Шағын кәсіптің кірісін көлеңкеден шығару қажет – Олжас Құдайбергенов

14150

Экономист Олжас Құдайбергенов шағын және микробизнесті салықтан босату шарасы бюджетті қаншалықты ортайтатынын айтты.

Шағын кәсіптің кірісін көлеңкеден шығару қажет – Олжас Құдайбергенов

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Үкіметке микро және шағын бизнес нысандарын табыс салығы мен тексерулерден босатқаны белгілі.

Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры, экономист Олжас Құдайбергенов Мемлекет басшысының өзі бастамашы болған айтулы жеңілдіктердің жеке кәсіпкерлер мен ел экономикасына әсері турасында inbusiness.kz ақпараттық порталында пікірімен бөлісті.

"Микро және шағын бизнес субъектілерін үш жылға табыс салығынан босатудың пайдалы жағын айтар болсам, бұл әрине біріншіден жеке кәсіпкерлердің салық жүктемесін азайтады.  Әсіресе жеңілдетілген форматта жұмыс істейтін микро және шағын кәсіппен айналысушы азаматтар үшін көп жеңілдіктер береді. Қазір олар 3% төлесе, бұдан кейін тек 1,5% ғана төлейтін болады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл норма өзбек бастамасымен де сәйкес келеді. Өзбекстанда шағын және микро бизнес табыс салығынан босатылған", – деді экономист.

Олжас Құдайбергенов салықтық жеңілдіктерге оң көзқарасын білдіре отырып, кәсіпкерлер жалақысын шынайы көрсетіп, "көлеңкеден" шығаруы қажеттігін айтты:

"Президент жеңілдік алған кәсіпкерлердің адалдығы мен заңға бағынатындығына сенім білдірді. Дегенмен, кәсіпкерлердің сенімді ақтайтындығына күмән білдірушілер де кездеседі. Олардың айтуынша, тексерістің болмауынан көлеңкелі бизнес белең алып, шағын және микро кәсіп өкілдері өз жауапкершіліктеріне атүсті қарауы мүмкін. Менің ойымша, тексеруге тыйым салынса, "көлеңкелі экономика қаулап кетеді" деп қауіптенуге негіз жоқ. Керісінше, осындай шаралар шағын және микро бизнестің көлеңкеден шығып, ашығырақ жұмыс істеуіне ықпал етеді. Тағы бір айта кетерлігі, шағын кәсіпкерлердің жалақысын көлеңкеден шығару қажет. Ол үшін еңбекақы төлеу қорының салықтарына біраз өзгерістер енгізу керек болады".

Экономист микро және шағын бизнес компаниялары табыс салығынан үш жылға босату мемлекет бюджетіне қалай әсер ететіні туралы болжамын айтты.

"Табыс салығынан босатудың ел бюджетіне кері әсер ету мүмкіндігі туралы айтар болсам, әртүрлі бағалаулар бойынша кірістердің төмендеуі 100-200 млрд. теңге аралығында болады, бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 1-2%-ын құрайды, сол себепті бюджет үшін аса үлкен ауыртпалық әкелмейді",- деді сарапшы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу