дейді Данияр Қуанышқалиев.

Экономистің сөзінше, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, еліміздегі мал басының 80%-ы жеке адамдардың қорасында. Екіншіден, Қазақстанда сүт өнімдерінен дайындалатын тағам түрлерін шығаратын ірі компаниялар шағын және орта бизнес өкілдері мен жеке тұлғалар тапсыратын сүттің сапасынан секемденеді.

"Данон" компаниясының өкілі Дінмұхамбет Айсуатовтың айтуынша, кәсіпорын сүт шикізатын тек ірілендірілген шаруашылықтардан ғана сатып алады. Кәсіпорынның "ФудМастер", "Айран", "Адал" компаниялары сияқты мал жайылымын ұстап, өз-өздерін шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ.

"Бизнес субъектілерінің басым көпшілігінде өнім сапасын жақсартуға бағытталған бағдарлама да, технология да жоқ. Себебі олардың басым бөлігі 5-6 малдың басын қосып, жеке шаруашылық ретінде тіркеліп алған.  Олардың иелігіндегі малдың күтімі де күмән тудырады. Жекелеген ұсақ шаруалардың қарауындағы малға дер кезінде екпе жасауға немесе құнарлы мал азығын дайындап беруге мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан біз шикізатты тек ірілендірілген шаруашылықтардан ғана аламыз. Мұндай шаруашылықтардағы жағдай мамандардың бақылауында болады. Олардың қолында сауын сиырларға берілетін жем құрамы, екпе жұмыстарының қай кезде жүргізілгені туралы мәліметтердің бәрі бар. Біз сүт шикізатын тиісті құжат бойынша ғана қабылдаймыз", – деді Дінмұхамбет Айсуатов.

Кәсіпкер Әлібек Нығмашев Дінмұхамбет Айсуатовтың пікірін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, елімізде тіркелген, ет-сүт өнімдерін дайындайтын шағын кәсіпорындардың саны Ресейдің деңгейіне жетіпті. Сондықтан олардың басым бөлігі шикізаттың жетіспеушілігінен жұмыстарын тоқтатқан.

"Біз ендігі жерде іріленуіміз керек. Себебі ұсақ шаруашылықтарды басқарудың корпоративтік деңгейі және қаржылық бухгалтерлік есептері сын көтермейді. Алда экономиканы цифрлық жүйеге көшіру міндеті тұр. Бұл қымбат технология. Цифрлық жүйеге көшіруге жұмсалған мемлекет қаржысының 80%-ы тек іріленген шаруашылықтарға бағытталады. Біз күшті, қапиталды біріктіру арқылы ғана импорт өнімдеріне тосқауыл қойып, қазақстандық өнім белгісін жоғары сапаға көтере аламыз. Күш біріктірген шаруашылықтар уақыт өте келе шағын және орта бизнесті дамытып, банктік несиеге деген тәуелділіктің қыспағынан алып шығады", – деді Әлібек Нығмашев.

Кәсіпкер журналист Қарлығаш Еженова қазақстандық өнімдердің ақпарат құралдарында жарнамалануына тоқталды.

"Теледидарға қарасаң, "Данон"-ның тәтті сүзбесін, жарнаманы қажет етпейді деген пісте немесе Colgate тіс пастасын жарнамалаған роликтерден көз ашпайсың. Соған қарап шетелдіктер "қазақтардың осы үш өнім түрінен басқа өнімге сұранысы жоқ па?" деп ойлап қалуы әбден мүмкін ғой", – деді ол.

Жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнімдері қауымдастығының төрағасы Айжан Наурызғалиева жыл сайын кәсіпкерлер елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан "Алтын сапа" белгісін алатынын айта келіп, осыған байланысты өз ұсынысын жеткізді.  

"Мемлекеттің қаржысымен күн көріп отырған бұқаралық ақпарат құралдарының ұсынған жаңалықтары мен бағдарламалары олардың рейтингтік беделін плинтустан төмен түсіріп жіберді. Мен елбасының қолынан "Алтын сапа" белгісін алған кәсіпкерлер басқарып отырған өнеркәсіп, олардың шығарып отырған өнімдері жайлы бағдарламаны электронды БАҚ арқылы жарнамалауды ұсынамын. Шағын және орта бизнесті қалай дамыту қажеттігін алға тартатын түрлі жиындар емес, "Алтын сапа" белгісін алған кәсіпкердің жұмысын қалай жүргізіп отырғанына арналған 2 минуттық ролик әлдеқайда маңызды. Бұл ұсынысты кәсіпкерлердің мінберіне айналған Atameken Business телеарнасының басшылығы қолдайды деп үміттенемін", – деді Айжан Наурызғалиева.  

Сондай-ақ  мамандар қазақстандық өнімдердің ішкі нарықтың айналымына шығуына қолданыстағы заң және олардың бағасының аспандап кетуіне ортада жүрген делдалдар кедергі екенін жеткізді.

Заңгер Сергей Скрябин қолданыстағы заңдардың жиі өзгеретінін, заңдардың тұрақсыздығы алға жылжуға кедергі келтіретінін айтты. 

"Қазақстандық тауар өнімді өндірушіден дүкен сөресіне дейін бас аяғы сегіз делдалдың қолынан өтеді. Нарық заңы арадағы делдалды көлеңкелі бизнестің генераторына айналдырып үлгерді. Біз ендігі жерде кәсіпкерлер арасында жиі қолданатын "делдал" сөзінің құқықтық мәртебесін анықтап, олардың шекарасын шектемесек болмайды. "Делдал" сөзі біздің елде ресми түрде қылмыстық іс кодексінде ғана қолданылады", – деді Сергей Скрябин.

Оның сөзінше, қолданыстағы кәсіпкерлерга қатысты заңдарға делдалдың рөлі мен қызметін, сондай-ақ сыйақасының көлемін заңмен белгілеп алу қажет. Егер бұл ұсыныс қолдау тапса, Қазақстанда "делдал" деген айлық жалақысы заңмен белгіленетін жаңа мамандық пайда болуы әбден мүмкін.

"Қазақстандық өнімдердің бағасына әсер ететін бірден-бір фактор делдалдардың көлеңкелі экономикаға қызмет етуі. Оларды заңдастырсақ, делдалдардың көлеңкелі жолмен алып жүрген сыйақылары жарыққа шығып, қоғамдық институттардың дамуына жұмсалар еді", – деп түйді ойын Сергей Скрябин.   

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу