Осыдан 9 жыл бұрын іске қосылған "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасатын болды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің мәлімдеуінше, жаңа редакциядағы жол картасы тамыз айында қабылданады. Құжатта кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсетудің жетілдірілген механизмі көрініс табады.
"Алдымызда экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 2025 жылы 35%-ға, 2050 жылы 50%-ға жеткізу міндеті тұр. Осыған орай қолданысқа "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасын енгізу жоспарланған. Бұған дейін жұмыс тобы құрылып, бағдарламаның тұжырымдамасы талқыланды. Ұсыныстар қабылданып, қате-кемшіліктер түзетілді. Қазір бағдарлама қайта қаралып жатыр. Құжат екі айдан кейін қолданысқа беріледі", – деді министр.
Оның сөзінше, "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасы бұдан былай жобаларды өнімділік көрсеткіші мен бәсекеге қабілеттілігіне қарай іріктейді және қолдайды.
"Тиімділігі төмен кәсіпорындар тізімнен алынады. Өз кезегінде бұл нақты экономикалық көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді және бюджет қаражатының үнемделуі мен бәсекелестіктің артуына ықпал етеді", – деді Руслан Дәленов.
Министрдің айтуынша, жаңа жол картасы аясында несиелендіру көлемі артады.
"Айналымдағы қаражатты несиелендіру 20 млн-нан 60 млн-ға, ал кепілдендірілген несие көлемі 85%-ға дейін өседі. Бағдарламаға микроқаржылық ұйымдар шақырылады", – деді ол.
Оның сөзінше, облигациялардың купондық мөлшерлемесін субсидиялау тәсілі жаңғырады. Франшиза алуға және қайта қаржыландыруға бағытталған несиенің көлемі көбейеді. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған мемлекеттік грант 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге ұлғаяды.
"Қазақстан DoingBusiness халықаралық рейтингінде 28- орында тұр. Көрсеткішті жақсарту үшін халықаралық саудадағы үлесімізді арттыруымыз керек. Бұл үшін мемлекеттің экономикаға араласуын қысқартып, кәсіпорындарды жекешелендіруді жалғастыра беру қажет", – деді министр.
Қолданыстағы "Бизнестің жол картасы - 2020" мемлекеттік бағдарламасы жайлы әркім әртүрлі айтады. Мемлекеттік орган өкілдері аталмыш бағдарлама міндетін толық атқарып отыр десе, экономистер мен тәуелсіз сарапшылар керісінше, бағдарлама жоспарланған экономикалық индикаторларға жете алмады дейді.
Мысалы ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов 2015 жылдан бері республикалық бюджеттен "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасына 247,1 млрд теңге бөлінгенін, нәтижесінде шағын және орта бизнестің 13 380 субъектісі қаржыландырылғанын, жыл сайын 20 мың кәсіпкер оқытылып, 10 мың жұмыс орны ашылып жатқанын айтты.
"Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері 3,3 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Қазынаға 175 млрд теңге салық төленді. Бюджеттен бөлінген қаражаттың 126 млрд теңгесі несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталды. 53 млрд теңгесі фабрикаларға, зауыттарға және шағын және орта бизнеске инфрақұрылым тартуға жұмсалды. Қалған қаржы несиелерді кепілдендіруге, грант ұсынуға, кәсіпкерлерді оқытуға шығындалды", – деді вице-министр.
Оның сөзінше, бағдарлама шағын және орта бизнестің экономикадағы рөлінің артуына ықпал етті.
"2015 жылы жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 24,9%-ды құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 28,3%-ға жетті. Былтыр шағын және орта бизнестің өнім өндіру көлемі 26 трлн теңгеден асты", – деді Ермек Алпысов.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы бойынша 2019 жылдың І тоқсанында 715 жобаға қолдау көрсетілді.
"Жергілікті атқарушы органдар жылдың екінші жартысында грант тағайындай бастайды. Биыл 15 инфрақұрылымдық жобаға 7,3 млрд теңге қарастырылған. 2019 жылдың І тоқсанында 6 135 кәсіпкер бизнес-мектептерде кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алды. Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 19,5 мың клинетке 36 мыңнан астам кеңес берілді. Ал 7 мың кәсіпкерге 8 мыңға жуық сервистік қызмет көрсетілді", – деді Ермек Алпысов. Ал "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы мақсатын толық орындаған жоқ деп санайды.
"Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы ұлттық экономикаға, кәсіпкерлікке ерекше серпін берді деп айта алмаймын. Бағдарлама нысаналы индикаторларын толық орындаған жоқ. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспорттың көрсеткіші көбеймеді. Бағдарлама жақсы болғанмен орындалысы, жүзеге асырылуы ойдағыдай болмады", – деді директор.
Абылай Бейбарыс